Елбасы өзінің әрбір Жолдауында тұрғындардың тұрмысын түзеп, әлеуметтің әлеуетін арттыруды айрықша айтып келді. Бұл бағытта жанданған мемлекеттік бағдарламалар да аз емес. Ал күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт көшбасшысының срабдал саясатын жалғап, егеменді елімізді кемел келешекке жетелейтін нақты бес басым бағытын айтты, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Шындығы керек, бүгінде Жамбыл облысында тұрғындарды көгілдір отынмен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бір ғана Шу ауданында бірер жылдың бедерінде қолға алынып келе жатқан газ құбырларын тарту жобасы талай жұртшылықтың алғысын алды. Сондай-ақ Төле би ауылы сынды елді мекендегі халықтың өзі көгілдір отынға қол жеткізіп, қуаныштарында шек болмады. Осы сынды өзге аудандарда да жанданып жатқан жобалар аз емес. Оның бір парасы Талас ауданында көрініс табуда.
Атап айтсақ, аудандағы 24 елді мекенің Қаратау қаласы мен 14 ауылдық елді мекеніне газ құбыры тартылған. Жалпы елді мекен санының 62,5 пайызын құрайды.
Жалпы газ құбыры тартылған 14 елді мекеннің 9 елді мекендегі 1563 үйдің газға қосылғаны 1554 үй, яғни 97 пайыз.
Талас ауданының 5 елді мекені Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Үшарал, Арал және Қайырға таратылатын газ құбырын салуға 2018 жылы 2 миллиард 344 миллион 588 мың теңге бөлінген, 2019 жылы 220 миллион 840 мың теңге бөлініп, жұмыстар аяқталды. (2017 жылы 2 миллиард 99 миллион 856 мың теңге бөлінген).
Аталған (Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Үшарал, Арал, Қайыр) елді мекендерінде ішкі газ тарату желісінің құрылысына облыстық бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. (Сметалық құны 513 миллион теңге).
Сонымен қатар, Ақкөл, Қызыләуіт және Ақтөбе елді мекеніне газ құбырын жеткізу ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жобаның құны 3 миллиард 221 миллион 700 мың теңгені құрайды. Бүгінгі таңда облыстық энергетика баскармасы арқылы Энергетика Министрлігіне бюджеттік өтінім берілген.
Иә, бұл жанға жылу беретін көрсеткіштер. Бұйыртса таластықтар толықтай көгілдір отынның қызығын көретін күн алыс емес деп сенеміз. Ол үшін қазынадан қаралған қаржы дағ нақты жоспар мен меже де бар. Тек енді белгіленген бағыттан таймай, бөлінген соманы тиімді пайдалану қажет.
Оставить комментарий