"Белгілі алты Алашқа жазған хатым"

/uploads/thumbnail/20170708151010134_small.jpg

2013 жылдың 24 мамыр күні сағат 10.00-16.00-де Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» рухани-мәдени даму иниституты мен «Жас азамат» жастар ұйымының ұйытқы болуымен Таңжарық Жолдыұлының дүниеге келгеніне 110 жыл толуына орай «Алаш идеясы және Таңжарық Жолдыұлы мұрасы» атты халқаралық ғылми тажірибелік конференция және ақын шығармашылығынан «Белгілі алты алашқа жазған хатым» атты әдеби-сазды кеш өтеді. Таңжарық – халқына лирика, толғау, мысал өлеңдер, дастан, қисса, айтыс өлеңдерден тұратын отыз мың жолдай мұра қалдырған ақын, ағартушы, сазгер. Халқын теңдікке, азаттықа жекізу үшін жан аямай күрескен қоғам қайраткері. Сонымен бірге Қытай қазақтарындағы тұңғыш баспасөз саналатын «Іле өзені» газетінің шығарушысы һәм «Шұға» пьесасын сахналаған алғашқы театр ұйымдастырушысы. Жазушы Қалдарбек Найманбаевтың сөзімен айтқанда «Абайдың, Ахмет, Шәкәрім, Міржақып, Мағжандардың Қытайдағы қазақ бауырлар арасынан көктеген рухани жалғасы, салалы бұтағы. Қытайдағы қазақтардың жазба әдебеитінің негізін қаласып, көш бастаған аймүйіз серкесі». 1903 жылы Іле алқабындағы Күнес топырағында дүниеге келген ол алғашқы білімді ауылындағы шығыс мәдениеті мен ислам құндылықтарының білгірі және қазақтың ескі әдебиет үлгілеріне жетік Мыңбай молдадан алады. Таңжарықтың азаматтық көзқарасының қалыптасуына бүкіл Қытай қазақтарына беделді Сасан ауылына үзбей келіп тұрған «Қазақ», «Айқап» басылымдарын оқып ержетуі де үлкен ықпал жасады. Жолдыұлының араб, парсы мәдениетімен қоса қытай тілі мен әдебиетін де меңгеріп, білім көкжиегінің кеңейе түсуіне «Күре шуетаңы» аталатын сол тұста Іледегі ең іргелі жоғары оқу орнында тәлім алуы да айтарлықтай әсерін тигізді. Ат жалын тартып мінген ол 1923 жылы Қазақстан топырағына табан тірейді. Мұнда орыс-қазақ мектебінде білім алып, елдің жағдайымен танысады. Осы сапарында Қарқара өңірінің Қойдым атты әйгілі ақын қызымен айтысып, қазақ ауыз әдебиетіндегі айтыстың тамаша үлгілерінің бірін жасады. Ілім-білімге сусындап қайтқан ол Қытай қазақтарындағы кенже қалған мәдени-ағарту ісіне белсене кіріседі. Газет шығарып, театр ісін жолға қояды. Мектептер ашылуына ұйтқы болып, оқытушылық ісіне де жігерін жұмсайды. «Қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйышмасының» белді ұйымдастырушыларының бірі болған Таңжарық Қытай асқан Алашорда қайраткерлері Райымжан Мәрсеков, Ыбырайым Жайнақовтармен тізе қосып, Қытай отаршылдығына қарсы құпия күрестер жүргізді. Алаш идеясын ел жүрегіне терең ұялатуға қайрат-күшін сарп етті. Елшілдік, ұлтшылдық күрескерлігінен сескенген отаршыл Қытай үкіметі 1940 жылы оны екінші мәрте тұтқынға алады. Ақын түрмедегі жан төзгісіз қорлық пен жүйкесін шабақтаған құқайға сағын сындырмай, рухы тасқындаған мәңгі өлмес туындыларының басым бөлігін түрмеде жазды. 44 жыл өмір сүрген Таңжарық Жолдыұлы Шығыс Түркістан Ұлттық үкіметі мен Қытай билігі арасындағы 11 тармақты келісімге сай түрмеден босап шыққанымен, жарты жылға жетер-жетпес өмір сүріп, 1947 жылы дүниеден озды. Іс-шараның мақсаты алашорда қайраткерлерінен ұрпаққа аманат болып жеткен ұлтшылдық, елшілдік өнегенің жарқын үлгісі Таңжарық Жолдыұлының рухани мұраларын зерттеп, саяи күрескерлігін жас ұрпақ зердесіне ұялату. Конференция мен әдеби сазды кешке белгілі алаштанушы, таңжарықтанушы ғалымдар, мәдениет-қоғам қайраткерлері, шетелдегі, еліміздегі ресми ұйым өкілдері, қоғамдық ұйым өкілдері, сондай-ақ, зиялы қауым мен студент жастар қатысады. Конференция қортындысы бойынша арнайы қарар қабылданып, оқылған баяндамалар мен ұсынылған материялдар негізінде жинақ құрастырылады деп жоспарланып отыр. Жинаққа Таңжарықтану мәселелері бойынша зерттеулер мен мақалалар, өлеңдер қабылданады. Шығармалар мен ұсыныс пікірлеріңізді төмендегі көрсетілген електронды адреске жолдауларыңызға болады. Таnjarikalash@gmail.com Ұйымдастырушы: Л. Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» рухани-мәдени даму иниституты, «Жас азамат» жастар ұйымы Өтетін уақыты: 24 мамыр, 2013 ж. Өтетін орны: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлеуметтік ғылымдар факульетінің акт залы (Астана, Янушкевич көшесі, 6 үй)

 

Оставить комментарий

Связанные Статьи