Еліміз егемендік алғалы медицина саласы қарқынды дами бастады. Әсіресе жоғары мамандандырылған медициналық көмек белсенді түрде дамуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын шекара асып жасалып жүрген күрделі оталар өз Отанымызда да жасалуы осының бір айғағы іспеттес. Жақында Ақтөбе облысында бүйрек трансплантациялаудың кезекті операциясы жүргізіліп, онда науқастың өз қарындасы донор болды. Осылайша, ол ағасына екінші өмір сыйлады. Бұл Ақтөбе өңіріндегі елуінші операция болғандықтан, дәрігерлердің арнайы есебіне алынды. Соңғы жылдары ақтөбелік дәрігерлер бүйректі трансплантациялау бойынша 38 операция, бауырды трансплантациялау бойынша 12 операция жасады.
Ақтөбе облысында 2014 жылдан бастап енгізілген органдарды трансплантациялау бағдарламасы табысты орындалуда. Осы уақыт ішінде органды трансплантациялаудың барлық мәселелері бойынша халыққа көмек көрсететін барлық қызмет құрылды. Ақтөбе медициналық кластері базасында бүйректі трансплантациялау бойынша өздігінше операциялар қазіргі заманғы барлық стандарттарға сәйкес келеді. Көп жағдайда науқастың туыстары донор болады.
Ақтөбе медициналық кластері трансплантациялауды одан әрі дамыту бойынша белсенді жұмыс жасауда. Басты мақсат — бүкіл Батыс өңірінің тұрғындары үшін органдарды трансплантациялауды жүзеге асыру, республикамыздың тұрғындарының денсаулығын жақсарту.
Осы орайда айта кетсек, Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес денсаулық сақтау ұйымы мәйіттен ағзаларды алу сәтінде аталмыш тұлғаның тірі кезінде немесе оның жұбайы, зайыбы, жақын туыстары немесе заңды өкілі оның тіндері мен ағзаларын алуға келісім бермесе, онда алуға болмайды. Басқаша айтқанда, мемлекеттің барлық азаматы қаза тапқаннан кейін донор ретінде қаралады, бірақ тікелей келіспеген жағдайларды қоспағанда. Ал адамның ағзаларын мәжбүрлі түрде алуға және оларды ауыстырып қондыруға тыйым салынады және заң бойынша қудаланады. Оған себеп, тек біздің елімізде емес, әлемнің барлық елінде адамның ағзасын сатып алуға және сатуға заң жүзімен тыйым салынған болатын.