Өткен аптада «Отандық «Асыл арна» діни-танымдық телеарнасы шетелдік ұйымдар тарапынан қаржыландырылуы мүмкін» деген ақпарат қылаң берді. Оған бірқатар ақпарат құралдарында Викиликс сайтында Сауд Арабиясының басшылары арасындағы хаттардың жария болғандығы, ол хаттарда осы елдің Мәдениет министрлігі қызметкерлері «Асыл арнаға» қаражат бөлу мәселесін талқылағандығы айтылды.
Викиликстегі хаттан басталған әңгіме қоғамда біраз сөз болып, тіпті, парламент төрінде де көтерілген. Мәжіліс депутаты Айқын Коңыров БАҚ –та жарық көрген ақпарат арнаны тексеруге толық негіздей алады деп есептейді. «Мемлекеттік органдар БАҚ-та қызу талқыланып жатқан бұл жағдайға мән беруі тиіс. Олардың не туралы айтып, қандай ақпарат тарататындығы туралы сараптама жүргізу керек. Менің білуімше, бұндай арнаны тіркеу мен тарату оңай шаруа емес. Арна тіркелу алдында өзінің контенті туралы бағдарлама жасап өткізді деп есептеймін. Мен өзім БАҚ саласында қызмет атқарғанмын, сондықтан барлығын бақылап отыратын мамандардың бар екенін білемін. Бұл не адами фактор, немесе жинақталған «сындарлы топтың» әсері. Мен осы екі нұсқаны ұсына аламын»,- деп өз ойын ортаға салған.
Ал, мәжіліс депутаты Асхат Бекенов «Асыл арнаны» уақыты бар кезде қарайтынын, бірақ арнадан ешқандай үгіт-насихат үлгілерін байқамағандығын айтты. «Бұл арнаны шетел қаржыландырады дегенді естімеппін. Аталмыш мәселеге байланысты құқық қорғау органдары тексеріс жүргізуі тиіс. Сәләфизм мен вахаббизм идеясы біздің қоғамда баяғыда-ақ белең алып кеткен. Тіпті осы идеологияны ұстанатындар да артып келеді. Бірақ ол біздің ұстанатын дәстүрлі исламымызға қайшы келеді»,-деп есептейді Бекенов.
Ақпарат құралдарында діни басқарма мен осы саланы үйлестіруші мемлекеттік мекемелердің де ресми ұстанымдары бірінен соң бірі жарық көруде. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі дін істері жөніндегі комитет арна жұмысына байланысты мынаны айтады:
- Телеарна мазмұндық жағынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Тіпті, арна, ҚМДБ және дін істері комитеті арасында арнайы меморандум да бар. Онда Қазақстан халқының дәстүрлі діни танымын насихаттау мақсатында бағдарламалар бірлесе әзірленеді. «Асыл арна» студиясында ҚМДБ-ның бір өкілі редактор ретінде жұмыс істейді. Арна бағдарламаларының мазмұны Қазақстан заңдарына қайшы келмейді.
Мұсылмандар діни басқармасы да арнамен тығыз әріптестік байланыс орнағанын растап отыр. Қос тарап ислам дінінің құндылықтарын Әбу-Ханифа мәзһабы ұстанымдарына сай насихаттауда бірлесе жұмыс істейді делінген мүфтият таратқан хабарламада.
Электронды ақпарат құралдарының жұмысын үйлестіруші тағы бір салалық орган инвестиция және даму жөніндегі министрліктің байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті де арна жұмысында «Теларадиотарату» туралы заң талаптарының бұзылуы анықталмағанын айтып отыр.
Ал, арна басшысы, ақын Мұхамеджан Тазабековтың өзі Total.kz агенттігіне берген жауабында:
«Бар жауапкершілікпен мәлімдейміз: «Асыл арна» ешуақытта Сауд Арабиясы үкіметінен де, бұл елдің өзге өкілдерінен де, одан басқа шет мемлекеттерден де қаржылай көмек алған емес. Хаттағы жағдайға келетін болсақ, бізге келесі жайт белгілі: 2007 жылы «Асыл арна» деректі фильмдер түсіретін студия ретінде қалыптасқан кезде, аталмыш тұлға бұрынғы КСРО елдеріне таралатын «Мекке» атты орыс тілді телеарна ашпақ болған. Оның штаб-пәтері Эр-Риядта орналасады деп жоспарланған. Өз кезегінде арна ұжымы шетелден қаржыландыру мүмкіндігіне де, өзгелердің арна идеологиясына әсер ету мүмкіндігіне де студия ретінде қалыптасқан сәтінен бастап, ешуақытта жол бермеу керектігін жақсы түсінеді. Бүгінде арнаның ұстанатын жалғыз идеологиялық бағыты мемлекетіміздің саясаты мен мүфти Ержан қажы Малғажұлы басшылық ететін Қазақстан мұсылмандарының рухани басқармасына (ҚМРБ) ғана сүйенеді”, – дейді.
PS.: Сонымен, елдегі діни-танымдық бағыттағы жалғыз телеарна туралы қақ айырылған пікірлердің ұзын-ырғағы осындай. Біз екі тараптың да туындаған мәселеге орай ұстанымдарын бөле-жармай ұсынуға тырыстық. Ақпарат құралдарында сөз болған күдікті жайттарға қатысты ой қорытуды оқырманның өз еркіне қалдырдық.
Дарқан Мұқан
Оставить комментарий