Ақтөбеге әлемнің 120-дан аса көрнекті ғалымдары жиналды

/uploads/thumbnail/20181120120440770_small.jpg

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиясы – аймақтық дамудың драйвері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстанның аймақтарын дамыту бойынша стратегиясының маңызын көрсету; шетелдік және отандық сарапшылар қоғамдастығының пікірін талқылау үдерісінде аймақтық сәтті дамудың факторы ретінде Батыс Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік-саяси, рухани-мәдени әлеуетін дамыту туралы білімді кеңейту.

Конференция жұмысына әлемнің 15 мемлекетінен, соның ішінде ҚХР, Оңтүстік Корея, Түркия Республикасы, Индия Республикасы, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен, сонымен қатар, Қазақстанның жиырма жоғары оқу орнынан келген 126 ғалым қатысты.

- Ақтөбеде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен өркендеуіндегі рөлі туралы конференция өткізу біз үшін үлкен қуаныш әрі құрмет. Жуырда біз Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығын атап өтеміз. Қазақстан осындай қысқа тарихи кезең ішінде Ұлт көшбасшысының дана саясатының арқасында бүкіл әлемге танылды. Конференцияға қатысушылардың барлығы өздері үшін жаңа дүниелерді ашады деп сенемін. Шынында, пікір алмасу, пікірталастар мен диалог барысында жақсы идеялар пайда болады, - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сәлемдесу сөзінде.

Өңір басшысы сондай-ақ, ақтөбелік жастарды ұлттық салт-дәстүрді сақтап, заманауи жоғары білім алуға, бәсекелестікке қабілетті маман және Отанының патриоты болуға шақырды.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында өткізілді. Жоба бойынша ауқымды ғылыми-білім беру және мәдени-ағарту шаралары, сонымен қатар Ақтөбе облысы бойынша көшпелі экскурсиялар ұйымдастырылады. Жоба Елбасы кітапханасының жинақтарынан ұсынылған қор көрмесіне негізделген. Көрме 14 қарашадан бастап Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жаңа ғимаратында экспонатталуда. Ақтөбе тұрғындары мен қонақтары 2019 жылғы ақпан айының соңына дейін көрмені тегін тамашалай алады.

Связанные Статьи