АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ хандығының 550 жылдығын кең көлемде атап өту - Қазақстанда өмір сүретін этностарға қазақ халқының ғана емес, өз тарихын да терең зерттеп білуге, оны түсінуге мүмкіндік береді. Бұл туралы кеше Алматыдағы «Достық үйінде» өткен «Жер тарихы - ел тарихы» атты дөңгелек үстел барысында Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Осетин этномәдени бірлестігінің төрағасы Қазбек Мамсуров мәлімдеді.
«Өз халқының тарихын білмеген адам, өзге халықтардың да тарихын біліп жарытпайды. Демек, ол өзге халықтың өкілдерімен де жеткілікті дәрежеде ынтымақтастық орната алмайды деген сөз. Сондықтан, биыл елімізде атап өтіліп жатқын Қазақ хандығының 550 жылдығы Қазақстанда өмір сүріп келе жатқан 130-дан астам этносқа қазақ халқының ғана емес, өз халқының да тарихын терең зерттеп білуге мүмкіндік береді. Өткізіліп жатқан конференциялар, көрмелер, кездесулер, байқаулар соған жол ашады. Мұның барлығы түптеп келгенде бір-бірімізді жақсы түсініп, бірігіп, Елбасының ұсынған бес институционалдық реформасын жүзеге асыруда 100 нақты қадамды орындауға септігін тигізеді», - деді Қазбек Мамсуров.
Дөңгелек үстел Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала елі» тарихи-мәдени экспедициясы аясындағы өткізіліп отыр. Оған Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғам қайарткерлері, тарихшы ғалымдар, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Сондай-ақ, дөңгелек үстел аясында «Н. Ә. Назарбаевтың қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі» тақырыбында дәрістік таныстырылым өткізілді.
Бұдан басқа, Достық Үйінде Қазақ хандығының тарихына арналған және Н.Ә. Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің Қазақстандық үлгісіне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ұлы дала елі» тарихи-мәдени экспедициясы Тараз қаласында «Тарих толқынындағы Ұлы дала» атты көрмемен қорытындыланады.
Оставить комментарий