Алматы тілсіз жаудан шошып оянды. Жау жағадан алғанда көп дүниені аңғаруға болады екен. Алдымен ақпараттың өте жылдам тарайтындығына тағы бр мәрте көзміз жетті. Алайда сол тарап жатқан ақпарға не нанарыңды, не сенбесіңді білмей дал боласың. Қазақстандық БАҚ-тың жұмған аузы ашылмады. Еш жерде ресми мәлімдеме жоқ. Ресми мәлімдеме жасауға асыққан ресми орындар да жоқ. Даурыққан халық бір-біріне қарайды да «интернет не дейді» деп қояды. Интернет не деуші еді? Арасында Алматыға қатысы жоқ видеоларды салып, онысыз да даурыққан халықты одан сайын үрейлендіріп алуды ұмытпағандар да арамыздан табылып жатты. Шынайы суреттерді түсіріп, қаладан шығып кетуге кеңес берген хаттар да келіп түсті. Төтенше жағдайлар басқармасына да қараша халық мүлдем сенім арта алмайды екен. Оқиға орнындағы адамдарға «алдымен билік тарапынан ресми мәлімдеме жасалсын да, даурықпасаңыздаршы» деп жұбату айтып көріңізші, сол жерде-ақ жағаңнан алып, соларға сенгенің үшін өзіңді айыпты қылады немесе «неткен ақымақ едің, олар ескертетін болса, кеше неге ескертпепті» деген қарсы сұрағын ортаға тастайды. Қарсы жауап қайыра алмайсың. Алматы-Бішкек тас жолындағы Алтын орданың жаяу жүргіншілерге арналған көпірі мен Қаскелеңнің көпіріне шығып алған адамдарды көріп ішіңнен мырс етіп күліп те қойығың келеді. Төтенше жағдай басқармасына қарағанда қарапайым көпірге сенім артады екен біздің жерлестеріміз. Ал сол тас жолда жол күтіп, көлік тоқтатып тұрғандарда қисап жоқ. Тіпті полиция қызметкерлері Алтын ордадағы адамдарға тасжолға шығып кетпей, жолдан аулақ тұруын ескертіп, оларды ары қарай ысырып әлек болды. Жолдың жиегіне ысырылған халық Алматыға қатты өкпелеп тұрды. Тіпті сауда-саттық мақсатымен келген көршілеріміз «Рахмет саған, Алматы! Бішкегім тыныш екен » деп қояды. Фейсбук әлеуметтік желісін пайдаланушылар да Қазақстанға қонақ сезінетін кейбір жұрттың буынып-түйініп тайып тұрғанын жазуда. Расымен ел басына күн туса, Алматыны тастай қашатындар көп екен-ау деген ой түйдік.
Абыр мен дабыр басталған сәтте сабылған адамдарды көріп есіңе «Титаник» фильмі түсіп кетеді екен. Онда кемені құтқару мүмкін болмағанда, халықтың үрейін сейілту үшін музыканттар құрбан болмайтын ба еді? Үрейлі халық, әй-шәйге қарамайды. Сондықтан олардың жүйкесін тыныштандыру қажет. Негізгі мақсат, әйелдер мен балаларды құтқару болатын. Бірақ кеудедегі жанды кім оп-оңай бере салмақ? Барлығы аман қалғысы келеді. Сондықтан құтқарушыларға кедергі болмас үшін кемедегі балалар мен нәзік жандыларды ақырындап қайықтарға орналастыратын еді ғой. Ал бізде қалай болды? Титаник секілді өзіміз барып алып мұзға соқтыққан жоқпыз. Күнделікті ауасымен тыныстап жүрген туған қаламызға тілсіз жау таяды. Қайда бас сауғаларымызды, ақпараттың рас- өтірігін білмей дал болдық. Біздің үрейленгеніміз де, қорыққанымыз да, қысқасы ішкі сезіміміз үшін бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Әбден таң бозарып атып, жанымызды шүберекке түюді үйреніп қалған сәтте аспанда ұшып жүрген әкімнің суретін көрдік. Әкім тікұшаққа мініп алыпты, демек жерді шынымен топан су басатыны рас деп топшыладық. Бізде ұшып жүретін тікұшақ жоқ, сондықтан көпірге шығып тұруды қанағат тұттық.
Айнұр Төлеу
Оставить комментарий