Таразда қоныстой көбейді

/uploads/thumbnail/20190527161137977_small.jpg

Елбасы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек» деп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуді шегелеп тапсырған болатын. Тұңғыш президент өзінің «Бес әлеуметтік бастамасында» да баспанамен қамтуға баса көңіл бөлгені белгілі.

Осындай қадау-қадау міндеттер Жамбыл облысында лайықты жүзеге асуда. Әсіресе,   «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының тигізіп жатқан шарапаты мол. Соның жарқын дәлеліндей болып  Тараз қаласы «Бәйтерек» ықшамауданында 60 пәтерлі арендалық-коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілді. Қоныстой иелерінің қуанышымен бөліскен облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев оларға пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыс етті.

– Облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биылғы жылға 30 тұрғын үйдің құрылысына 12 миллиард теңгеден астам қаржы қаралды. Бүгінде құрылыс жұмыстары қызу қарқын алып, соның нәтижесінде 60 отбасының баспанамен қамтылу қуанышына ортақтасып отырмыз. Бұдан бөлек, осы жылдың соңына дейін 30 тұрғын үйдің 28-і пайдалануға беріледі деп күтілуде. Соның есебінен жұртшылыққа 2 175 пәтер тапсырылмақшы. Өңірімізде 25 мың адам үй кезегінде тұрса, оның 14 мыңнан астамы тұрғын үйге өте мұқтаж азаматтар. Оның ішінде 2 641-і көпбалалы отбасы санатында. Бюджет тапшылығына қарамастан, баспана мәселесін шешу мақсатында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен 360 пәтерлі 8 жатақхананың құрылысы жаз айында қолға алынатын болды. Ол жатақханалар  әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға беріледі. Жалпы, жыл аяғына дейін осы тектес жаңадан салынатын жатақханалар есебінен тұрғын үй кезегі келгенше азаматтарды жайлы  баспанамен қамту мақсатында жұрт 612 пәтермен қамтылады деп күтілуде, – деді Еркебұлан Әбілханұлы.

Мамыр мерекесінде қос қуанышқа қатар кенелгендер негізінен тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ өкілдері. Жаңа көпқабатты тұрғын үй әлеуметтік жағынан қорғалатын топтардың азаматтарына жекешелендіру құқығынсыз берілген. Олар айма-ай жалға берілген пәтерге төлейтін 5-6 мың теңге төлемақыны үлкен көмек деп отыр.

Жалпы, қонысты құтқа балағандардың қатарында 17-сі мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкері болса, 31-і әлеуметтік жағынан қорғалғандар, 12-сі жетім балалар.

Аталған тұрғын үй құрылысын мердігер «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіпті. Ондағы пәтерлердің 30-ы 71 шаршы метрді құрайтын 3 бөлмелі болса, қалғаны 1,2 бөлмелі пәтерлер.

Алдағы уақытта пайдалануға берілетін 1 460 пәтерлі 21 үй кредиттік болса, 526 пәтерлі 7 үй арендалық негізде салынбақ. Оның ішінде 187 пәтер кезектегі көпбалалы отбасылардың сатып алуы үшін жоспарланған.

Бақыт Жалғас

Оставить комментарий

Связанные Статьи