• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 09:21:18
Алматы
+35°

30 Қазан, 2016 Дәстүр

БАТА ТАРМАҚТАРЫ

Сегіз тармақ немесе одан да көп тармақтар:

Сегіз тармақ немесе одан да көп тармақтар:

Орта жолда атың өлсін,

Орта жасында қатының өлсін,

Қия жолда атың туласын,

Жарым түнде үйің шуласын,

Еңісте тартпа айылың үзілсін,

Өрге шыққанда төс айылың үзілсін,

Жете бергенде желкең үзілсін,

Таяй бергенде тақымың қиылсын,

Отыра бергенде орының ойылсын,

Тістей бергенде тісің үгілсін,

Асай бергенде алқымыңа тығылсын,

Түндігің ашылмай, күлің шашылмай,

Малың қайрылмай қалсын!

Қазақ халқы жағымсыз адамдарға қарата осындай қарғыстар қолданып, олардың бойындағы барлық кереғарлықты қарғыс арқылы жерлеп, өмірден мүлде өшіруді көздеген. Қорыта келгенде, қазақ қарғыстары сонау есте жоқ ескі дәуірден басталады. Мысалы: “Қорқыт ата кітабында” долы Қаршар Қорқыт атаны қуып жетіп, басын қылышпен шабуға айналғанда “қолың сірессін” деп қарғайды. Осы кезде долы Қаршардың қолы көтерілген бойында сіресіп, түспей қалады. Мұнда үлкен мән, ғажайып сыр бар. Қорқыт атаға долы Қаршарды әншейін жан сауғалату үшін қарғатып отырған жоқ. Қорқыт Ата ту баста Бамсы Байраққа бата беріп, ат қойғанда дана-даңғыл, ақылгөй ата, дуалы ауызды шешен бейнесінде бейнелесе, долы Қаршарды қарғап қолын сірестіргенде киелі, Әулие Ата бейнесінде бейнелейді. Сөйтіп Қорқыт ата образы одан әрі құдіретті күшке ие, керемет иесі тұлғасында жарастық тауып, жағымды бейнесі одан әрі арта түседі. Бұдан біз сонау ауыз әдебиеті үлгілерінде бата мен қарғысты егіз, қатар қолдану арқылы адам образын жасап, характер ашудың әдемі көркемдік кілті ретінде пайдаланғандығын толық аңғарамыз.

Қазақ халқы өзінің ұзақ тірлігінде алуан түрлі шаруашылықпен шұғылданып, талай-талай өмір соқпақтарын басынан өткізді. Жаугершілік заманда құсалы да қаралы күндер, тауқыметті тұрмыс кешірді. Осындай ел тағдырына куә болар оқиғалар халықтық тіл өнері арқылы образды көрініс тауып, қазақ қарғыстарынан да байқалып отырды. Ел тарихына байланысты мұндай қарғыстар үш түрлі жағдайда қолданылғаны анық. Бірі – елді жау шауып, жерін, мал-мүлкін тонап, қырғын тұзағын құрған басқыншы жауға, олар туғызған соғыс алапаттарына қарғыс айтқан. Бұл қарғыстар өте зәрлі тілден туып, жауды жеті қат жер астына жастандырады. “Қыз Жібек” жырында Төлегендей ардан жаралған азамат пен сұлулық шүғыласынан туған Қыз Жібектей арудың мөлдір махаббатын жыландай зәрлі қастандықпен бұзған, махаббатгың ақ періштелерін бір-бірінен айырған, Төлегенді атып өлтірген Бекежандай жендеттерді, кеудесінен күні сөніп, ақ махаббаты қара түнге айналған Қыз Жібектей шерлі ару көз жасын селдете отырып қарғайды.

— Адыра қалғыр Бекежан,

Көрме дүние жарықтан.

Екі көзің қызарып,

Ішіпсің иттей қызыл қан.

Тәңірің сені қарғасын,

Абжылан арбасын.

Тәңірім мені жаратса,

Қатын-балаң зарласын.

Басыңа қиын іс түсіп,

Қасыңа адам бармасын.

Дүниеден көрген қызығың,

Ажалыңа арналсын.

Жамандық алып жағаңнан,

Алды-артынды қармасын.

Жиған-терген дүниең,

Шаян боп шағып қинасын!!!

Рас-ау. Мына қарғысты Төлегенді өлтірген қанішер, жендет Бекежан емес, бүгінгі күннің оқырманы біз естігенде де жүрегіміз түршігеді. Жаныңа у құйып жібергендей сай-сүйегің сырқырайды. Жаның талып-талып ауырады. Төлегендей арысты қанға бояған Бекежанға өзің де қоса қарғыс айтасың. Ақ та пәк махаббатынан айырылған жазықсыз бейкүнә Жібек қызға, нәзік, шерлі аруға аяушылық білдіресің. Көзіңнен де мөлт-мөлт жас төгесің.

Міне, қазақ қарғыстарында осындай шиеленіскен үлкен-үлкен қақтығыс, тартыс жатады. Мұңда арсыздық пен күн шұғыласындай ізгілік ортасындағы қайшылықтың сипаты ашылып жатыр. Біз бұдан тек қарғыс айтудың сипатын ғана түсініп қоймай, қайта өткен замандағы ел тарихын, бастан өткізген өмір тауқыметтерін де арыдан танимыз.

Ал қарғыстың екінші бір түрі – адамдар жай назаланғанда, немесе біреуден жазықсыз жәбір көргенде, от алып қопаға түскенде соған қарата қарғыс айтады:

Маған қылған қастығың,

Қара басыңа көрінсін.

Шаңырағың шартылдап,

Ортасынан бөлінсін.

Ұрпақтарың өмірі,

Орны толмай өкінсін!

Қарғыстың үшінші түрі – жас ұрпақтарды жамандықтан жирендіріп, бездіру үшін “қарғыс естисің” деп қорқыту мақсатында айтылады. Оған жоғарыда айтқан Торғайдың қарғысы дәлел бола алады.

Қазақтың алғыстары мен қарғыстары осылайша туып, тектері мен түрлері барған сайын көбейіп, ел тарихымен бірге сан ғасыр сарабынан өтіп, ауызша сақталып бізге жетіп отыр. Біз қазақтың алғыстары мен қарғыстарының тек тіл өнері қүдіретін танып қана қалмай, қайта бір ұлттың ұлттық салт-сана, ғұрып-әдет, күллі тіршілік әдеттеріне байланысты тарихын да аңғарамыз.

Сөз өнерін қадірлей білген қазақ халқы шешен-шежіре, ақыл-ойлы адамдарды, ақындық өнерді жоғары бағалай білді. Жақсы, тәтті сөйлеумен бірге ащы қарғыс та айтты.

Сөйтіп, алғыс сөздері елдің кеудесінде күн орнатып қуандырса, қарғыс арқылы сес көрсетіп, жамаңдық атаулыдан сақтандырып, қарғыс естімеуге, ел кәріне қалмауға, ынтымақты болуға шақырады.

Қарғыс айтылған, ауыздан шыққан замаңда, көкке үш шығып, жерге үш рет түседі екен. Сол мезгілде қарғыс жүйесін тауып жамандыққа тиеді. Жүйесіз айтылған қарғыс болса, қайта айналып келіп айтқан иесін табады екен. Сондықтан қарғыс айтудан Алла өзі сақтасын. Бата түбі – май, қарғыс түбі – қан екенін естен шығармаңыздар, ағайын.

 

Жазушы, сыншы, педагог

Болат Бопайұлы Жота Қажы 

"Қазақтың алғыстары мен қарғыстары" кітабынан

Үрімжі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір