ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биылғы 28 қыркүйек қазақ тілінің мәртебесін биіктетіп, айбынын асырған күн болды. Өйткені бұл күні Елбасымыз БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 70-сессиясында әлемдік саясатқа қатысты пікірталаста қазақ тілінде сөз сөйледі. Бұл - тәуелсіз қазақ тілінің әлем төрінің ресми мінберінен тұңғыш рет естілуі. Осыған орай ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, БҚО сотының мемлекеттік тілді дамыту мәселелері бойынша бас маманы Амангелді Шахин өз ой-толғамын былайша білдірді.
- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясында қазақ елі, қазақ халқы, қазақ тілі үшін айрықша тарихи қадам жасап, қазақтың үнін ғана емес, тілін де жаһанға жаңғыртқан сәтін бәріміз де көгілдір экраннан арқаланып отырып тыңдадық, деді ол. Артынша журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында «Қазақстан» телеарнасының журналисі Жайнагүл Төлемістің Елбасына қазақ тілінде сөйлеп, халқының мерейін тасытқаны үшін ризашылық білдіргеніне Президенттің өзі де мейірлене масайрап: «Оны мен айтпасам, кім айтады? Осыдан кейін басқалар да ойланар» дегенін бәріміз де естідік. Қуандық. Разы болдық. Рухымыз көтерілді.
Елдігі мен егемендігі әлдеқашан танылған төрткүл дүниеге қазақтың үні естілгенімен, тілі сайрамай тұрғаны жанымызды жүдететін. Қазақ тілінің халықаралық қатынас деңгейіне көтеріле алмай келе жатқанына амалсыз көндігіп келгенбіз. Бәрі де бір күндей болған жоқ. Өз елінде шүлдір шенеуіктердің кесірінен әлі күнге тұнжыр күй кешіп келе жатқан тіліміз Ұлт Көшбасшысының арқасында алыс көкжиектен алдаспандай жарқ етті. Жақындағыны көре алмайтын, көрсе де көне алмайтын көркеуделер енді қалай бұқпантайлар екен?!
Қазір жаһандық жандарм кейпіндегі әлем алпауыттары экономикалық дағдарыстар мен халықаралық қақтығыстардан, терроризмнен әбден титықтай келді. Егер олар пейілін өзгертпесе, дүниенің дүбілісі жөңкіле беретіндігіне көздері анық жеткендей. Берекеті қашса, тұтас бір құрлықтың халқы екінші құрлыққа бейбіт түрде-ақ ауып жүре беретіндігін жаһандық қақтығыстар жайлаған аймақтардан Еуропаға ауған босқындар нөпірі байқатып отыр емес пе? Дүние бір-біріне байланысты. Өзге елдің тыныштығының бұзылуы басқалардың да ұйқысын қашырады.
Бас Ассамблеяның бұл жолғы сессиясы басқаларды күшпен басып, сеспен ығыстырып келгеніне дандайсып, дәсерсіп кеткен маңғаз мемлекеттер көшбасшыларының өздерінің тәубаға келе бастағандығын көрсетті. Біртүрлі мейірім мен басқаларға құлақ түру, өзара санасу сыңайы байқалғандай.
Ұсақ ұлттар күшпен тұқыртылып, біртіндеп жойылып, үлкен халықтар жаһандасу дәуіріне өтіп, ұлттық құндылықтар таразыға түсіп жатқан заман ахуалы «кімнің кім екенін» айқындауға мәжбүрлеуде. Осындайда жиырма бірінші ғасырда халықаралық аренаға жарып шыққан қазақ ұлты Көшбасшысының салмақты да, сабырлы, сындарлы көзқарастары мен пайымдары, жаңаша, тың ойлау қабілеті, бұрын тап мұндай биік мінберден естілмеген жағымды тілдегі сөзі де басқаларға еркісіз құлақ түргізді. Қазақтың орысша да, ағышынша да емес, өз тіліндегі тілегі мөлдір тұмадай құйылды. Қазақ дүниені басқа тілде емес, өз тілінде ғана таң қалдыра, тыңдата, елеңдете алатындығын байқатты.
Тарихи сәт көз алдымыздан кетер емес. Қазақстан Президенті мінберге көтеріліп, қазақша баяндамасын жасай бастағанда, бұрын естілмеген тілді БҰҰ төрінің өзі де жатырқағандай ілеспе аударманың да бір-екі минут мүдіріп барып, жұртшылықтың назарын аударып барып, жорғадай тайпалып жүре бергенінің өзі де жарасымды шықты. Тұңғыштар қашан да бұлқынып жарып шығады!
Елбасының тағы бір ерен ерлігін, қазақ тілінің жұлдызын жарқыратқан шағын айдай әлемге қоңыраулата әйгілей түссе артық емес. Бұл күнді, 28 қыркүйекті елеусіз қалдырмай БҰҰ-ның Бас Ассамблеясына Халықаралық қазақ тілі күні ретінде белгілеуді ұсыну керек. Не болмаса басқалай ретін шығарған жөн. Жалпақ дүниенің төрт бұрышына жайылып кеткен қазақтың ынтымағы, бірлігі, топтаса түсуі, қазақ тілін әлемдік тілдер деңгейіне көтеру үшін қажет бұл.
Қазақ аман тұрғанда, қазақ халқы мен елі еңсесін көтере түскенде, кім біледі, болашақта қазақ тілі халықаралық маңызы бар тілдердің қатарына қосылар.
Қазақтың тілінің бай екеніне, әуезді, жағымды екеніне ешқашан да, тіпті қазақ бостандықтан айырылып, бодандықта жүргенде де ешкім шек келтірмеген. Қайта сол тіліміздің шексіз құдіретінің арқасында қазақ ұлты небір зұлмат зауалдардан аман өтіп, жер бетінен жойылып кетпей, сақталып қалды.
«Қасиетті тіл жаһанға жайылса, бейқұт заман орнығады. Ғаламат орнайды. Адамзатқа ортақ ғарыш кеңістігі қызмет етіп тұрған заманда ғаламның тыныштығы мен тағдыры әлемнің ақпарат кеңістігін жайлап бара жатқан тілдердің құдіретіне де қатысты», деп түйіндеді ойын А.Шахин.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Оставить комментарий