Қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енген цифрландыру өңірдің денсаулық сақтау саласына да тың серпін беруде. Цифрландыру ісі облыстағы емханалардың кезекке тұру уақыты мен қағазбастылықты азайтуда кәдеге жарап жатыр. Сондай-ақ бұл үрдіс азаматтардың емханалардан алатын қызмет түрлерін уақытын жоғалтпай оны электронды режимде алуға мүмкіндік сыйлап отыр, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап облыстағы емханаларға енгізілген «Damu Med» кешенді медициналық ақпараттық жүйесі 086-У нысанындағы анықтамасы мен еңбекке жарамсыз парақтарына QR-code енгізу арқылы оның түпнұсқалығын тексеру функциясымен толықты.
Күні бүгінге дейін QR-код енгізілген 086-У нысанындағы 48 анықтама мен 9180 дана еңбекке жарамсыз парағы берілген. Сәйкесінше бүгінде облыс тұрғындарына дәрігерлердің емдеу қорытындысын QR-код енгізілген парақпен алады. Өз кезегінде бұл жүйе облыс емханаларында жеңіл жолмен сатылып келген медициналық анықтамалар мен еңбекке жарамсыз парағын беру фактілерін біршама азайту мақсатында жасалып отыр. Алдағы уақытта медициналық қызметтің электронды базасы саналатын «Damu Med» кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне облыстағы ірі дәріханаларды да тіркеу жоспарланып отыр. Сол арқылы дәріханалар емдеу мекемелерімен ұсынылатын тегін рецепттерді «Damu Med» мобильдік қосымшасына науқастың ЖСН нөмірін тіркеу арқылы алу мүмкіндігіне қол жеткізбек. Бұл амал да тегін дәрілік рецепттерді қолдан жасау фактілері мен саладағы сыбайлас жемқорлықты азайтуға бағытталып отыр.
Жалпы облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарындағы жемқорлық фактілерін азайту, болдырмау құзырлы мемлекеттік органдардың жіті назарында. Бұл жұмыс аталмыш құрылым қызметкерлері бас дәрігер қызметінде 10 жылдан көп уақыт отырған бас дәрігерлерді кезең-кезеңімен ауыстыру арқылы да жүзеге асырылмақ. Емделушілер мен олардың туған туыстары арасында анонимді сауалнама да жүргізілуде.
Осындай сауалнама нәтижесінде Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Мойынқұм аудандық ауруханаларында наркологиялық және психоневрологиялық анықтамалар беру үшін ақылы қызмет көрсеткені мәлім болды. Ал Байзақ, Қордай, Т.Рысқұлов, Мерке аудандық орталық ауруханаларында және Тараз қалалық №5 емханада №086 нысандағы медициналық анықтамасын саудалау фактісі тіркелген.
Оставить комментарий