• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 09:44:11
Алматы
+35°

14 Қыркүйек, 2019 Барлық аймақтар

 

Қазақстан тоғыз жолдың торабында орналасқан.  Оның өте үлкен пайдасы бар. Өйткені транзиттік тасымал арқылы қазынаға   қомақты қаржы түседі. Сонымен қатар мұның стратегиялық маңызы да бар.

Халықаралық көлік дәлізінде орналасқан біздің мемлекет шындығында қазір де, болашақта да мұның пайдасын көретіні рас. Жалпы бұл халықаралық дәліз болғандықтан ең алдымен жолдың сапалы болғаны жақсы. Бір ғана мысал, Батыс Еуропа-Батыс Қытай жолыныңғ сапасы қандай жақсы!

Әрине, жол – тіршіліктің күретамыры. Шығыстан батысқа қарай немесе керісінше, батыстан шығысқа күн сайын ағылып жатқан көліктер ағыныена көзсүйсініп қарауға болады. Қайта соңғы жылдары еліміздегі жолдардың сапалылығы күрт артты. Бұл түсінікті де. Бір ғана мысал, халықаралық дәліздің сапалы болуына мемлекет те атсалысып, барынша назар аударып отыр. Мемлекетаралық байланыстар өрбіген сайын транзиттік тасымал да арта түседі.  Әрине, Қазақстанның теңізге шығатын жолы жоқ. Бірақ өзіне стратегиялық, экономикалық тұрғыдан ұпай алатын тұсы бар. Мысалы, Еуропаға апаратын жолдың барлығы да Қазақстан Республикасының жер аумағын басып өтеді. Демек, бұл–халықаралық дәліз. Бірақ пайдалы тұсы да осы.

Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында немесе халықпен кездесулерінде мына бір мәселені үнемі айтып келеді. Еуразиялық бағыттағы инфрақұрылымды дамыту –тұрақты түрде назарда болатын жоба. Сондықтан да  болашақ үшін Назарбаев оған қыруар қаржы жұмсалғанын сөз етіп, одан Қазақстан  алдағы уақытта  пайда көретінін де ашық айтқан. Бір ғана мысал, Қазақстан территориясын басып өтетін «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің ұзындығы жалпы алғанда 8445 шақырымды құрайды. Оның ішінде Қазақстандағы жолдың ұзындығы 2787 шақырым шамасында. Айта кету керек, аталған дәліз Қазақстанның бес облысын, атап айтқанда, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Түркістан және Алматы облысының аумағын басып өтеді.  

Ал мұның қазақстандықтар үшін қаншалықты пайдасы бар?

Біріншіден, жолдың жағдайы дұрысталады.

Екіншіден, жол халықаралық талапқа, стандартқа сай салынады. Үшіншіден, ескі жол сапасыз және онымен жүру ұзақ уақыт алды.

Төртіншіден, сапалы жол жүргізушілер осы артық кеткен уақытты қысқартты.

Бесіншіден, жол бойында сервистік қызмет күрт  дамыды.

Алтыншыдан, сапалы тамақ беретін заманауи кафе, асханалар тиімді бағамен халыққа қызмет көрсете бастады.

Жетіншіден, халықаралық дәліз Қазақстан экономикасының дамуына оң серпін берді.

Сегізіншіден, аймақтар арасында экономикалық сауда-саттық күшейді.

Әрине, мұндай мысалдарды одан ары қарай тізіп, жалғастыра беруге болады. Қалай айтқанда да,  Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық жобасы Қазақстан үшін «ғасыр келісімі» болды. Оған  Еуропалық қайта құру және даму банкі», «Азия даму банкі», «Ислам даму банкі»  және тағы басқа қаржы институттары қаржы құйды.

Рас бүгінде зымырап, тоқтаусыз ағылып жатқан көлік ағынына бүгінде тоқтау жоқ. Өзіңіз де осы жолмен жүріп өтсеңіз, бір нәрсені анық байқайсыз. Таза, тақтайдай жол ең алдымен көңіліңізді көтереді. Әрине, барар жеріңізге жылдам әрі қауіпсіз жағдайда тезірек жеткенге не жетсін?!

Жалпы бұл  «ғасыр жобасы»  идеясы қалай дүниеге келді? Бұл ең алдымен Елбасы, еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келгенін және өміршең болғанын айта кету керек.  

Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізін салу туралы бастаманы алғаш рет 2008 жылы айтты. Осы жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында  Елбасы бұл халықаралық дәліздің маңызы қазір де, болашақта да  зор болып, арта түсетінін қадап айтты. Сөйтіп Ресей президентімен осы халықаралық жолды Ресей территориясы арқылы жалғастыруға келісті. Сонан соң бір жыл өткеннен кейін Қытаймен ортақ келісімге келді. Сөйтіп үшжақты қойылған мемлекетаралық меморандумның арқасында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы өмірге қадам басты. Міне қазір осы халықаралық дәліздің игілігін халық та, сырттан келетін жүргізушілер де көріп жатыр. Осы жолды салу арқылы Қазақстанның транзиттік әлеуеті артты. Бір ғана мысал, бұрын Қытай Суэц каналы арқылы Еуропа құрлығына  өнімін тасымалдайтын болса, қазір экспортталған өнімдер Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бір жағынан жол қысқарса, екінші жағынан уақыт мерзімі де қысқарды. Бұрын Еуропаға жөнелтілетін Қытай тауарлары теңіз арқылы 40-45 күнде жеткізіліп жүрсе, Қазақстан аумағындағы жол арқылы ол күрт қысқарды. Енді 10-12 күнде Қытайдан шыққан контейнер жүк көлігі Еуропаға жететін болды.  

Бұл орайда Қазақстан да өзінің транзиттік әлеуетін жыл өткен сайын арттыруды жоспарлауда. Бұл орайда 2020 жылғы қарай еліміз контейнерлермен тасымалданатын жүктің мөлшерін 2 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр. Алдағы уақытта тасымалдан түсетін табыс та молая түспек. Елбасы осыған байланысты транзиттік тасымал арқылы келетін пайданы 5,5 есе арттыруға тапсырды. Әрине, мұның барлығы да орындалатын мүмкіндігі бар нәрсе. Нақты айтқанда, қомақты қаржы салынған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінен түсетін пайда да алдағы уақытта қомақтылана қоржынға түсетіні анық. Оның үстіне алдағы жылдары аталған халықаралық дәліздің кейбір бөлігін ақылы ету де жоспарда бар.  

Тағы бір айта кететін бір нәрсе, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық жобасының пайдалануға берілуі  бүгінгі таңда туризм саласының күрт жандануына себепкер болып отыр. Оның үстіне осы жолдың бойында Қазақстанның қаншама тарихи ескерткіштері мен бай, көне жәдігерлері жатыр. Әлі де талай рухани қазыналық кешендер бой көтермек. Мұның барлығы да туристердің қызығушылығын арттырады және де жергілікті келушілер де, отандық туристер де мұның тарихи маңызын айқын сезініп отыр деп айта аламыз.

Әрине мұның барлығы да Елбасы қол қойған 100 нақты қадам Ұлт жоспарынан бастау алып  отырғаны  сөзсіз. Ұлт жоспарының 65 -қадамында «Қазақстанды көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялау. Еуразиялық трансконтинентальдық дәліз» мультимоделдік  көлік дәлізін құру. Ол Орта Азиядан Еуропаға жүк транзитін кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деп атап көрсетілген. Демек, жол ұзарған сайын еліміздің транзиттік әлеуеті де арта түседі. Бізде «Еуразиялық трансконтинентальдық дәліздің» әлеуетін айқын сезіне бастадық. Өйткені  бұл жол қазіргі уақытта экономиканың күретамыры болып отыр. Біз әзірге жүзеге асып, пайдалануға берілген Қазақстан территориясы арқылы өтетін ең үлкен «Батыс Еуропа- Батыс Қытай халықаралық дәлізін ғана сөз еттік. Әрине, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыратын басқа да халықаралық бағыттар жетерлік. Ол жөнінде әңгіме кейінірек..

Еркін Қалдан, сарапшы

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір