Оралда «Өлкетану» оқулығының таныстырылымы өтті

/uploads/thumbnail/20180824112452724_small.jpg

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Президенті әкімшілігі әр өлкенің тарихын қамтитын «Өлкетану» оқулығын дайындауды тапсырды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық академиясы 5-7 сыныптарға арналған «Өлкетану» курсының оқу бағдарламасын әзірледі. Жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес әр өңірдің өз оқулығы дайындалды. Батыс Қазақстан облысында да бұл оқулықты құрастыруға жоғары оқу орындарының ғалымдары, тарихшылар, өлкетанушылар, тәжірибелі педагогтер, әдіскерлер тартылып, сараптау комиссиясы жұмыс жасады.

– 5-7 сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығы өскелең ұрпақ туған өлке тарихын, мәдениетін, тарихи тұлғаларын, тарихи-мәдени ошақтарын біліп, көріп, санасына сіңіріп өссін деген мақсатпен жасақталды. Бірнеше рет мемлекеттік деңгейде сараптамадан өткізілді. Ескертпелерімен қайтып та келді, қайтадан жұмыстанып, комиссия отырысында талқыға түсіп, енді баспаға жіберілгелі тұр. Кез-келген дүниені жаңартып, жаңғыртып отыру заман талабы. Бірақ тарихи фактілер, тарихи-мәдени ескерткіштеріміз өзгермейді. Ал ғылыми ізденістер арқылы қосымша ақпарат пайда болса, оны қосуға дайынбыз. Сондықтан бұл оқулық та қатып қалған дүние емес, әлі талай толықтырылады, - деді облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарованың айтуынша, оқулық 34 мыңнан астам данамен «Арман-ПВ» баспасынан басылып шығады. Төрт пән - қазақ тілі мен әдебиеті, география, музыка, Қазақстан тарихы пәндеріне кіріктіріліп оқытылады. Оқу жүктемесінің көлемі – 20 сағат деп белгіленіп отыр.

БҚО

– Шағын кітапқа батыс аймақтың мектепте оқылып жүрген тарихына енбеген, енсе де аз берілген мәліметтерді толықтырып, баланы ойландыратындай материалдарды жинап, басын біріктіріп шығару - үлкен жұмыс. Сол қыруар жұмыстың куәсі болдым. Сын да айтылды, пікірталас та болды. 202 беттік кітапқа бүкіл Батыс Қазақстан облысының өңірлік тарихын сыйғызу, оны 6-7 сыныптың баласына түсінікті қылып қалай береміз деген ой толғандырды. Қадыр ақын «Бұрынғының балалары ата-анасына тартып туатын еді, қазіргінің баласы заманына тартып туады» дейді ғой. Сол заманына тартып туған балаға заманның зымыран ағысынан озатын ой салатын оқулық жазуымыз керек болды. Міне, осы бағыттағы жұмыс басталды. Білім саласындағы талай өзгеріс, жаңалық елге жетіп жатыр ғой. Соның ішінде баланы ұлтжандылыққа, елжандылыққа, өзінің туған өлкесіне қызығушылыққа жетелейтін сәтті бастама осы оқулықты жазу деп есептеймін. Кітап балалардың қажетіне жарасын, тарихын тануға, өлкенің

өрнектерін өмірге сіңіруге сеп болсын, - деді айтыскер-ақын, тіл жанашыры, оқулықтың сараптау кеңесінің мүшесі Шолпан Қыдырниязова.

Өлке тарихының ең басты деректерін қамтыған оқулық 2018-2019 оқу жылында шәкірт қолына тиеді.

Оставить комментарий

Связанные Статьи