Ақтөбеде SMART мектептер пайда болмақ

/uploads/thumbnail/20180926101851294_small.jpg

Ақтөбе облысында 57 мектепке дейінгі ұйымда балаларды электронды түрде қабылдау жүйесі енгізілсе, облыс мектептерінің 91,7 пайызында электронды күнделік пен журнал жұмыс жасап тұр.

Өңірде «Электронды колледж» пилоттық жобасын енгізу жұмыстары да басталған. Ақтөбе облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлыны Ақтөбедегі 44 колледждің цифрландырылатынын айтты.

— Ақтөбеде Smart мектеп пилоттық жобасы дайындалуда. Аталған жоба қала мектептеріне енгізілсе, ата-аналарға балаларының барлық қадамдарын қадағалап отыруларына мүмкіндік туады. Сонымен қатар олар, оқушылардың мектептен тыс жұмыстарын да бақылап отыра алады, — деді Smart мектептердің артықшылығын айтқан басқарма басшысы. Және ол жобалар таныстырылымы барысында облыс мектептеріндегі электронды жүйені барынша дамытып, балаларға арнайы бірыңғай оқушы картасын беруді жоспарлап отырғандарын айтты.

— Бұл өте тиімді әдіс. Сол карта арқылы балалар қоғамдық көліктерде жолақысын төлеп, асханада есептесетін болады. Және мектепке кіруі де, кітапхана қызметін пайдаланулары да сол арқылы жүргізіледі, — дейді Ермек Кенжеханұлы.

Сондай-ақ ол мектептен тыс үйірмелердің бірыңғай жүйесі де енгізілетіндігін хабарлады. Ал денсаулық саласы бойынша Ақтөбе облысының емханалары 91,3 пайызы цифрландырылған. Жыл аяғына дейін қалған 4 медициналық мекеме де толықтай жаңа жүйеге көшірілетін болады.

— Бұл саладағы басты мақсат — бірнеше жобаны бір жүйеге тоғыстырып, бір желіде ақпарат жеткізу. Денсаулық саласын цифрландыру емханаларда кезек күтуді азайтып, адамдардың құжат тасуын жояды. Сонымен қатар келушілер үшін арнайы күту залын жасақтауға мүмкіндік тудырады. Тағы бір айта кететін жайт, бұл ретте рентген қорытындысы да электронды түрде жасақталып, олардың суреттері сақталатын арнайы бірыңғай база құрылады, — деді ол.

Бүгінгі таңда облыста денсаулық сақтау саласындағы 121 медициналық форманың 38-і электронды түрде жүзеге асырылып жатыр.

Өңірде көлік және коммуникация саласын цифрландыру бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде қаладағы 350 автобуста GPS-трекерлер орнатылып, «AktobeBUS» мобильді қосымшасы іске қосылған. Аталған қосымшаны кез келген қоғамдық көлікпен жүретін қала тұрғыны Play marketнемес Аpp Store қосымшалары арқылы жүктеп алып, автобус бағыттары мен қозғалыстарын бақылап отыра алады.

— Қазіргі таңда қаладағы барлық қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесі енгізіліп, қолма-қол төлем жасау жүйесін жою қарастырылып жатыр. Бүгінгі таңда аталған жүйе бойынша Алматы, Астана қалаларындағы қоғамдық көліктер жұмыс жасауда. Қазір олардың жобаларын бақылап, өңір бойынша өзіміз жоба әзірледік, — деді басқарма басшысы.

Связанные Статьи