Бүгінде Жамбыл облысында жастарды әлеуметтендіруге басымдық берілуде. Бұл, әрине, мемлекеттік жастар саясатын іске асырумен үйлесім тапқан міндеттер. Осы орайда тиісті уәкілетті органдармен және Тараз қаласы мен аудан әкімдері арасында нақты межелер айқындалған 11 индикаторлық көрсеткіштер белгіленіп отыр. Оның 7-і жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға бағытталған.
Есепті жылы 11 мың жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылмақ. Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметіне сүйенсек, үстіміздегі жылдың 1 қазанына 12780 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Олардың 5940-ы ваканттық бос жұмыс орындарына орналасса, 1337-і қысқа мерзімді кәсіби оқытуға, 770 жас кәсіби оқытуға, 2297 түлек жастар тәжірибесіне, 302-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 1064-і ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданды. Ал 483 жас «Бизнес-Бастау» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 227 жас 976,1 миллион теңге көлемінде шағын несие алды. Бұл тұрғыда Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағыты шеңберінде қала және ауыл жастарына микрокредит беру ісінің өз септігін тигізгенін айта кету керек.
Сол сияқты аталмыш мемлекеттік бағдарламаның ІІ бағыты шеңберінде жастардың жаңа бизнес-идеяларын дамытуға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 1129 жасқа қайтарымсыз грант ретінде 570,1 миллион теңге бөлінді. Одан бөлек 360 жас 181,8 миллион теңге қайтарымсыз гранта ие болды.
Биылғы жылдың тағы бір тамаша тартуы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттардың көптеп берілгендігі. Осы орайда конкурстық комиссияның шешімі бойынша 153 жас кәсіпкер жалпы сомасы 314 миллион теңгенің грант иегерлері атанып, қомақты қаражатқа қол жеткізді. Оның 47-сі Тараз қаласынан болса, Байзақ ауданынан 8, Жамбыл ауданынан 12, Жуалы ауданынан 15, Қордай ауданынан 6, Меркі өңірінен 10, Мойынқұм ауданынан 3, Сарысу ауданынан 19, Т.Рысқұлов ауданынан 10, Талас ауданынан 16, Шу ауданынан 7 жас осындай мүмкіндікке қол жеткізді. Бұл әрине өз ісін жаңа бастап жатқан жас кәсіпкерлерге үлкен қолдау екендігі даусыз.
Оставить комментарий