Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы-қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі» атты халыққа арнаған Жолдауында «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек»,– деп атап көрсеткен болатын.
Бүгінде Жамбыл облысында өз ісін ашып, жеке кәсіпке бет бұрған жастардың қатары көбейіп келе жатыр. Бұл тұрғыда оларға қолдау-көмек ауадай қажет. Осы орайда үстіміздегі жылдың 24 шілде - 27 тамыз аралығында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы 900 жас «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 2 кезең бойынша оқытылды. Биылғы 24 шілдеде тұрақты жұмыс орны жоқ жастар үшін қысқа мерзімді курстар басталды. Курсты бітіріп, өз ісін ашам деген жастарға жеңілдетілген кредит немесе мемлекеттік грант алуға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан мүмкіндіктер жасалған.
Сол сияқты, ағымдағы жылдың 7-18 қазаны аралығында 18-29 жас аралығындағы жастардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға бағытталған «Жас кәсіпкерлер мектебі» жобасы іске асырылуда.
Жастардың жұмыспен қамтылуында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізудің де тиімділігі мол. Мысалы, үстіміздегі жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша облыс бойынша 1 өңіраралық және Тараз қаласы мен аудандарда 48 бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізілген. Оларға 16-29 жас аралығындағы 1000 жас қатысты. Жәрмеңкелерге қатысушы жастардың 60 пайызы жұмыспен қамтылып отыр.
Осы жәрмеңкелерде 771 жұмыс берушіден 2386 жұмыс орындарына ұсыныс түскенін айта кеткен жөн. Жәрмеңкелер нәтижесінде 432 жас тұрақты жұмысқа орналасып, ақылы қоғамдық жұмыстарға 33 жас, кәсіби оқытуға 13, әлеуметтік жұмыс орындарына 1, жастар тәжірибесіне 113 жас, маусымдық жұмыстарға 8 жас жіберілген.
Оставить комментарий