Алматы қаласындағы «Мирас» баспасынан Мұхаммед Хайдар Дулатидің әйгілі «Тарих-и-Рашиди» атты кітабы жарыққа шықты. Бұл туралы «Қамшы» порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Тарихи еңбекті парсы тілінен қазақ тіліне аударғандар – Мұхтар Қазыбек пен Әбсаттар Нұрғалиев.
Айта кету керек, М. Дулати - Қазақ-Үнді мәдени, тарихи, дипломатиялық қарым-қатынастар тарихының бастауында тұрған мемлекет қайраткері, ұлы ойшыл, қаламгер, өз заманының құнды деректерін жазып қалдырған жылнамашы.
1999 жылы ғұлама ғалымның 500 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында Үндістан, Қазақстан, Өзбекстан және басқа да елдерде кеңінен аталып өтілді. Осы кітапқа ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Көмеков, тарих ғылымдарының кандидаты Ғ.Маймақов, филология ғылымдарының докторы Н.Ақыш пікір жазған.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» атты осы еңбегі әлем елдерінде көптеген тілдерге аударылған құнды еңбек болып табылады. Атап айтқанда, ағылшын, француз, қытай, орыс, түрік, өзбек және тағы басқа да халықтар осы классикалық еңбекті өз тілдерінде оқиды. Дулатидің бұл кітабы XIV ғасырдың XVI ғасырдың орта кезеңіне дейінгі аралықты қамтиды. Ол шын мәніндегі энциклопедиялық және тарихи деректемелік еңбек екені дәлелденген. Орта ғасырдан біздің кезімізге дейінгі аралықта бізге жеткен мұндай құнды мұра жоқтың қасы.
«Тарих-и-Рашиди» көтерген мәселелердің ауқымы өте кең. Автор қазіргі Орталық Азия, Қазақстан, Шығыс Түркістан, Пәкістан, Ауғанстан, Үндістан және тағы басқа елдерді мекендеген халықтардың сол замандағы саяси жағдайы, мәдениеті, тарихы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі жайында жан-жақты танымдық маңызы мол деректерді келтірген.
Бұл еңбек, осы кітапты құрастырушылардың айтуынша, этнографиялық, этникалық, географиялық, археологиялық, астрономиялық мәліметтердің, тарихи деректердің соншалықты молдығымен ерекшеленеді. Қазақ хандығының қашан құрылғандығы туралы нақты мәліметті де бізге алғаш рет Дулати осы «Тарих-и-Рашиди» кітабында жазып қалдырған. Сондай-ақ онда қазақ хандығының бір ғасырдан астам саяси тіршілігінің жай-жапсары жөнінде, қазақ елінің өсіп-өркендеуі туралы, Моғолстан мен Ұлы Моғол империясы хақында біздер үшін тың мәліметтер жазып қалдырған.
Бұл еңбек ұлтын сүйетін әрбір азамат үшін құнды екені анық. Сонымен қатар мемлекет тарихымен айналысатын тарихшылар, әдебиетші, мәдениет танушы, философтар, дінтанушылар, географтар, астрономдар, әскери басшылар үшін аса құнды мұра болып табылады. Осы еңбектегі өлеңдерді аударған ақын Болат Шарахымбай.
Бұл көлемді еңбек 48 баспа табақтан, 768 беттен тұрады.
Оставить комментарий