• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 11:18:32
Алматы
+35°

Биыл іргетасы қаланғанына 30 жыл толатын «JAMBYL» телеарнасы апта басында жаңа маусымын жаңа леппен бастады. Іргетасы 1989 жылдың 1 қарашасында қаланған телеарна – аймақтық филиалдар арасында алдыңғы қатарда тұр. Бұдан бөлек, Жамбыл облыстық радиосы да биыл бір ғасырлық белесін атап өтпек. Яғни, облыстық радионың Әулиеата өңірінен әуе толқынында ақпарат таратқанына 100 жыл толып отыр. Айта кету керек, телеарна ұжымы жаңа маусымда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттердің іске асырылу барысын кеңінен қамтуды көздеп отыр.

Жергілікті арнаның жаңа жобалары жайлы көпшілікке филиал директоры Мейіржан Әлібекұлының өзі таныстырып өтті.

– Тамырын тереңге жайған телеарнаның жаңа маусымы – жаңа жобаларға толы. Түрлі бағыттағы 7 жоба көрермен назарына ұсынылатын болады. Қаймағы бұзылмаған қазақы дәстүр, қарапайым еңбек адамдарының боямасыз өмірі – «Туған мекен» хабарында, ел азаматтарының парасатты пікірі, қарапайым тірлігі, өнегелі өмірі «8-қыр» бағдарламасында, өңірдегі қасиетті жерлер мен елді мекендердің тарихы «8-аймақ» жобасында көрініс табады. Бұдан бөлек, «Ойlike» ток-шоуы, «Қалқан», «Сылдырмақ» секілді белгілі бір аудиторияға арналған бағдарламалар да көрерменге жол тартпақ. Ал, аймақтағы ақпаратты жедел жеткізетін «Жаңалықтар» енді «JAMBYLnews» атауымен тікелей эфирге шықпақ. Жаңа жобалардан бөлек, көрерменге ой салар, сана-сезімдерін рухани байытуға серпін берер, ақиқаттың алдаспаны Шерхан Мұртазаның жазбалар жинағы да жаңа форматты көрермен назарына ұсынылады. «Таңғы тайм», «Түскі тайм» ақпаратты-танымдық, сазды бағдарламасы дүйсенбі мен жұма аралығында 1 сағат бойы тікелей эфирде көрсетіледі. Көрерменмен кері байланысты нығайтуға бағытталған тағы бір жаңа жоба – «Кешкі тайм» бағдарламасы да эфирге шығарылу үстінде, – деген М.Әлібекұлы 30 жылдық тарихы бар телеарнаның осы ғұмырында талай белестен өтіп, тәуелсіздікпен тұспа-тұс келген қиын-қыстау кезеңде аяққа тұруына бар күш-жігерін салған ардагер тележурналист аға-әпкелеріне алғысын білдірді.

Одан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова өз сөзінде жаңашылдыққа ұмтылған ұжымның жұмысына сәттілік тілеп, ақпараттық саясатты жүргізуде, Әулиеата жаңалықтарын жұртшылыққа таратуда облыс басшылығы арна ұжымымен тізе қосып жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

– Жаңа маусыммен қатар 30 жылдық тарихи белесті тойлағалы отырған телеарна ұжымына сәттілік тілейміз. Осы қасиетті қарашаңырақтан қанатын қатайтып, түлеп ұшқан жерлес журналистер еліміздің астанасы мен өзге де қалаларындағы облыстық, республикалық арна ұжымдарында жемісті еңбек етіп жүр. Сондықтан жамбылдық

телеарна республикалық журналистиканың дамуына үлкен үлесін қосып отыр деп айта аламыз. Бұл арнаның ғана емес, аймақтың мақтанышы деуге болады, – деді С.Құрманбекова.

Ал облыстық мәслихаттың депутаты, кезінде телеарнаның директор қызметін атқарған белгілі журналист Мейрамбек Төлепберген де арна ұжымының, жас журналистерінің жылдан-жылға шығармашылық тұрғыдан шыңдалып, жаңа ізденіс жолында келе жатқанына көңіл сүйсінетінін жеткізді. Сондай-ақ, ол осы ұжымның қалыптасып, дамуында айтарлықтай із қалдырған аға журналистердің есімін жеке-жеке атап, сіңірген еңбегіне тоқталды.

Артынша сөз тізгіні тиген елге танымал журналист, отандық телевизия ардагері Қалыбек Атжан да кезінде өзі басқарған ұжымға жемісті еңбек жолын тілеп, ақ батасын берді.

Осы маусымашар салтанатты шараның шырайын кіргізуде Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары барын салып, ән мен биден, күйден шашу шашты.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір