• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 04:46:38
Алматы
+35°

12 Шілде, 2020 NEWS

Қазақстанда алимент өндіру жеңілдейді

Енді алимент бойынша мәжбүрлеп орындату шаралары бір айда қолға алынбаса, жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылуы мүмкін

Көрнекі сурет

Әділет министрлігі атқарушылық іс жүргізудің сапасын жақсарту арқылы азаматтардың құқықтарын қорғау мен уақытылы іске асыруға ерекше назар аударылатынын хабарлады.

Бұл 18 шілдеден бастап күшіне енетін "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға сейкес жүзеге аспақ.

Қабылданған түзетулер жеке сот орындаушыларына алиментті, жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны өндіруде,  азаматтардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы атқарушылық құжаттарды орындауда қосымша міндет жүктемек.

"Бұрын кейбір жеке сот орындаушылар, оларды аса қызықтырмағандықтан мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану мерзімін созатын. Енді мәжбүрлеп орындату шаралары бір ай ішінде қабылданбаса, жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылуы мүмкін" делінген министрлік таратқан ақпараттық хабарламада.

Бұдан басқа, мемлекеттік еңбек инспекторының жалақыны төлеу туралы ұйғарымына атқарушылық құжат мәртебесі беріледі. Бұл жұмыс беруші тарапынан құқықтары бұзылған азаматтарға жалақыны өндіріп алу мәселелерін тез шешуге, сотқа жұмсалатын уақыты мен сот шығындарын үнемдеуге мүмкіндік береді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір