• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Мамыр, 02:05:57
Алматы
+35°

12 Мамыр, 2017 Әлеумет

Мешіт имамы экстремист пе?(ВИДЕО)

Исрафил Бегей  біраз уақыт бұрын Ираннан Қазақстанға көшіп келген, әйелі мен 3 баласы бар екен. Ол Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы мешіттердің...

Исрафил Бегей  біраз уақыт бұрын Ираннан Қазақстанға көшіп келген, әйелі мен 3 баласы бар екен. Ол Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы мешіттердің бірінде имам болып қызмет атқарған.Үндеу жариялағандардың айтуы бойынша, ол жат ағым өкілдерімен ашық сұхбат жүргізіп, жат ағымда жүрген жастардың тура жолды табуына көмектескен екен. Оның уағыздары Youtube желісінде кең тарап, көп көрермен жинаған. Аздаған уақыт ішінде көптеген шәкірт тәрбиелеп те үлгерген. Исрафил Бегей Қазақстанда 3 – 4 жыл бұрын көшіп келсе де осыған дейін азаматтығын ала алмай келген. Азаматтық ала алмауының да өз себебі бар. Оған Жаңаөзен тұрғындарының айтуы бойынша экстремист деп жала жабылған.  Оған экстремист деп жала жабылды ма, әлде шындық па белгісіз болып отыр. 

Исрафил Бегейге байланысты осындай мәселеден кейін Жаңаөзен тұрғындары Елбасыға видео үндеу жариялай бастады. Олар мешіт имамының азаматтық алу кезіндегі мәселені шешіп беруін өтінді.

 «Мен Дауыл Шалқарың анасы Сатқанбаева Жазира баламды мешітке жіберуге қорқатын едім. Исрафил ұстаз келгелі баламды алаңсыз мешітке жіберетін болдым. Мен оның жат ағымды уағыздап жүр деген жалаға сенбеймін. Құрметті Елбасы Исрафил ұстазға көмектесуіңізді сұраймын»,- депті Жаңаөзен қаласының тұрғыны.

Оның  шәкірттерінің ата-анасы осыған ұқсас видео үндеуді көптеп жариялауда. Барлығы да бұрынғы имамының ақталуын қалап,Елбасыдан  көмек көрсетуін сұрайды. Сонымен бірге орталық мешіттің жамағаты да Елбасыға арнайы видео үндеу жасаған.

Осыған оқиғаға байланысты ҚМДБ-ға хабарластық.

«Исрафил Бегей 1 жыл көлемінде, нақтырақ айтқанда, 2015-2016 жылдар аралығында Жаңаөзен қаласындағы мешітте тағылымдамадан (стажировка) өтті. Сынақ мерзімі барысында оған қатысты құзырлы мекеме өкілдері тарапынан сұрақтар туындады. Осыған байланысты Исрафил Бегейдің қызметі уақытша тоқтатылды», деді ҚМДБ-ның баспасөз меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы.

Біздің елде шетелден келген қазақ азаматтарына жұмыс табу айтарлықтай оңайға соқпайды. Ал Иран елінен келген қазақтың қалайша мешітте имам болып жұмыс істеді деген сұраққа Ағабек Қонарбайұлы былай жауап берді: «Құзырлы мекеме өкілдері тарапынан тексеріс жүргізіліпті. Қазір анықтау жұмыстары жалғасып жатқан көрінеді». 

Оның айтуы бойынша, Исрафил Бегейдің азаматтық алу туралы жазған өтініші тиісті мекемелер тарапынан қанағаттандырылмағаны туралы анықтама бар екен. Алайда оның Қазақстанға қашан келгені туралы ешқандай деректің жоқтығын, сонымен бірге 2015 жылдың басынан бастап  Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы мешіттен тағылымдамадан өту туралы өтініші мақұлданғанын айтты.

Сонымен қатар Ағабек мырза Исрафил Бегейдің азаматтығы жоқ бола тұра қалайша имамдық қызметке араласқаны жөніндегі сұраққа былай жауап берді: «Қазақстанда азаматтығы жоқ имамдар имамдық қызметке тағайындалмайды. Құзырлы мекеме өкілдері тарапынан тексеріс жүргізілгені. Қазір анықтау жұмыстары жалғасып жатқан көрінеді.Исрафил Бегейдің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан ресми бұйрығы болған жоқ.  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шеттен келген бауырларымыздың азаматтық алғаннан кейін діни қызметке тағайындау туралы өтініштерін қанағаттандырып, барынша қолдау көрсетіп, қамқорлық жасауда. Атап айтқанда, Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» университеті мен Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтында Моңғолиядан, Қытайдан, Өзбекстаннан, Ресейдің Алтай Республикасы мен Омбы аймағынан, т.б. келген қазақ жігіттеріне арнайы гранттар бөліп, тиісті діни қызметтерге тағайындауда. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламамен солтүстік аймаққа көшіп жатқан қандастарымызға да мешіт тарапынан әлеуметтік қолдау жасалып, қайырымдылық көмек көрсетілуде».  

Аталған мәселенің қашанға дейін созылатыны әзірге белгісіз. Бірақ Жаңаөзене тұрғындары мәселе шешілгенге дейін қолдарынан келгеннің бәрін жасайтын сыңайлы. Олардың видео үндеулерінің саны күннен-күнге көбейіп келеді.

Қамшыгер: Әсел Өтешова

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір