• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 10:12:20
Алматы
+35°

07 Қараша, 2016 Сұхбат

Гүлшарат Жұбаева, актриса: Шенеунік болсам, өз өнімімізді шығаратын зауыттар ашуды қолға алар едім (Фото, видео)

Гүлшарат Жұбаева актриса, хореограф, «Шабыт-шоу»  би ұжымы мен  «Шабыт» шеберханасының директоры,  жас кәсіпкер. &nbsp...

Гүлшарат Жұбаева актриса, хореограф, «Шабыт-шоу»  би ұжымы мен  «Шабыт» шеберханасының директоры,  жас кәсіпкер.  Бүгінде бір емес, бірнеше саланың басын біріктіріп,  ұлттық нақышта көрпе-жастықтар, қыз жасауларын тігумен  айналысады.  "Іңкәр жүрек" көп сериялы мелодрамасымен халыққа кең танылған. Талай қаракөздерімізге өзіндік жеке стилімен, пысықтығымен, өнерімен үлгі болып жүрген Гүлшарат ханым   «Қамшы» порталына шағын сұхбат берді. 

  Гүлшарат ханым кейінгі кезде  телесериалдар мен киноларға жиі түсіп жүрсіз. Жеке би ұжымыңызда бар. Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысысыз.  Оқырмандарымызға  өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

— Мен 1985 жылы, 12 шілде де  Өзбекстан республикасының, Қарақалпақстанға қарайтын автономиясындағы Нүкіс қаласы, Қалқабат деген ауылда туып-өскенмін. Сол жерде 5-ші сыныпқа дейін оқып, кейіннен Нүкіс қаласына келіп, музыкалық училищенің хореграфия  бөлімін тәмамдап, Ташкентте заң колледжін бітіріп, 2001 жылы Атырауға көшіп келдік. Сосын оқуымды сыртқы бөлімге ауыстырып, Х.Досмұхамедов атындағы Университеттің заң факультетін бітіргенмін. Негізгі мамандығым заңгер, бірінші мамандығым бишілік. Хореография мамандығын қызыл дипломмен аяқтағанмын.  Әкем тарихшы мұғалім, анам агроном, колхозда біраз жыл агроном болып жұмыс істеген. Кейін тағы бір кәсібі тігіншілік мамандығы болғаннан соң, 40 қыз жұмыс істейтін тігін цехын ашқан.  Отбасымда 7 бала болатынбыз, 4 ұл, 3 қыз. Өкінішке орай төрт ұлымыз түрлі себептермен дүниеден өтті. Ағам өмірден өткен соң үйдің үлкені мен болып қалдым. Қазір артымда екі сіңілім бар. Оралмандық квотамен келіп, Атырауға сіңіп қалдық. Бізді шеттен келді деп, ұлтымызға қатысты түрлі әңгімелер айтып жататындар бар. Осы орайда айта кетейін, әке –шешемнің ұлты қазақ, кіші жүз руынан боламыз.  

— Гүлшарат ханым, сізді қазір халық  актриса ретінде ғана емес,  хореограф, дизайнер, «Шабыт»   үйінін директоры ретінде таниды. Оған қоса келін болу, жар алдындағы, бала алдындағы күнделікті міндеттеріңіз бар дегендей. Осының бәріне қалай үлгеріп жүрсіз?

«Әйел қырық шырақты» демей ме, бәріне үлгеруге болады. Балаларымыздың болашағы үшін, материалдық, моральдық қажеттіліктеріміз бен тұрақтылығымыз үшін бәріне үлгеріп, тырысуымыз керек. Қазір заман ағымының өзі солай, бір жерде тұрып қалуға болмайды.  Екіншіден бала-шағама көп уақыт бөлуге тырысамын. Балаларға көбірек мейірім беріп, тәлім-тәрбиесін қадағаласақ ертеңгі болашағымыз солар ғой, сол үшін балаға салынған инвестиция ол қашанда қайтады. Сондықтан бар уақытымды, күш-жігерімді балаларға салып жүрмін, жалпы менің өмірлік ұстанымым солай. Әртүрлі жұмыстың басын алып жүрмін десем де болады, «Шабыт» бишілері, жүргізушілері, әкімшілік қызметкерлері, тапсырыс алушыларымыз бар, той-томалақты ұйымдастыру жұмыстары бар. Оның үстіне осы жылдан бастап «Ас болсын» жылжымалы асханасының жұмысын қолға алып, жүргізіп жатырмыз. Қолымыздағы телефонға да тыным жоқ, оған да құдайға шүкір. Жұмыс бір жолға түскенде көмекші қыздарымның қолына міндеттерін тапсырамын, себебі көп уақытымды отбасыма бөлгім келеді.

— Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысысыз. Инстаграмда 60 мыңға жуық оқырмандарыңыз бар екен. Жекеңізге түрлі сарында хаттар келіп жататын болар. Жалпы, қазіргі қазақ әйелдерінің, қазақ қыздарының басты проблемасы неде?

— Дайректке хаттар көп келіп жатады, солардың ішінде қаржылай көмек сұрайтындар өте көп. Тоқсан пайызы ақша сұрайтындар. Менен көмек алғысы келгендеріне шүкір, қуанамын. Бірақ менің жалғыз, олардың көп екенін ескеру керек. Біреу пәтерақымды төлей алмай отырмын, енді біреуі несиемді төлей алмаудамын, тағы біреуі күйеуім жұмыс істемейді, баламның үстіне киетін киімі жоқ деп жазады. Шынымен баласы ауырып, ауыр жағдайда болып жатқан, өлім мен өмір үшін арпалысып жатқан, ешқандай шарасы қалмаған  адамдар болса шама жеткенше көмектесу керек-ақ деп ойлаймын. Ал енді бір әйел бар мысалыға,  атпалдай азаматы, төрт баласы бар. Баласының диагнозын жіберім, менен қайта-қайта ақша сұрайды. Ол қатты бір диагноз деп айтпас едім.  Ер-азаматы бар екен, қаршадай қызбын, маған да отбасымның аузынан жырып беру қиын. Шет елде үлкен ота жасататын жағдай болып жатса, бір сәрі. Жай ғана жеңіл аурулар үшін қаржы аударуды өтінетіндерге таң қаламын. Маған да қаржы табу  оңай емес. Мен бір кешке төрт-бес мың долларға шығып жүрген әнші емеспін, қатардағы екі қол, екі аяғы бар, екі баланың анасы, біреудің келіні, біреудің жары болып жүрген қарапайым қызбын. Күнімен –түнімен көз майымды тауысып, перде тігіп, оларды үйді-үйге барып іліп, күн салқында барахолқа складтарын аралап жүріп, ауыр-ауыр мата тасып, саудаласып жүріп  тапқан ақшамды атпалдай азаматы бар әйелдер үшін, біреудің несиесін төлеу үшін жұмсағым келмейді. Садақа деген мұқтажға беріледі, жатып ішерге емес. Тоқсан пайыз қаражат сұрайтындарға қарап, ақшаның жетіспеушілігі ма деп қоямын. Бұл жетіспеушілік, ақшаның жоқтығының өзі қазіргі қазақ әйелдерінің  үлкен әлеуметтік проблемасы болып тұрған сияқты. Сондықтан қазақтың  кейбір қыздары,  кейбір аналары өз проблемаларын дұрыс шешуді, еңбектенуді, екі аяқты созып қойып жатпауды үйренсе екен.  Елгезек, пысық болуға бейімделсе екен!

— Қазір мектепте жүріп бала көтеріп, дәретханаға сәбиін тастап, бірінің шашын бірі жұлып жүрген қыздар ешкімді  таң қалдырмайды. Қазақ қыздары біресе батысқа еліктеді, біресе орысқа еліктеді, қазір арабтарға ұқсау процесі жүріп жатқан сияқты.  Оранып алған қазақтың қыздары көбейіп кетті. Сіздің ше бұл дұрыс па?

— Ешкім жаман болғысы келмейді. Әркімнің өз ақиқаты бар. Кімге еліктесе де ол өзінің өмірі. Дегенмен, көзін ғана көрсетіп, қара жамылып жүретіндерді құптамаймын. Бет-жүзін орап жүргендерге қараудың өзі сенімсіздік, қорқыныш тудырады. Мемлекет заңмен бекіткен жолмен жүрген дұрыс болар. Біз Ханафи мәзхабын ұстанатын мұсылмандармыз ғой, шариғатта мемлекет басшысына бағыну керек дейді, демек сол тәртіпті дінде де  ұстану керекпіз. Мен намаз оқимын, мұсылманмын, сен кәпірсің деп шын мұсылман елден ерекшеленбес. Оны дұрыс-бұрыс деп баға беретіндей діни сауатым толық емес, қазір дін туралы айтсаң, басың бәлеге қалатын заман ғой. Деседе,  қара киім киіп, бетті тұмшалауды өз басым дұрыс деп санамаймын.

— 21-ші ғасырдағы қазақ әйелінің эталоны деп кімді айтар едіңіз?

— Қазақ әйелінің әрқайсысы бір-бір  эталон. Әрқайсысына қарап ғашық боласың. Мен бір ерекше жақсы көретін кісі бар, есімі Светлана Жалмұхамбетқызы. Ол кісінің сөйлеуі, қарапайымдылығы, өзін-өзі ұстауы маған өте қатты ұнайды.  Айтар болсам біраз кісілер бар ғой. Мысалыға, Зейнеп Ахметова апамызды айтсақ болады,  Ләйлә Сұлтанқызы сынды небір мықты журналист апайларымызда  заманауи қазақ әйелінің қандай болуы керек екенін көрсетіп жүр.  Көп адамның есімі дәл қазір ойыма түспей отыр, бірақ ондай үлгі болар қазақ әйелдері біздің ортамызда өте көп.

 Сізді еліміздегі қандай проблема  қатты толғандырады?

— Елімізде проблема көп қой. Соның бірегейі ретінде пәтер жалдап жүрген, несие төлеп жүрген қаракөз қазақтарымыздың жай-күйі толғандырады.  Әлбетте, мен  айтқаннан ештеңе өзгере қоймас. Бірақ, әр қазақтың басында үйі, қолында еңбекпен келген наны, кішкентай болсын айналдырар кәсібі болса екен. Әркім өз отбасындағы проблеманы дұрыс шеше алса, елімізде проблема бәлкім азаятын шығар.

— Біздің дәстүрлі сұрағымыз, Гүлшарат ханым қолында билігі бар шенеунік болса ең алдымен біздің елде нені өзгертетін еді?

— Сұрағыңыз күшті екен! (күліп) Шенеунік болу үшін де біраз еңбек ету керек. Егер, қолында билігі бар адам бола қалсам, жеңіл өнеркәсіпті дамытатын едім. Қайта өңдеуді қолға алып, отандық өнімге демеу көрсетіп, оның дамуына барымды салар едім.  Түрлі зауыт, фабрикалар ашар едім. Көп нәрсені шет елден аламыз, соның бәрін өз елімізде шығатындай жағдай жасар едім.

 — Қазақ қыздары қазір кімді үлгі тұтып, кімнен өнеге алуы тиіс?

— Өте қиын сұрақ. Әркімнің өз ойы, өз таным-  тәрбиесі, өзіндік мінезі бар. Әр адам өзінше бір тұлға. Анадан үлгі ал, мынадан үлгі ал деп айта алмаймын. Ертең мен айтқан адамның жаманат қылығы шығып қалып жатса, ұятты болғым келмейді. Әр адам ақылға салып, болашақ үшін көбірек  еңбек етсе, соның өзі өнеге! Жақсы адамның, жақсы кісінің бәрі әр адам үшін өнеге болуы тиіс сияқты.

— Сіздің кумиріңіз кім?

— Кумир менде жоқ екен. Адам біреуге ұқсағысы келгенде сол адамға еліктеуге, ұнауға тырысады. Ал мен ешкімге ұқсамауға тырысамын. Өзімнің ішкі түйсігіммен жұмыс істеп, ешкімге еліктемей, өз бағытымды ұстап жүргім келеді.

Мотивацияны қайдан аласыз, осындай әмбебап болудың сырымен бөліссеңіз?

— Маған мотивация беруші адам – анам. Әмбебап болуда да анамның еңбегі жатыр. Анам өзі өте қатал болатын, әлі де қатал. Кішкене ыстығым көтеріліп жатып қалсам, тұр, жатпа, таза ауада жүріп кел дейді. Өзі өмірді өте қатты сүйетін адам. Сондықтан, менің бірінші күш берушім сол кісі. Әмбебеп болу үшін көп нәрсе керек емес. Еңбек пен ізденіс керек. Балаларымның болашағы үшін деп жасасаңыз, бәрі де қолыңыздан келетін болады.

— Болашақта киім топтамасын шығару ойыңызда жоқ па?

— Киім топтамасын шығару ойымда бар. Бұл менің бұрыннан келе жатқан арманым. Ташкентте архитектура және дизайн бөліміне оқуға түсіп, ақылы бөлім болған соң, оқуға ақшам жетпей, тастап кеткенмін. Енді сол арманға жақындап келе жатқан сияқтымын, соның үстінде жұмыс істеп келе жатырмын.  Құдай қаласа, алдағы уақытта ол жұмыстың нәтижесін  көре жатарсыздар! 

— Әңгімеңізге рахмет! 

 

Сұхбаттасқан: Айжан Қалиева

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір