• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 10:27:50
Алматы
+35°

16 Тамыз, 2019 Аймақтар

Жамбылдағы Жылқышытөбе қалашығында археологиялық зерттеу жұмыстары қарқын алды

Қазақстандық тарихшылардың ерекше қызығушылығын туғызған тарихи нысан аумағында ғылыми қызметкерлермен бірге он адамнан тұратын топ жұмыс істеп жатыр.

Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Жылқышытөбе көне қалашығы орнындағы археологиялық зерттеу жұмыстары қарқын алды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақстандық тарихшылардың ерекше қызығушылығын туғызған тарихи нысан аумағында ғылыми қызметкерлермен бірге он адамнан тұратын топ жұмыс істеп жатыр. Жылқышытөбе қалашығының жұрты өткен жылы Жуалы аудандағы Теріс ауылының маңында археологтар жүргізген барлау жұмыстары нәтижесінде табылған болатын. Мамандар бұл қалашықтың іргетасын біздің дәуірімізге дейінгі ІІ және І ғасырларда қаланған болуы мүмкін деп болжам жасауда. Әрі олардың айтуынша тарихы тереңде жатқан мұндай нысандар республика аумағында сирек кездесетін көрінеді.

– Бұл қалашық осыдан екі мың жыл бұрын тұрғызылған. Мұндай байламға біз жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарының нәтижесінде келіп отырмыз. Қала жұртының орны толықтай аршылатын болса отандық тарих ғылымы бірқатар тың деректермен толыға түсетіндігіне сенімдімін. Қазір қаланың қабырғалары аршылды. Алдын ала болжам бойынша көне қала жұрты екі қабаттан тұрады. Қаланың кей қабырғалары бұзылмай сол күйінде сақталған. Қалыңдығы екі метр, кей жерлерде үш метрге дейін жетеді. Тарихи орынның бірі ретінде «Жылқышытөбені» келешекте туристік орталыққа айналдыруға болады,– дейді Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Дөкей Тәлеев

Тарихшы ғалымдар сонау біздің дәуірімізге дейінгі ІІ және І ғасырларға жататын Жылқышытөбе қалашының орнына орта ғасырларда әйгілі болған Баркуаб қаласының салынуы мүмкін деген ақпаратты да айтады.

–Жылқышытөбе қалашығының жұрты өте үлкен аумақты алып жатыр. Әрі оның қазір қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан тұсы бір кездері басқару орталығы болуы да ғажап емес,–дейді тарихшы Сауран Қалиұлы.

Жылқышытөбе қалашығының жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде ғалымдар байқаған бір ерекшелік қала жұртының шатыры қазақы киіз үйдің төбесіне көбірек ұқсас болуында болып отыр.Тіпті қазба жұмыстары барысында археологтар жерленген адамның сүйектері де табылған. Олар сүйектер кейіннен Бақалы ауылы маңындағы зиратқа қайта жерленген.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір