• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Мамыр, 14:50:30
Алматы
+35°

06 Наурыз, 2015 NEWS

Интернет-конференция: Нәзия Жоямерген(І жауап)

Құрметті, оқырман! Интернет-конференциямыздың қонағы – «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті, Қазақстандағы Әйел журналистер клубының басшысы Нәзия...

Құрметті, оқырман! Интернет-конференциямыздың қонағы – «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті, Қазақстандағы Әйел журналистер клубының басшысы Нәзия Жоямергенқызы оқырмандар сұрағына жауап берді.

саяжан:

орыстардың :”тауық-құс емес, журналистика-ғылым емес” ,-деген мақалы бар. қазіргі журналистере қарап тұрсақ білімі расында таяздық танытып жатады.жалпы журналистере оқыталатын пәндердің керектісінен кересізі көп. болашақта жуналистердің кемшілігін бетке ала отырып, жаңадан пәндер қосу керек болса сіз қандай пәндерді оқытуға ұсыныс тастар едіңіз?

Жауап:

«Журналистика –  ғылым емес», «журналистерді оқытып қажеті жоқ» деген сарындас пікірлерді естігенде құдды «дәрігерді оқытып қажеті жоқ, бақсы-балгерлер ауруларды өздері-ақ емдеп жазады» деген сияқты әсер етеді маған. Рас, журналистика ғылымдарының кандидаты немесе докторы бола алмайсыз, бірақ журналистика – терең талдауды, жан-жақты ізденісті талап ететін сала. Сіз дұрыс айтасыз, өкінішке қарай, қазір журналистерге қажеті жоқ пәндер мен тек теориялық қағидаларға сүйенетін жайттар жиі кездеседі. Өкініштісі, бұл кез келген мамандыққа тән кемшілік. Меніңше, журфактың бірінші курсына түскен бойда жастарға студент деп емес, дайын журналист деп қарау қажет. Олардың мойнына осы жауапкершілікті артып, олар сол ауыр жүкті шын сезінгенде ғана 4 жылдың ішінде кәсіби білігі мен білімі мол маман ретінде қалыптасып шығады. Соңғы кездері, әсіресе, «Түркітілдес журналистер қорын» құрғалы бері студенттермен және жас журналистермен тығыз жұмыс істей бастадық. Байқайтыным, журналистиканың қарапайым заңдылықтарын меңгермегендер көп. Тіпті, кейде 3-4 курстың студентінен жанрлар мен олардың басты талаптарын сұрасаң, жауап бере алмай мүдіреді. Қолдарында қызыл дипломы бар, университет қабырғасынан жаңа ғана шыққандардың өзі кейде қарапайым заметканы жаза алмай қиналады. Журналистік зерттеу, сараптама, репортаж бен сатиралық жанлар туралы айту артық. Енгізілуі тиіс пәндерге келсек, меніңше, тәжірибеге баса назар аудару қажет. Сосын телеарналардан гөрі, газет, журнал, интернет сайттарға жазуды талап еткен жөн. Өйткені телеарна кәсіби тұрғыда шыңдалуға аса тиімді емес. Ізденіс пен терлеуді қажет ететін – басылымдар. Сосын қалыптасып болған соң телеарналарға ауысуға болады. Әлбетте, туабітті таланттарға қатысты емес бұл талап.

Тұрдыбек Құрметхан:

Нәзия ханым, сіз қоғамдағы қазаққа қатысты кез келген мәселеден тыс қалмайсыз, қазаққа деген зор құрметіңіз бен адал махаббатыңызға Алла риза болсын! Ал, алдағы уақытта қандай жоспарыңыз бар? Қазір Нәзия ханымды журналист, қоғам белсендісі ретінде көріп жүрміз, болашақта үлкен саясаткер ретінде көруіміз мүмкінбе?

Жауап:

Жылы лебізіңіз үшін Сізге де Алла разы болсын! Негізі Қазаққа, ұлтқа қатысты кез келген мәселеден Сіздің де тыс қалмайтыныңызды білем. Менің ұғымымда, әрбір азаматтың МЕНІ мен ҰЛТТЫҚ НАМЫСЫН бөлежару мүмкін емес. Ұлтқа жанашырлық – ұрпағыңның жарқын келешегіне жанашырлық. Қара бастың қамын күйттегендер мен табанының бүрі жоқ сатқындар ешқашан ұлт туралы істерге араласпайды. Ұстанған қағидасы, мақсаты мен мұраты бөлек олардың. Арманым, ұлтқа қызет ететін ұлдар көбейсе екен қазақта. Саясаткерлікке келсек, өмірден бәрін күтуге болады. Егер елге, Туған жерге, қарапайым халыққа қызет етуді нәсіп ететін саяси лауазым болса, мен қарсы емеспін. Тек қолбала саясаткерліктен Құдай сақтасын!

Қуангүл Молдажанова

«Түркітілдес журналистер қорының» мақсат-мүдесі не? Нақты қай саллаарды назарға алады?

Жауап:

«Түркітілдес журналистер қоры» Қоғамдық қорын құрудағы басты мақсат – қазақ, түрік, әзірбайжан, татар, қырғыз, өзбек, түркімен, башқұрт, ұйғыр т.б. түбі бір түркі журналистерінің ынтымақтастығын күшейту, өзара тиімді серіктес орнату, жедел ақпарат алмасу, түркілердің ақпараттық кеңістігін қалыптастыруға және қазақ журналистерінің кәсіби білігін арттыруға ықпал ету. Былтыр Түркияның Бодрум қаласында өткен Түркі кеңесінің IV саммитінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемінің ақпараттық кеңістігін қалыптастыруға ұсыныс білдірді. Жүктелетін міндет  – түбі бір түркінің тарихын, рухани құндылықтарын, салт-дәстүрі мен мәдениетін насихаттау. Елбасы осы мақсатта ортақ телеарнаға құруға шақырған. ВВС, әл-Жазира сияқты әлемді мойындатқан құрылым болса деген. Қолдан келетін шаруа, неге жүзеге асырмасқа? Тек ниет пен құлшыныс кенде түспесе. Әсіресе, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, нақты да жедел ақпарат алуда түркілермен бірлігіміз аса маңызды. Біз Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан мен Татарстан тұрмақ, мұрнымыздың түбіндегі қырғыздар елінде не болып жатқанынан бейхабармыз. Ресейлік БАҚ арқылы аламыз. Онда да Ресейдің және ақпаратты алған БАҚ-тың мүддесін көздей жазылған деректер қолымызға тиетіні. Қазақтың, Қазақстанның мүддесіне, бауырлас түркі елдердің саясатына қарсы келуі мүмкін. Бірақ оған бас ауыртпаймыз, орысшадан тарсылдатып қазақшаға аударамыз да, астына өзіміздің аты-жөнімізді сарт еткіземіз. Ақпараттың рас-өтірігін тексеруді талап ететін басшы аз. Өйткені олардың да басы ауырмайды. Екі жыл бұрын Стамбұлдың Таксим алаңында болған оқиға туралы Қазақстанның журналистері ресейлік БАҚ-тан алды. Орыстар не жазса, соны айны-қатесіз көшіріп басты. Түркияға тікелей шығып, жағдайды сұрағандар аз. Мұндайда шет тілін білу де аса маңызды екені белгілі. Тым құрығанда ағылшынша біл. «Түркітілдес журналистер қорын» құра отырып, біз түркілермен қатар өз қандастарымызға, яғни, қазақ журналистеріне баса назар аударамыз. Әлеуметтік желілер арқылы байқап жүрсеңіз, кейінгі кездері қазақ журналистерге арналған семинар-тренинг, шеберлік сабақтарын жүйелі де жиі өткізуді қолға алдық. Біз әлемдік деңгейге ұмтылған қандас әріптестер көп болса дейміз. «Түркітілдес журналистер қоры» Қоғамдық қорының жанынан Қазақстандағы Әйел журналистер клубы, Жас журналистер клубы құрылды. Олардың мақсат-мүддесі де Қордың ұстанған бағытымен үндеседі.

Арай:

Қазақстандағы Әйел журналистер клубының басшысы екенсіз, ос клуб туралы айтып кетсеңіз, қандай мақсатта құрылды? қандай әрекеттер жасалып жатыр? Араларыңызда қандай мәселелер талқылаып нелер жасалады? Қазақ журналистикасы үшін клуб не істеп жатыр?

Жауап:

Арай, қазір Қазақстан баспасөзінде ғана емес, жалпы әлемдік журналистикада қыз-келіншектердің салмағы басым. «Журналистика – ерлерге арналған мамандық» деген ұғым қазір ескірген. Есесіне, анау-мынау саясаткеріңнің мысын басатын қаламы қарымды журналист әйелдер көбейді. Қазақстандағы Әйел журналистер клубын құрғандағы мақсатымыз да қазақтан шыққан журналист қыз-келіншектердің білімі мен білігін, кәсіби шеберлігін арттыруға үлес қосу. Қазір Клуб Қормен бірге бірнеше тегін семинар-тренинг, шеберлік сабақтарын өткізді. Жуырда ғана түркі ақпараттық кеңістігін қалыптастыру, қазақ журналистерінің кәсіби бірлігі мен білігін көтеру тақырыбына әріптестерді жинап алып, келелі кеңес өткізді. Шараға «Ақиқат» журналының Бас редакторы, белгілі журналист Аманхан Әлімұлы ағамыз, «Ұлан» газетінің басшысы Жұлдыз Әбділда, «Жас қазақ» газетінің жауапты хатшысы Гүлзат Нұрмолда, қазақ журналистерінің құқығын қорғауда талай әріптестің алғысына бөлінген, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымының өкілі Ғалия Әженова т.б. қатысты. Сонымен қатар Клуб мүшелері түркі елдерімен ынтымақтастық орнатуға кірісіп кетті. Жуырда ғана Түркияның Бұрса, Инегөл, Стамбұл қалаларында болып, ондағы түрік әріптестермен серіктестік орнатып қайтты. Бұйыртса,     биыл мұндай сапарларымыз жиілейді.

Айгерім Сыдыбаева:

Нәзия ханым, Қазақтың маңдайына біткен аяулы қыздарының бірісіз, бірегей журналистсыз, саяси мәселелергеде үн қосып жатасыз, жалпы әйел адамның саясатпен айналысып, тіпті президент болып ел басқаруына қалай қарайсыз? Өзіңізді болашақта президент, болмаса басқада жоғары лауазымды орында елестете аласызба?

Жауап:

Рахмет, Әйгерім! Алла разы болсын. Меніңше, егер Қазақстанның әрбір азаматы лайықты қоғамда өмір сүргісі келсе, Отанға пайдалы істермен айналысуға міндетті. Саясаткерлік те сол сияқты. Жалпы қазақ өзге ұлттарға қарағанда, қыз балаларын еркін өсірген. Беті-аузын тұмшалап, пәренже кигізіп, көпшілік ортадан оқшау ұстамаған. Қазақ қыздарының жігерлі де өр рухты болып өсуі сондықтан. «Жау шапты» деп аттандаған сәтте атқа жайдақ міне сала, ерлермен бірге дұшпанға қасқая қарсы тұрған да – қазақ қыздары. Абырой мен арды, ұят пен намысты өлімнен күшті деп санаған қазақ қыздарына қырық үйден тыю болған. Текті атаның ұрпағынан тараған Аналардың арасында ел басқарғандары баршылық. Демек, ақылы көркіне сай қазақтың сұлулары суырылып шығып, ел басқарып жатса, таңғалмаймын. Бірақ солардың орнына өзімді қоя алмаймын. Ел басқару – менің мақсатым емес қазір. Журналистикаға, ұлтты дамытуға қатысты жоспарларым мен жобаларым көп. Соларды жүзеге асырсам деймін. Мемлекет пен ұлтқа қызмет ететін ер азаматтар баршылық, соларға сеніп тапсырған жөн.

Дәриға:

Сізді білікті журналист, ұлтшыл түлға ретінде жақсы танимыз, ал отбасында қандай әйел, қандай анасыз?

Жауап:

Отбасында кәдімгі әйел, кәдімгі анамын. J Далада қаламды қару етсем, үйде қолымнан қазаным түспейді. Кір жуу, ыдыс, тамақ, үй тазалығы бәрі менің мойнымда. Балаларым мен пісіретін бауырсақ, тәтті тоқаш, торт пен бәлішке үйренген. Мәнті, палау, лағман, бұқтырылған тауық пен түшпара – балаларымның сүйікті асы. Соңғы кездері печенье жасаудың қас шебері болып алдым. )))) Ванильді, кокос қосылған, шоколадты не жаңғақпен... Интернет аман болсын, балалар таңертең мектепке, балабақшаға кетіп бара жатып, тапсырыс береді. Кешке дейін сол тапсырыс дайын тұруы керек. «Мақала жазам, кездесуім бар, журналистерге шара өткізетін едік» деген сылтау өтпейді мұндайда... Сабақтарын қадағалау, мектепте мұғалімдермен кездесу, ата-аналар жиналысына бару да менің мойнымда. Кейде әйелдерге де тән қулық та қажет. Алтыншы сыныптағы үлкен ұлымның сабағына әкесі көбірек бөлуі үшін соңғы кездері ата-аналар жиналысы болатын күні «ауырып қалатынды» шығардым. J Мінзі тентектеу, анау-мынауды мойындағысы келмейтін ұлым жиналыстан кейін міндетті түрде әкесінің адында есеп береді. Соңғы кездері күнделігі беске тола бастауы да соның арқасында. Әйелдің мұраты мен мақсаты – арқасүйер азаматының түтінін түтетіп, ұрпағын жалғастыру. Ал Ананың міндеті – баласының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, тәртіпті де мейірімді, ақылды да иманды, білімді де білікті етіп тәрбиелеу. Аллаға шүкір, өзім таңдап, сүйіп тиген азаматымнан үш балам бар. Тұңғышым Нұрахметім биыл бірінші мүшелін толтырады, екі ұлдың ортасындағы қызғалдағым Алтынайым сегізге толады, ал кіші ұлым Асқарым беске аяқ басады. Үшеуі -  үш түрлі әлем. Үшеуінің мінезі үш түрлі, талғамы мен қызығушылықтары да. Алайда, үшеуіне де қойылатын талап бір: тек қазақша сөйлесу, кітапты көп оқу, сабақты жақсы оқып, еліңді, руыңды білу, ҚАЗАҚ екеніңді ұмытпау, өтірік айтпау, біреуді жамандамау, қызғанбау және күндемеу, адамдарды бөле-жарып, алаламау, сыныптағы барлық баламен дос болу, қиналғандарға көмектесу, «өле жегенше бөле жеу» т.б. Яғни, бізге бала күнімізде әке-шешеміз нені үйретсе, біз де балаларымызға соны сіңіреміз. Менің шаруалардан шаршағаным немесе қиналғаным есіктің сыртында қалады. Отбасындағы береке мен бірлік ең алдымен әйелдің сабыры мен ақылына тікелей байланысты. Қазір қит етсе, төркінге қарай тұра шабатын келіндер көбейген. «Қайтып келген қыз жаман» деген аталардың нақылы адыра қалғандай. Үй ішіндегі әңгімені шешесіне соңғы жаңалықтай асыға жеткізетіндер де баршылық. Не болғанын айтып, күнделікті есеп беріп отыратын келіндерімді көргенде шыдамай кейде ақыл айтам: «Отбасың – сенің қорғаның, алынбас қамалың. Оның ішіндегі сыр сыртқа шықпауы керек, төркініңе де мұң шағуды әдетке айналдырма» деп. «Басына тартсаң, аяғына жетпейтін» қу тіршіліктің кесірінен ұрыс-керіс жиілеген шаңырақтарда. Бірақ қолдың кіріне бола бет жыртыспауға тырысу керек. Балалар бар жерде жолдасымыз екеуміз бір бірімізге қатты сөйлемеуге тырысамыз. Өйткені бала психологиясы шаң-шұңды, ауыр сөздерді көтере алмайды. Әрбір Ана баласын жамандықтан, кері әсер ететін жағымсыз энергиядан қорғайды ғой.

  Мөлдір Кеңес:

Қазыргі көші қон мәселелеріне қалай қарайсыз? ойдағыдай жүріп жатырма? шеттегі және шеттен келген қандастарыңызға көзқарасыңыз қандай?

Жауап:

Бастапқыда қарқынды көш тоңтаңқырап қалғаны белгілі. Мемлекеттің саясаты шеттегі қазақтарды барынша көптеп елге, Атажұртқа тартуы тиіс. Әсіресе, орыстанып кеткен солтүстік аймақтарға орысша білмейтн қандастарды шоғырландырса, аз уақыттың ішінде ақ қазақыланып шыға келеді. Мен әлбетте, оралмандарға, шеттен келген қандастарға жақсы көзқарастамын. Адам өз бауырын, қандасын жек көруі мүмкін емес қой. Кейде шекара сыртынан келген қазақтарды қыжыртып, кекеткісі, арандатқысы келетіндер кездеседі. Ондайлардың бетін қайтарып тастаймын бірден. Оралмандарға оң көзбен қарай алмайтын «сыңаржақтар» билік басында кездессе, тіпті жаман. Сосын Қазақ еліне келгелі жиырма жыл өтсе де, қолында ҚР азаматы деген төлқұжаты болса да, «оралман» деп айдар тағу дұрыс емес. Олардың бәрі белгілі бір кәсіпті меңгерген, сауда мен шаруаға мығым келетіндіктен, көре алмаушылық та байқалып қалатын сияқты ішімізде. «Оралман» статусы – уақытша құбылыс. Қолына төлқұжат тигеннен кейін ол қандас оралман емес, ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ! Біз ойратқа, шүршітке қиған осы мәртебені елін, Атажұртын аңсап жеткен бауырға қиғымыз келмейді. Бұл дұрыс емес! Кейде қазаққа қарсы жұмыс істейтін бір жымысқы топ шеттен келген қандастарға бізді айдап салып, іштен іріткісі келетіндей әсерде қалам.

Бейбіт:

Сәлеметсізбе! сізге шығармашылық табыстар тілеймін! Өзіңіз бір талай ақпарат құралында жұмыс жасаған екенсіз, сізге ең жақын болған, көзіңізге ыстық, көңідліңізге қымбат жұмыс орыныңыз қайсысы?

Жауап:

Рахмет! J Әр секундым, әр минутым өткен мекендер маған тек жақсылық сыйлады. Жақсы адамдармен таныстым, жақсыдан үйрендім,жаманнан  жирендім, тәжірибе жинақтадым. Сондықтан қызмет еткен әр редакция маған өте ыстық.

Ілелік Қазақ:

21-ғасыр ақпарат соғыс ғасыры, ал осы соғыс майданында біздің ақпарат құралдары қаншалықты дайын? неден ұтып, неден ұтылып келеміз?

Жауап:

Ақпараттық соғысқа біздің БАҚ дайын емес, қазірдің өзінде есе жіберіп жатыр. Отандық өнім, бағдарламалар, көркем фильмдер жоқтың қасы, келешек ұрпақ қазаққа «үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын» шетелдік сериалдармен сусындап өсуде. Яғни, саналар улануда. Дабыл қағудан кенде емеспіз, тек еститін құлақ жоқ. Қазақ қоғамының қазақ және орыстілді болып екіге бөлінуі – басты кедергі. Орысша жазатын әріптестер «жылу берілмей қалды», «су құбыры жарылып кетті», «тегін дәрі бермей жатыр» деген сарындас «отбасы, ошақ қасылық» тақырыптардан аса алмаса, қазақ журналистері ұлттық және мемлекеттік идеология, территориялық тұтастық, ұлттық қауіпсіздік, тіл, діл, дін, тарих пен рухани құндылықтар сияқты ел іргесінің берік болуына ықпал ететін тақырыптарды көтереді. Әлбетте, журналистің басты міндеті – қоғамды ақпаратпен қамтамасыз ету. Бірақ дәл қазіргідей алмағайып заманда мемлекеттік мәселелер аса маңызды. Әрі әлеуметтік мәселелерге құмар әріптестер көбінесе өз редакцияларының саясатымен үндесетін ақпаратты ғана береді. Қазақстанда хабар таратады, лицензиясын Қазақстаннан алған бірақ өзге елдің сойылын соғатын телеарналар мен басылымдар, Интернет порталдар мен сайттар бар. Меніңше, Ұлттық қауіпсіздік қызметіндегілер Қазақстанның мемлекеттік саясатына қарсы әрекет ететіндерді тезге салуда белсенді болуы тиіс.

 Аяжан:

Журналистика саласы әйел адамдарға ауыр келеме? алдарыңыздан түрлі кедергілер шыққанда нәзік жандылар қиналып қалмайма?

Жауап:

Кез келген мамандықтың өзіне тән ауыртпалығы мен қиындығы бар. Журналистика жыныс талғаайды. Қазір әйел журналистердің көбеюі – соның дәлллелі. Кедергілер болған, бар, бола береді. Өмірдегі сияқты. Күрес арқылы, жығылып, сүріну арқылы қателіктерден сабақ алу арқылы күшейеді адам. Өз басым журналист мамандығын таңдағаныма, журналист болғаныма қатты қуанамын. Кәсібімді адаспай тапқаныма шүкір деймін.

Тұрар:

“Қазақстандағы Әйел журналистер” клубының басшысы ретінде мықты әйел журналистер кімдер деп білесіз?

Жауап:

Небір мықты журналист келіншектер бар. Кәсіби тұрғыда кез келгенмен бәсекеге түсе алатын, тіпті, шаң қаптырып кететін. Бірақ ешкімді атын атап, түсін түстемеймін. Маған басқалар іштей ренжіп қалатыны анық. J

 Данияр Ермек:

Саясатқа жақын жүретін журналиссыз, сізге кедергі жасағандар, тұрмысыңызға, өміріңізге қауып төндіргендер болдыма?

Жауап:

Жоқ, болған емес, болмасын деп тілеймін.

Жарқын Асубаев:

Түркілер бір одаққа ұйыса алама? «Түркітілдес журналистер қоры» осы мақсатта жұмыс істейме?

Жауап:

Түбі бір түркінің жұмыла жұдырық болуы қиын қазір. Түрлі кедергілер, сыртқы күштердің ықпалы, ішкі түсінбеушіліктер, кейбір мемлекет басшыларының жеке бастарына тән амбициялары, жағрапиялық қиындықтар т.б. «Түркітілдес журналистер қорының» басты мақсаты – түркі журналистерінің бірлігін қалыптастыру.

Ғалым:

Былтыр осы уақытта Мұхтар Тайжан саясаттан кетіп еді, ол кісі саясатқа қайта оралуы мүмкінбе? қабарласып тұрасыздарма?

Жауап:

Мұхаң, Мұхтар Тайжан – мен қатты сыйлайтын, қадірлейтін тұлғалардың бірі. Ұлтқа, елге сіңіріп жатқан еңбегі мол. Сол үшін де сыйлы көпшілікке. Ал саясаттан неге кеткені, қайтып оралу не оралмауы туралы сұрақты Мұхаңның өзіне қойған жөн. Хабарласып тұрамыз, әсіресе, ұлтқа, Қазақ қоғамына қатысты мәселелерді телефон арқылы ақылдасамын. Кейде маған ақылшы аға ретінде кеңес сұраймын.

Ұшқын:

Солтүстік өңірлердің ақуалы сізді алаңдатама? Ол жақта Қазаққа толтыру үшін не істеу керек?

Жауап:

Қазір солтүстік аймақтарды қазақыландыруға қатысты ммемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Оңтүстік аймақтардан сол жаққа қоныс аударғандарға жеңілдіктер бар. Солтүстіктегі жоғары оқу орындарына жыл сайын арнайы қосымша гранттар бөлініп, жастарға жағдай жасалады. Бұл қазақыландыру саясатының алғышарттары. Енді шекара сыртынан келетін қандастарды да сол солтүстік аймақтарға көптеп шоғырландыру қажет.

(Жалғасы бар)

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір