• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 11:18:07
Алматы
+35°

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жамбыл облысында көптеген игі жұмыстар жүзеге асырылуда. Әсіресе, ауылдан түлеп ұшып, жетістікке жеткен азаматтардың туған жерін ұмытпай, өскен мекеніне түрлі сый-сияпат жасауы көптің қолдауын тапты. Осы ретте, жуырда Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, қордайлық қылқалам шебері Өжет Нүсіпбаев Қарасай ауылындағы қазақ мектебіне өзінің жаңа туындысын тарту етті. Бұл – даңқты баба Қарасай батырдың майлы бояумен салынған бейнесі.

Өжет Қазыкеұлының шығармашылығы қордайлықтарға көптен мәлім. Балалық шағы Алмалының тұмса табиғаты аясында өткен оған суретшілік өнер анасынан дарыған. Уәзипа ана он саусағынан өнері тамған ісмер, қолынан қайшысы түспей, бүкіл ауылдың текемет, сырмақ, тұскиіздеріне көзбен-ақ мөлшерлеп небір ғажап ою-өрнектерді сызып шығатын еді. Өжет 1970 жылы Фрунзедегі көркемсурет училищесін үздік бітіріп шықты да, содан бері жүрегі қалаған кәсібінен қол үзген жоқ. Сурет өнерінің живопись, графика, теріге бедерлеп бейне салу түрлерімен айналысты. Үнемі жаңа образдар сомдаумен тың  ізденіс үстінде  жүреді. Оның қазіргі туындыларынан өмірдің  мәні  туралы салмақты  ойлар  аңғарылады. Басты  тақырыбы «Ұлы дала», әлемдегі  мәңгі  қозғалыс пен  бітіспес тартыс. «Ұлы  даланың  символы», «Дала  нышаны», «Жыл құстары», «Мәңгүрт», «Түрлі-түсті әлем» т.б. атауларынан-ақ  суретшінің айтар ойын білуге  болады. Оның  әр  жылдарда Алматы,  Бішкек, Тараз  қалаларында тақырыптық көрмелері өткен, бірқатар туындылары Түркия, Қытай, Жапония, Алмания, Грекия тәрізді  шетелдерде жеке  коллекцияларда қойылған. Әсіресе, Тараздың 2000 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына және «Рухани  жаңғыру» тақырыбына арнаған «Жібек  жолы», «Өркениеттің  дамуы», «Халықтың  рухани қазынасы» тәрізді шығармалары  да көрермендер мен өнертанушылар  тарапынан жоғары бағасын алды.

Өжет Қазыкеұлының  қылқаламынан әлі  де небір ғажайып туындылар жасалуда. Өткен  жылы  «Рухани  жаңғыру» бағдарламасы  аясында  Қарасай  ауылдық  әкімдігінің  ұйымдастыруымен өткен  ауыл түлектерімен болған  кездесуге  барғанда жаңа салынған «Аламан бәйге» картинасын тарту етті. Жерлестері де қарап  қалмай, мұның иығына шапан  жауып  құрметтеді. Сол кездесуде өзі  бала  кезде білім  алған байырғы  қазақ  мектебінің  ұжымы білім  ордасына Қарасай  батырдың үлкен суретін салып  беруді өтінген еді.  Міне, жерлестерінің  бұл тапсырысы да сәтімен орындалды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір