03 Шілде, 2012 Ұлы көш
Ресей қазақтарына сапардан «Кедей тілі» газетін кездестірдік
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Шетелдегі қазақтардың фольклоры, әдебиеті мен өнері» және «Қазақстан халықтарының фольклоры, әдебиеті мен...
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Шетелдегі қазақтардың фольклоры, әдебиеті мен өнері» және «Қазақстан халықтарының фольклоры, әдебиеті мен өнері» атты іргелі зерттеу аясында жұмыс атқарып жатқаны белгілі. Осы іргелі зерттеу аясында фольклортану бөлімі де екі үлкен жобаның тізгінін қолға алған болатын. Біріншісі «Шетелдегі қазақтардың фольклоры» болса, екіншісі «Қазақстан халықтарының фольклоры» (екі тақырыптың да жетекшісі академик С.Қасқабасов).
«Шетелдегі қазатардың фольклоры» атты жоба бойынша осы жылы бірқатар шетелге экспедицияға шығу жоспарланған болатын. Соның бірі мамыр айының 14-күнінен, маусым айының 7-не дейін Ресейдегі қазақтар арасында жүргізілген фольклорлық экспедиция екенін айта кеткен лазым.
Әрине, 20 күнге жоспарланған экспедицияда Ресейдегі барлық қазақтарды қамту мүмкін емес екендігі белгілі. Осы мақсатпен Еділ бойындағы төрт облысты, атап айтар болсақ, Самара, Саратов, Волгоград, Астрахань облыстарын бетке алып экспедицияға аттандық. Экспедицияға шығардан бір ай бұрын институт директоры У.Қалижановтың атынан қазақ мәдени орталықтарына хат жолдап экспедиция бағыттары мен мақсаттарын айтып, көмектесуін сұраған болатынбыз.
Осы жобамен алғаш ат басын тіреген Самара облысында Ресей федерациясы қазақтарының төрағасы Тоқтарбай Дүйсембаев дейтін азамат қарсы алып, біздің жұмысымызға жан-жақтылы қолғабыс еткенін айта кетпей болмас. Аэропорттан қарсы алған осы облыстағы «Ақжол» қазақ мәдени орталығының қызметкерлері Тоқтарбайдың орналастыруы бойынша Самара облысындағы қазақтар шоғырланған ауылдарды аралатты. Хат мазмұнынан хабардар ол баратын ауылымызға алдын ала хабарласып, ондағы қазақтың ескілігін білетін кісілерді бір орынға топтауды тапсырып отырғанын барған ауылдарымыздан көріп-біліп отырдық. Қай ауылға барсақ та бір орынға жиналып бізді асыға күтіп отырған кісілерді жолықтыруға болады. Барлығы да өзінің ойында қалған, ескіден келе жатқан дүниелерді ортаға салуға тырысады. Көп кісілердің арасынан Бұлақ ауылының тұрғыны 1938 жылы туған Самиғолла Базарғалиев деген ақсақалымыздың орны ерекше екенін айтуға болады. Бұлақ ауылына барған біз өз мән-жайымызды түсіндіріп, қазақ рухани мұраларын жинап жүргенімізді айтып едік «Алпамыс» жырының тиегін ағытқан атамыз, «Ер Тарғын» жырын да біраз толғады, «Қыз Жібекпен» қоса «Қыз бен жігіт» айтысынан да есте қалғандарын ортаға салды. Демікпе ауруы барлығына қарамастан ойындағысының көбін біздің диктафонға жазып берді. Және бірі осы облыстағы Нұрзия Әділгерейқызы апамыз да біраз қара өлең мен балалар фольклорын біздің қоржынға салды. Ғайнижамал Мұхаммедова апамыз да бесік жыры мен беташардың көне үлгілерін бізге айтып берді. Ерлі-зайыпты Бақытқали Құсайынов ата мен Сұлу Мұхаметжанова апамыз Сырым батыр туралы аңыздар, беташардың бір үлгісін, «Ұры қарға» деген дастанды айтып диктафонға жаздырды. Сонымен бірге Қанатқали Құбайдоллаев деген кісі өзі сақтаған Атажан Аронұлы мен Төлеуғали Айдынғалиұлының жинап артына қалдырып кеткен қолжазбасының көшірмесін берді. Тілепперген Нұржанов деген азамат Мұхтар Мұхаметжановтың қолжазбасында бізге беріп жіберді. Жалпы Самарадағы қазақтардың жағдайы, тұрмыстық ахуалы жаман емес, қазақтың салт-дәстүрін өз әлдері келгенше сақтап тұрғаны аңғарылады. Алайда сол елдегі ел азаматтарын алаңдататын бір жағдай, тілдің құрып бара жатқаны, қазақ мектептерінің жоқтығынан келешек ұрпақтарынан алаңдаулы екенін ескертіп, Елбасы қазақ мектебін ашып беруге күш салса, болмағанда мемлекет тарапынан қазақ тілі пәнінің мұғалімін жіберсе, мектеп бағдарламаларына енгізуге атсалысса жақсы болар еді деген ұсыныстарын да білдірді. Бұл обылыста көнекөз қарттардың көптігінен бе дін жақсы сақталған. Жазғы, қысқы демалыстарында балаларын мешіттерде діни сауатын ашуға жіберетіндіктерін айтады.
Төрт күнімізді Самарада өткізген біз мамыр айының 18 күні Саратов қаласына таң ата пойызбен жеттік. Бұл обылысқа келерден бұрын Тоқтарбай Үмітхан Жүнелбаева дейтін апайдың, оның ашқан «Қазақстан» деген қазақ мәдени орталығының барлығын, оған алдын-ала телефон соғып, біздің бара жатқанымызды ескерткенін айтты. Саратовтың пойыз бекетінен бізді күтіп тұрған Үмітхан апамыз жұмысымыздың мән-жайын жол-жөнекей ұққан соң көмектесетінін білдірді де, Бурасы деген ауылға ала жөнелді. Қаладан 50 шақырым қашықтықта орналасқан бұл ауылда жалғыз үй, Түйеғалиев Меңдібай деген ақсақалымыз тұрады екен. Жасы сексеннің сеңгіріне шыққан қарт екі көзінен айырылған зағип болса да көкірегі тұнған даналық екенін байқатты. Сауатын орысша ашып, орыстардың ортасында жүргенімен, ұлттық құндылықты ұлықтауға бір кісідей ат салысып жүргенін аңғартты. Өлеңді екі тілде жазатын қарт, тек ішкі толғаныстарын ғана емес, қайта ұлттық құндылықтарымыз, ғұрыптық фольклорға тән, этнографиялық дүниелерді де екі тілде жазып жүргенін шығарған кітаптарын қолға алып ашып оқығанда түсіндік. Бұл кісінің «беташар», «қамшы», «Тойбастар» т.б. көптеген өлеңдерінде осыларды түсіндіріп екі тілде жазғанын көрдік. Сөз арасында Меңдібай ақсақал «менің мұны жазудағы мақсатым, бұл жерде қазақ мектебі жоқ, қазақ тілі өтілмейді, ұрпақтарымыз қазақша түсінбегендіктен өзіміздің салт-дәстүрімізді өзге тілмен түсіндіруге мәжбүр болып отырмын. Мәселен «беташар» не деп сұрасаң олар түсінбейді, ал мен оны өлеңге айналдырып, орысша жазып оқысам, сонда ғана түсінеді» дейді. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей болсада ұлт мүддесі үшін арпалысып жүрген атамыздың баласын Қазақстанға аттандырып, өзінің санаулы ғұмырын сол жердегі қазақтар үшін арнап жүргенін білдік. Бұл ауылдан шыққан соң қаладан екі жүз сексен шақырым алыста тұратын Александров-Гай деген ауылына бет бұрдық. Жасы алпыстың жуан ішіне келген, етженді апамызды аяп, сіз тек жол нұсқасаңыз болды өзіміз тауып бара аламыз десек «Ауылға барғандарыңмен кіммен жолығуды, қалай кездесуді білмейсіңдер ғой, Қазақстаннан, сонау Алматыдан келіп отырғанда сендерді далада қаңғыртқандай болмайын, үлкен кісілерді танимын» деп болмады. Александр-Гай ауылында 1930 жылы туған Ғабділмәжит Өтеуұлы деген ақсақалымыздан көптеген қара өлең мен Әбубәкір Кердерінің өлеңдері деп әкесінің айтып, өзі жазып алған қолжазбасының да фото көшірмесін алдық.
Үмітхан апа жұмыстарының барлығын қайырып тастап, бір апта біздің қасымызда жүріп, Саратов облысындағы қазақтар шоғырланған өңірлерді аралатып қоймай, төрт жүз шақырым қашықтықтағы Волгоград облысының Палласовский районына, Савинка ауылына да автобуспен бірге барып, қазақ ауылдарын бірге аралады. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алған қарсаңда ашқан бұл кісінің «Қазақстан» атты қазақ мәдени орталығына да 20 жыл болған екен. Содан бері ұлт мүддесі үшін еңбек етіп келе жатқанын, сырттан ешқандай көмектің жоқтығын, тек жұбайы екеуі жанталасып жұмыс жасап, осы күнге жеткізгенін айтады. Ол кісінің де «қазақ мектебі ашылса» деген арманы бар. Тым болмағанда Қазақстан тарапынан келісімшартпен қазақ тілі мамандарын жіберіп, оларға айлық тағайындаса, ел болып осы жақтағы біз жатар орнын шешер едік, бірақ қазірге дейін ешкімнен көмек болмай тұр, өлмес үшін өз тірлігімізбен жұмыс істеп жатқан жайымыз бар дегенді айтады.
Самара, Саратов, Волгоград облысынан соң Астраханға ат басын тіреген бізді осы облыстағы «Құрманғазы» аймақтық мәдениет орталығының директоры Нұржан Медетов ағамыз қарсы алды. Астрахандағы алғаш сапарымызды осы облыстың орталығына 2008 жылы қойылған Құрманғазы атамыздың ескерткішіне гүл қоюдан бастадық. Бізді алып жүрген Нұржан аға Володар ауданының Алтынжар ауылындағы Құрманғазы кесенесіне де алып барды, атамызға зиярат етіп, құран бағыштадық. Бұл ескерткіштің ашылуы жайлы сөз қозғаған мұражай директоры кесенені ашуға екі елдің Президенттері келгенін, «Елбасымыз Н.Назарбаев пен В.Путиннің екі елдің достығының құрметіне ашылған кесене деп айтқанын» да тілге тиек етті. Елбасы өзі тікелей келіп ашып кеткен, сол кездері «Құрманғазы» атындағы халықарылық мәдени орталық болып ашылған бұл орынның, кейіннен Ресейдің мәдениет минстрлігіне қарағанын, қазір Астрахань облысына қарап деңгейі төмендегенін де айтты.
Астрахань экспедициясына кірісіп те кеттік. Құрманғазы атамыз, Дина апамыз туралы да деректер жинауға тырыстық, Өйткені Құрманғазының соңғы өмірі Сахма деген ауылда өткенін, Дина апамыз өнер жолын осы жерде бастағанын, 1937 жылы Алматыға күй тартыстан бірінші болып жолдама алып кеткенін, сол ауылдың кісілерінен сұрап білдік. Облыстағы Бөкей ханның, Сейіт бабаның кесенелерін де көріп, ол кісілердің басына құран бағыштадық. Мақсатымыз фольклорлық шығармаларды жинау болғандықтан жасы егде тартып қалған аталар мен әжелерді негізге алдық. Осы облыста өткен халық ақындары мен қазіргі ақын-жазушылардың шығармаларын жинауға да атсалыстық. Ыбыр Досалиев, Қадем Пәйзоллаев, Нәпихан Әбуовтың өзінің шығармалары мен жинаған және сақтаған қолжазбалары, «Астртахань қазақтарының тарихы», Мәжіліс Өтежанов, Қамза Наурызбаев, Батырқан Қапашов, Никита Ысқақов, т.б ақын-жазушылардың кітабын ала келдік, Ел аузынан қара өлең мен аңыз-әңгімелер диктафонға жазылып алынды. Бұл жерде Ыбыр Досалиевті айырықша атауымыз 1959 жылы Ахмет Жұбанов осы кісіні арнаулы іздеп барып, сұхбаттасып, Құрманғазы туралы көптеген мәлімет алғанын, Хамит Ерғалиев те іздеп барып әңгіме дүкенін құрып, біраз тарихқа қанығып қайтқанын да айта кеткен жөн. Ы.Досалиевтің шөбересі Құлымбет Досалиев атасының қазіргі қазақ жазуымен жазылған қолжазбасының фото көшірмесін, араб әрпімен жазылған қолжазбасын бізге берді. Моллалардан сауат ашқан ол кісінің қолжазбасын оқып түсінудің де қиынға соғатынын айта кеткен лазым.
Астрахань облысының біраз ауылдарын аралап болғаннан кейін, осы облыстағы «Жолдастық» қазақ ұлттық мәдени орталығының бұрынғы төрағасы, Никита Ысқақовпен кездесу өткіздік. Бізбен кездесуге рұқсатын берген Никита Ысқақов Астрахань қаласында тұратын, Ақпай Жаквалиев, Мажит Жакубалиев, Ермек Алиев, Алия Гумарова, Балсұлу Тілегенова қатарлы кісілерді шақырып Астрахань облысының бұрынғы және қазіргі тарихы, ахуалы жайлы пікірлерін ортаға салды. Сөз алған Н.Ысқақов Астраханның тарихын тізбелей келе, қазіргі жағдайына тоқталып, Астрахань облысы бойынша қазақ мектебінің 1965 жылы жабылғанын, содан кейінгі ұрпақтың тағдырына алаңдаулы екенін білдірді. «Құрманғазы» атындағы аймақтық мәдени орталықтың да болашағы алаңдататынын, мүмкіндік болса Қазақстан тарапынан қорғауға, қолдауға ие болса, қаржылай демеушілік жасаса, қазаққа ғана керек қазақ руханияты үшін өте жақсы болатынын да айтты. Елден қолдау болмай, шетелдегі қазақтардың тағдырының қиын екенін де сөз етті. Кездесу үстінде Мәжит ақсақал Астрахань облысының мемлекеттік архивінде «Кедей тілі» деген газеттің барлығын айтты. Осы сөзді ұстаған біз Нұржан Медетовтың көмегімен архивке де кіріп, «Кедей тілі» атты газетті де қолымен ұстап көрдік. Газет 1924 жылдан 1929 жылға дейін араб әрпімен, 1929-1931 жылдар аралығында латын әрпімен шыққанын байқадық. Газеттің сол кездегі жауапты редакторы Нығымет Сәбитов деген кісі болған екен. Газетте көтерілген мәселе сол кездегі қазақ ауылдарының тұрмыстық, мәдени, рухани, әлеуметтік мәселелерін арқау еткені байқалады. Газетті фотоға түсіруге, копиясын алуға рұқсат етпегендіктен фольклорға қатысты кездескен материалдарды қолмен жазып алуға мәжбүр болдық.
Экспедиция барысында ағалардың емес, балалардың, жастардың басым көбінің өз тілін білмеуі жүрек ауыртты. Қаракөз қандастарымыздың өзге елге айналып, жат болып бара жатқаны, ана тілінде «кімсің» деген сұраққа жауап бере алмауы қынжылтады. Жат елдің мәдениетін ұстанған, дінін ұстағанымен тілінен айрылған, ұлттық ғұрыптан алыстап бара жатқан бүгінгі ұрпаққа ағалар тарапынан қолдау, мемлекет тарапынан көмек болмаса, шетелде өмір сүріп жатқан қазақтардан, адам капиталынан айырылып қалатынымызға, келер ұрпаққа Қазақстанның керек те болмай қалатынына көзімізді жеткізетін секілді.
Набиолла Насихат,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының ғылыми қызметкері
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір