• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 08:46:59
Алматы
+35°

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы тұрғындардың үлкен қолдауына ие болғаны рас. Осы орайда Жолдауды насихаттау жұмыстары да жер-жерлерде пәрмен алып, көпшілік болып талқылап, ой елегінен өткізу Жамбыл облысында да толыққанды жүруде.

Жуырда «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Манжуов бастаған облыстық ақпараттық-түсіндіру тобы Қордай ауданының активімен кездесті. Алдымен жиналған қауым алдына шыққан топ мүшесі, Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Қ.Бекболатов Жолдаудағы әр бағытқа мейілінше тоқталып, оның мағынасы, елге берері мен ондағы нықтап берілген тапсырмалардың іске асуы, соның ішінде партияның атқарар рөлі турасында баяндама жасап, билік пен бұқара арасындағы ашық диалогтың орын алуы қазіргі заман талабы екенін атап өтті. Осыдан кейін баяндамаға шыққан облыс әкімдігінің жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ж.Әсембаев Жолдаудың басым бағыттары жайында сөз өрбітті. Сонымен қатар, сөзге шыққандар арасында аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы Б.Қарамолдаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Әлімбет тұрақтылық пен өркендеуді негізге алған Жолдаудағы халық көңілінен шыққан көптеген мәселелердің көтерілуін сөз етіп, Президенттің әлеуметтік жағдайға аса назар аударғанына ризашылықтарын білдірді. Осыдан кейін сөз алған ақпараттық-насихат тобының жетекшісі Е.Манжуов заманауи тиімді мемлекет, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі, қуатты өңір – қуатты ел деп аталатын бес басым бағытты қамти отырып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының алғышарттарын кеңінен түсіндіріп қана қоймай, Жолдаудың астарына да мән беру қажеттігін айтып, оны нақты мысалдармен келтіріп берді. Сонымен қатар, баяндамашы Жолдаудағы партияның рөліне жекелей тоқталып, осы ретте өзге партияларға мол мүмкіндіктер берілетіндігін, насихаттау жұмыстарында бастауыш партия ұйымдарына бірқатар тапсырмалардың жүктелетінін және «Nur Otan» партиясының саннан сапаға көшуі турасында кеңінен әңгімеледі. Жиын соңында сөз алған аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Е.Орынбаев Жолдаудағы басым бағыттар бойынша ауданда атқарылатын жұмыстар жайына тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісіп, жұмысшы топ мүшелеріне алғысын айтты.

Осыдан кейін ақпараттық-насихат тобының мүшелері аудандық орталық аурухананың мәжіліс залында медицина қызметкерлерімен кездесіп, насихат жұмыстарын жүргізді. Ақпараттық топ мүшелері одан кейін Әлжан ана ауылында болып, мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесіп, Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталған Жолдаудың жайын насихаттап, тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді.

Осы ретте тағы бір айта кетерлігі, ақпараттық-насихат тобының өзге мүшелері осы күні Степное, Сарыбұлақ, Бетқайнар, Қақпатас және Жамбыл ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, Президент Жолдауын бірге талқылады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір