• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 06:14:07
Алматы
+35°

2020 жылдан бастап елімізде браконерлікпен айналысқандарға қатысты заңның күшейтілгені белгілі. Бұдан былай елімізде заңсыз аң аулаумен айналысқандар 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Қылмыстық Кодекстің 337-бабында осылай делінген. Ал сирек кездесетін, құрып кетудің алдында тұрған аңдарды аулағаны үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр. Бұдан бөлек өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспектордың, қорықшылық қызметінің өміріне қол сұғушылық 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Міне, биыл жаңа заң осылай өзгерді. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл өте орынды. «Браконьерлік экономиканың шикізат саласы болғандықтан біз үшін мұндай қатаң қадамдарға барған дұрыс, – дейді мамандар.

Мәселен, заңгер Ілияс Мұқановтың айтуынша, браконьерлермен біржақты күрес нәтиже бере алмайды. Сондықтан осылай заң жүзінде барлығын шегелеп, бақылау мен қадағалауды күшейткен жөн.

– Браконьерлік республика үшін Кеңес заманынан бері проблема болды. Кезінде  арнайы мамандарды Алматыдан  Ақмола облысына бекіре тұқымдас балықтарды қорғау үшін 49 күндік іссапарға жіберетін. Сол тоқсаныншы жылдары адамдардың көпшілігі жұмыссыз  және еңбекақысыз отырғанда, қоршаған ортаға қысым ауқымы әсіресе ауыр болды. Қазірдің өзінде заңсыз аң аулаумен айналысу бар. Тіпті киіктерді ату, бөкендерді аулау оқиғасы тіркеліп тұрады. Мысалы, былтырғы жылы елімізде ІІІ-дәрежелі Барыс орденінің иегері қорықшы Нұрлан Ерғалиев (53 жас), браконьерлердің қолынан қаза тапты. Былтыр шілде айында Ақмола облысының «Охотзоопром» қызметкерлері, қорықшы Қаныш Нұртазинов (қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды) заңсыз аң аулаушылар атып өлтірсе, Самат Оспанов (ІІ дәрежелі "Айбын" орденіне ие болды) жарақат алды. Сондықтан біз үшін заңсыз аң аулаумен күресті нығайту, оңтайлы жолға қою маңызды болмақ, – дейді заңгер Ілияс Мұқанов.

Мамандардың пайымдауынша, біздің елде заңсыз аң аулау мәселесі туралы айтқанда тек аңшыларды ғана емес, балықшыларды да тілге тиек етпей болмайды. Бұған қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі: «Шығыс Қазақстан облысы ІІД-де Марқакөл көліндегі браконьерлердің жағдайы туралы білмейді. Бұл жерде негізгі мәселе полиция уәждемесі мен табиғат қорғау құрылымдарының осындай қылмыстық топтармен күресі. Іс жүзінде көлде заңсыз, бірақ пайдалы бизнес орныққан. Ал егер біреу біреуден үлкен ақша жинаса, онда әрдайым заң алдында жауап беру қаупі бар» деген болатын.

Бұл ретте заңгер Ілияс Мұқанов:

– Кезінде Тәуелсіздікті ең алғаш алған тұстары суық қару ұстайтын браконьерлер өте аз еді. Ал қазірде барконьерлікті бизнестің көзіне айналдырып, мол табыс тауып үйреніп қалғандар тіпті қорықшылардың өмірін қиюға дейін барады. Олардың көбісінде дерлік суық қару бар. Сондықтан өз басым, 2020 жылдан бастап заңның қатайтылғанын дұрыс деп санаймын. Бұдан бөлек жергілікті билікке, әкімдіктерге де осы заң аясында жұмыс істетіп, қадағалау, бақылау жұмыстарын дер кезінде қолға алу керек деп есептеймін, – дейді.

Жалпы, мамандар, жоғарыда айтқанымыздай, браконьерлік экономиканың шикізат саласы екенін алға тартып отыр. Осы ретте сарапшылар Қазақстан үшін заңсыз барконерлікпен күресу және оны тоқтату біршама мүмкіндіктер ашатынын алға тартты. Мамандардың айтуынша, мәселен, Зайсан көлінен немесе Балқаш көлінен заңсыз балық аулаушыларды тоқтату елдегі балық өнімдерінің заңды түрде нарыққа шығуына ықпал етер еді дейді.

Бұл ретте экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметов мынадай жайттарды алға тартты:

1) Біз заңсыз балық аулаумен айналысқандарға тосқауыл қойып, заңды түрде балық аулайтын жекелеген шағын кәсіпорындар ашуға ниеттенсек, онда бірінші кезекте өзіміздің қоршаған ортаны, өзен-көлдерімізді сақтап қалуға да ықпал етер едік. Мысалы, балықшылар заңсыз балық аулағаннан кейін олар балықты аулап қана қоймайды. Оның бекіресін алады. Осы сәтте көлдің эколологиялық тазалығын сақтауға да мән бермейді. Ауланған балықтарының біршамасы өлі күйінде көл жағасында қалуы да мүмкін. Мұның арты экологиялық тазалыққа кері әсерін береді. Сондықтан заңды түрде балық ауланса, оны аулаған кәсіпорын көлдің тазалығына да, жан-жағындағы қоршаған ортаның тазалығына да жауапты болар еді. Талапты бұзса айыппұл төлейтін еді. Көлді ластау да жаза ғой. Осының барлығы заң тұрғысында болса игі болар еді.

2) Екіншіден, заңды кәсіпорыннан өнімді арзан бағада сатып алуға, оны ішкі нарыққа жіберуге де мүмкіндік тауар еді. Осыдан барып елде консервіленген балық өнімдері, балықтың өзі арзан бағада сатылымға шығар еді. Мұндай шағын кәсіпорындардың жұмысын ұйымдастыру браконьерліктің жолын кескеннен бөлек, отандық өнім шығаруға да ықпал етеді.

3) Бұл әрекет қорықшылардың да өміріне қауіп төндірмейді. Заңсыздыққа жол бермейді. Сондықтан біз болашақта ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтып отырғандай, осы мәселеге назар аударғанымыз жөн.

Міне, экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов алдағы уақытта елде балық шаруашылығын дамытқымыз келсе, осы жайттарды ескеру қажеттігін алға тартып отыр. Осылайша маман «шаруашылық жүргізудің заманауи әрі тиімді әдістерін ойластыру қажет» деп есептейді.

Ал балық шаруашылығынан бөлек, сайғақтарды ату, сирек кездесетін қар барыстарын сатуға қатысты да біршама оңды істер атқарылып жатқанын алға тартқан мамандар «жалпы, Қазақстанның бұл салада ұстанып отырған жолы дұрыс» деп есептейді.

Бұл ретте мамандар қара уылдырықтан бөлек, бізде ақбөкеннің мүйізін заңсыз саудаға шығаратындар бар екенін де алға тартты. «Осы мәселеде «заңсыз аң аулаушылармен айналысатындарға заңды жұмыс көзін ұсыну да ұтымды шешім» дейді мамандар.

– раконерьлікпен және заңсыз саудамен күресу үшін Қазақстанның әлемдік тәжірибеге сүйеніп отырғанын құптаймын. Қазір осы мақсатта Қазақстанда лайықты еңбек ақысы бар балық питомниктер салу жоспарланып отыр. Құқық қорғау органдарының ұлттық жүйелерін нығайту, елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолымен және халықаралық келісімдер орын алуда. Заңсыз саудаға және жабайы табиғатқа қарсы басқа да қылмыстарға қарсы күрес. Белгілі бір іс-шаралар құқық қорғау органдарының әлеуетін құруды, браконьерлікке қарсы күрес жөніндегі қауымдастықтар желілерін құруды, заңнаманы нығайтуды Қазақстан оңтайлы жолға қойып келеді. Бізде мысалы, GSC компоненті тетікке қосылды, бұл елдегі сирек кездесетін қар барыстарын және заңсыз саудағы шығармау үшін хабар алып отыру үшін, ақпараттарды арттыру үшін көзделген жоба. Сондықтан бұл арада тың жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартқанымыз жөн, – дейді экономсит-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Жалпы, деректерге жүгінсек, бір ғана қар барыстары төңірегінде күресуде біз ТМД бойынша үздік бестікке кіріп отырған ел екенбіз. Мәселен, Ауғанстан қар барыстары мен олардың азықтық базасы болып табылатын түрлерін бақылау үшін тұрақты мониторинг жасап отырады. Ал Қытай қар барыстарын бақылауда олардың жем-шөбінің сапасына қатты мән береді екен және Қытайда бұл аңдарға қатысты барлық заң талабы қатайтылған. Қар барыстары біздегі тәрізді Моңғолияның Қызыл кітабына енген. Монғолияның ақпараттық-ағартушылық компаниялары қар барыстарын сақтауды барынша насихаттап халықты үнемі хабардар етіп отырады. Ресей қар барыстарын қорғау үшін жабайы табиғатты қорғау жөніндегі өңірлік агенттіктердің қызметіне жүгінеді. Ресейде жабайы табиғатты қорғау жөніндегі өңірлік агенттіктер жеткілікті қаржыландырылып, олар қосымша оқытылады. Құқық қорғау органдарымен  тұрақты жұмыс жүргізеді.

Ал Қазақстанда бұл ретте замануаи  GSC жылдам ақпарат жеткізу компонентін пайдаланады. Осы арқылы шекаралық және кедендік бақылау, шекара және кеден қызметкерлерінің әлеуетін нығайту, заңсыздықты бақылау жұмыстарын жүргізеді.

Негізінен, мамандар «Браконьерлікпен күрес» туралы Қазақстанның тұжырымдамасын талапқа сай екенін алға тартып отыр.

Жалпы, бізде үнемі арнайы рейдтер жүргізілгеннің нәтижесінде біршама шаралар атқарылған. Мәселен,  2019 жылдың қазан айында ел аумағында браконерлік жедел іс-шарасы өткізілгенін біз білеміз. Оның нәтижесі бойынша 2 мыңнан астам табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылық анықталып, олар 177 сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, 47 істің өндірісі аяқталып сотқа жолданды. Одан өзге 2 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 16 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сала мамандары қолданыстағы заңның қатайтылғанын, бақылау мен қадағалаудың екі есе артқанын да айтып отыр.  Осыған орай алдағы уақытта елде заңсыз аң аулау, заңсыз әрекеттерге бару да екі есеге төмендейді деп күтілуде.

Қарлығаш Зарыққанқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір