Жуалы ауданында ұлттық ойын түрлерінен аудандық турнир өтті. Байрақты бәсекеге әр ауылдық округтен келген командалар қатысты. Турнирді «Nur Otan» партиясының Саяси Доктринасын іске асыруға бағытталған шаралар аясында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, партия мүшелері, аудан тұрғындары арасында денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға шақыра отырып, бастауыш партия ұйымдар арасында үздік спорт командаларын анықтау, саламатты өмір салтын, ұлттық ойындар мен белсенді спорт түрлерін насихаттауға бағытталды.
Спорттық шараны Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Әлімбек Әсембекұлы ашып, «Ауылда да спорттың түр-түрін кеңінен насихаттап, әр ауыл тұрғынын спортпен айналысуға қызықтыру қажет. Ұлттық ойындардан жарыс өткізуді дәстүрге айналдыру керек» – деп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Жамбыл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Мұқанов та өз тарапынан жиналған спортсүйер қауымды құттықтап, демеушілік жасап отырған азаматқа алғысын білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Алғашында көрермен-жанкүйерлер «Теңге ілу» ұлттық ойынын тамашалады. Екінші кезекте өткен «Аударыспақ» ұлттық ойынында ауыл азаматтары күштілік, тапқырлық мен шыдамдылық танытты. Ақтөбе, Қарасаз, Жетітөбе, Боралдай, Қошқарата, Күреңбел ауылдарынан келген палуандар екінші айналымға жетіп, үшінші орынды күреңбелдік Алмас Қадыров алса, қошқараталық Рауан Нүрпейіс екінші және жетітөбелік Бақыт Дәуренбеков жүлделі бірінші орынды иеленді.
«Арқан тарту», «Қашпа доп», «Қатын күрес», «Асық ату» ұлттық ойындар барысында ауылдық округтерден келген командалар өз ептілігі мен тапқырлығын танытып, күш сынасты. Жарысқа қатысушылар бірінен-бірі озып, өз өнерлерін ортаға салды.
Жарыстың ең соңғы ерекше ойыны – «Қошқар көтеру» ұлттық ойын барысында күштілігі мен ептілігін танытып, ең көп рет 40 келілік қошқарды көтерген Ақсай ауылдық округі Қайрат ауылының тұрғыны Нұрсейіт Маханбетжан нағыз палуан атанды.
Төрешілердің берген бағасының қорытындысымен командалық бірінші орынды Ақсай ауылдық округі, екінші орынды Күреңбел ауылдық округі және үшінші жүлделі орынды Жетітөбе ауылдық округінің спортшылары жеңіп алды. Демеуші Әлімбек Жұмабаев салтанатты түрде бірінші орын алған жеңімпаздарға 200 мың теңге, екінші орынға – 150 мың теңге және үшінші орынға – 100 мың теңге тапсырды. Ал, Анар Ахметова мен Мақсұтбек Арзымбетов ерекше көзге түсіп, керемет ойын көрсетіп, жанкүйерлерді таңқалдырған ойыншылар мен палуандарға Құрмет грамоталары мен Алғысхаттарын табыстады.
Оставить комментарий