Батысқазақстандық IT-сынып жетекшілері білімін жетілдірді

/uploads/thumbnail/20180824095727462_small.png

Батыс Қазақстан облысында үш жылдың ішінде 45 ІТ-сынып ашу көзделсе, алғашқы 15-і биылғы оқу жылында пайдалануға берілмек. Жаңа оқу жылы қарсаңында Орал қаласындағы үш білім ордасында және әр аудан орталығында ашатын мұндай сыныптарды жабдықтауға облыстық бюджеттен 49 млн. 800 мың теңге қаржы бөлініп, қажетті мамандардың білімін жетілдіру курсы ұйымдастырылды.

Жуырда Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ базасында Астана қаласындағы «STEM» академиясының ғылыми қызметкерлері қалалық және аудандық мектептердің отыздан астам мұғаліміне оқушылардың техникалық пәндерге деген қызығушылығын ояту тәсілдерін, роботтехника және 3D модельдеу негіздерін үйретті.

– Курсқа қатысушылардың білім деңгейі әр түрлі болды. Сондықтан әр мұғалімге жеке-жеке көңіл бөлуге тырыстық. Жалпы алғанда, жергілікті мамандардың көпшілігі Pascal бағдарламалау тілін қолданады екен. Қазіргі таңда бұл жүйе біраз ескірді, оның орнын заманауи Stretch тілі алмастыра бастады. Мұнда балалар қызықты мультфильм қарап отырып, қажетті ақпаратқа қанығады. Сонымен қатар 3D модельдеуде нысандарды құрастыруға және өңдеуге арналған AutoDesk бағдарламасында кезең-кезеңімен жұмыс істеуді үйреттік, – дейді «STEM» академиясының ғылыми қызметкері Әділ Аяпберген.

Шыңғырлау ауданындағы Л. Қлышев атындағы ЖББОМ информатика және роботтехника пәнінің мұғалімі Марат Жұмағалиевтің айтуынша, ауыл балаларының роботтехникаға, соның ішінде лего құрастыруға қызығушылығы жоғары. Жас ұстаздың ойынша роботтехника пәні мектеп пәндерінің арасында ең үздік төрттікке еніп үлгерген. ІТ саласындағы заманауи бағдарламалар мен кең сұранысқа ие өнімдер туралы жаңалықты оқушыларға сапалы әрі уақтылы ұсыну үшін ең алдымен пән мұғалімі мықты, білімді болуы керек. Осы орайда «Нұр Отан» партиясының бастамасымен іске асқан оқыту курсының пайдасы орасан зор.

Жәнібек ауылындағы Т. Жароков атындағы ЖББОМ физика-информатика пәнінің мұғалімі Мақсат Өтепбергенов күнделікті қолданып жүрген EV3 негізгі жинағына қоса, Arduino аппаратты есептеуіш платформасы туралы білімін жетілдіргеніне қуанышты. «Ендігі мақсат білгеніммен бөлісу, шалғай ауылдардағы балалардың қызығушылығын оятып, роботтехникамен айналысуына жағдай туғызу» дейді ол.

IT-сынып жетекшілері білім жетілдіру курсынан өткен соң «STEM» жүйесі бойынша оқу курсынан өткендігін растайтын сертификаттарға ие болды.

Оставить комментарий

Связанные Статьи