"Орамал тақсам да, жүгіре беремін..."

/uploads/thumbnail/20190405100708529_small.png

Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласының бойжеткендері діни ұстанымдарына қарамастан, кәсіптерінде жетістіктерге қол жеткізуде. Орамал таққан әйелдердің көбі түрлі мамандықтардан көрініп, қалыптасып қалған жаңсақ пікірлерді теріске шығарып жүр: жоғары білім алып, спортпен айналысып, тіпті зергерлік істі де меңгерген. Qamshy.kz ақпарат агенттігі CABAR.asia порталында жарық көрген сараптамалық материалын назарларыңызға ұсынады.

Азимкан Маликова, жеңілатлетші, Ош Мемлекеттік педагогикалық институтының 3–курс студенті:

– Орамал таға бастағаныма ата–анам қарсы болмады. Бірге оқитын таныстар: сені мұншама өзгерткен не? – деп таңданды. Дене шынықтыру пәнінен беретін мұғалімім: «Хиджабты неге кидің? Сен жақсы жүгіресің ғой, алдыңда қаншама жетістік күтіп тұр еді», деп сұрады. Мен орамал тақсам да, жүгіруді тастамайтынымды, жеңіл атлетикамен ары қарай айналысатынымды айттым.

Адамдар орамал таққан менің спортпен айналысып жатқанымды көрсе әрқалай реакция білдіреді. Кейбіреулері жақсы қабылдайды. Ал басқалары хиджаб киген екенсің, үйде отырмайсың ба деп кейіп жатады. Бірақ мен мұндай пікірлерге үйреніп кеттім. Адам ең алдымен өзі үшін адал болуы керек деп санаймын.

Менен басқа да орамал таққан қыздар бар, мұнда намаз оқуға барлық жағдай жасалған. Былтыр біздің команда Бішкектегі жоғары оқу орындары арасындағы жарысқа қатысқан еді, біз онда бірінші лига кубогын жеңіп алып, жоғарғы лигаға өттік, онда биылдан бастап ойнаймыз.

Атлетика сөзбен ғана жеңіл деп аталады, ал шын мәнінде бұл өте үлкен қажырлық пен еңбекті талап ететін спорт түрі.

Қырғызстанда мектептерде, жоғары оқу орындарында немесе мемлекеттік мекемелерде хиджаб киюге ресми түрде тиым салынбаған. Дегенмен, орамал таққан оқушы қыз балалар мен мұғалімдер кемсітушілік пен түсінбеушілікке тап болатын жағдайлар ара–тұра кездесіп тұрады.

Қалай болған күнде де, жақында ғана Исламтану институты жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, жастардың ойынша, Қырғызстандағы діни бостандық пен мұсылман халыққа жасалған жағдайы басқа Орталық Азия елдердегінен әлдеқайда жақсы.

Шайыргүл Зулкупарова, үш баланың анасы, жоғары санатты стоматолог–дәрігер, 19 жылдық тәжірибесі бар. Ош қаласындағы №2 стоматологиялық клиникасында жұмыс істейді.

— 2015 жылы әпкем ауыр сырқатқа шалдықты, Үндістанға апарып ота жасату қажет еді. Барлығы сәтімен өтіп, аман оралдық. Бұл ел өте діндар екен.

Ота жасалған клиникада істейтін өте танымал дәрігер өз дінін ұстанады. Басына сәлдесін орап жатқанын көрген бойда, кенет ойға қалдым. Мен өзі неғылған мұсылманмын? – деп өзімнен сұрай бердім.

Үндістаннан қайтып келген соң, басымды жабуға бел будым. Оңай болмады. Ол кезде Ошта орамал тағатын әйелдер бірен–саран ғана еді.

Күйеуім шешіміме түсіністікпен қарады, балаларым да. Бірақ жұмысқа келгенімде әріптестерімнің түсінбеушілігіне тап болдым. Кейбіреулері: «Бес уақыт намаз оқитыныңды аңғарту үшін орамал тақтың» деп те айтты. Мен мұнымның әлденені көрсету емес, Алланың қалауы деп түсіндіруге тырыстым.

Жұмыс кезінде пациенттерімнен намаз оқып алуға мұрсат беруін өтінемін. Әдетте олар қарсылық білдірмей, құрмет пен түсінушілік танытады, кейде: бәрін қалай үлгересіз? – деп те сұрайды.

Орамал тағу – жауапкершілік, соған лайық болуға тырысасың. Әлдебір әрекеттерің басқаға зиянын тигізбесе екен деп айбайлай бастайсың.

2016 жылы Дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссия жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне сәйкес, әрбір үшінші қырғызстандық хиджап кеген әйелдерге оң көзқарас білдіреді.

Орозгүл Кочконова, Ош қаласындағы аксессуарлар дүкенінің иесі, ағылшын тілін үйретуші, екі баланың анасы:

— Хиджаб кие бастағаныма дейін ұзақ уақыт бойы мен өзіммен мешітте намаз оқитын киімімді алып жүретін едім. Үш күндік дағуат (уағыз – ред. еск.) тыңдаған соң, орамал тағамын деп шештім.

Қыздарым таң қалды, ал туыстарым бұл шешіміме риза болды. Бас кезінде орамалды байлау қиынға соқты, көп уақытым кететін, бірақ қазір үйреніп алдым, жеңіл.

Әшекей жасау – менің сүйікті ісім. Ешкімнен өнер оқып–үйренбедім, бұл анамнан дарыған қабілет деп ойлаймын.

Қазір мен қолөнер және әшекей жасау курстарын жүргіземін, әшекей бұйым жасауды 30–дан астам адам менен үйреніп шықты. Менде оқитындардың басым көпшілігі – үйде отырып табыс табатын орамал таққан қыз–келіншектер. Кейде бұйымдарды өзім жасап үлгермей жатқан болсам, тапсырысты соларға беремін.

Ал хиджаб кигендіктен түсініспеушілік немесе жағымсыз қатынасты ешқашан кезіктірген емеспін.

Оставить комментарий

Связанные Статьи