• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 08:58:57
Алматы
+35°

29 Мамыр, 2019 Аймақтар

Жастар жылына арналған дүбірлі дода

9 түрінен жүлделер жиынтығын сарапқа салды.

«Тараз-Арена» спорт кешенінде Жастар жылына орай  жоғары және арнаулы орта оқу орындарының  студенттері арасында да  облыстық спартакиада өтті. Жастар жылына орай ұйымдастырылған шараға 200-ге жуық спортшы қатысып, спорттың волейбол,үстел теннисі, қол күресі, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика  сынды  9 түрінен жүлделер жиынтығын сарапқа салды.

Ең алдымен университет жастары арасында өткен тартысты жарыс  спартакиада көркін қыздыра түсті.  Волейболдан ұлдар арасында  Тараз инновациялық-гуманитарлық  университетінің студенттері қарсылас шақ келтірмесе, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жігіттері екінші, ал Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ұландары үшінші орынға табан тіреді. Қыздар арасында ТарМПУ-дың бұрымдылары қарсыластарынан оқ бойы оза шапты.

жастар жылы

Үстел теннисінде ТарМУ-дың түлегі Айдос Мұқашев теңдессіз атанса, қыздардың ішінде тағы бір ТарМУ-дың студентті Сәуле Иманалының айы оңынан туды.  Қол күресінде ТарМУ-дың үкілеп қосқан үміті Эмиль Аббасов күш атасын танымайтынын танытса,  қыздар арасында да ТарМУ-дың жасы Оксана Письменнаяның шоқтығы биік болды.  Асық атудан Тараз мемлекеттік университетінің өрендері Нұрасыл Шегетай, Әділ Лес және Ерзат Орынбай жүлделі үш орынды өзара бөлісіп алды.

Жеңіл атлетика сынында Тараз мемлекеттік университетінің жастары 100, 200, 1000 және 2000 шақырым қашықтықта  тағы топ жарды. Тоғызқұмалақ ойынында болса,  ұлдар мен қыздар арасында ТарМПУ-дың екі студентті Алдияр Бекбергенов пен Айгерім Мейірханова қола жүлдеге қол жеткізсе, қалған жүлделердің барлығы  Тараз мемлекеттік университетінің қоржынында кетті.

Ал  арнаулы орта оқу орындары  арасында кіші футболдан Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің жастары жүзден жүйрік шықса, волейболдан «Астана» мен «Парасат» колледждерінің бағы жанды.  Үстел теннисінен «Тараз-Ғасыр»  колледжінің білімгері Бекзат Құнанбай жеңіс тұғырынан көрінсе, қыздар арасында Қордай ауданынан келген Салима Юсупова бас жүлдені қанжығасына байлады.

Қол күресінен Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің спортшысы Барыш Рейсовке ешкімнің шамасы жетпесе, қыздар сынында да осы оқу орнының студентті Аружан Қараман қарсыластарын қоғаша жапырды.

Асық атудан Шу колледжінің үміті Алихан Алпаровтың асығы алшасынан түссе, шекем тас лақтыруда қордайлық Фатима Мырзағаева  алдына жан салмады.  

Жеңіл атлетикада 100 метр қашықтықта «Астана» көпсалалы колледжінің білімгерлері биіктен көрінсе, 200 метрде қордайлықтар, 1000 метрде Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің,  2000 метрде «Парасаттың» жастары жасындай жарқырады.

Тартысты өткен спартакиада қорытындысында жалпы командалық есепте Жамбыл политехникалық колледжінің студенттері жеке дара көш бастаса, «Парасат» колледжі екінші, ал Қордай ауданының білімгерлері үшінші орыннан көрінді. Жарыс соңында барлық жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Осылайша Жастар жылына орай ұйымдастырылған үш бірдей дода өз деңгейінде өтіп, өңір жастарының ауызбіршілігі мен татулығын тағы бір мәрте танытты. 

Жайдар Азамат

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір