• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 09:48:14
Алматы
+35°

Тобыл қаласы жұқпалы аурулар стационарының дәрігері ретінде қайта біліктіліктен өткен №4 Қостанай емханасының дәрігері Ғабит Атамбузов шілде айында дәрігерлердің пневмониямен қалай жанкешті күрескені туралы айтып берді.

"Форс-мажор жағдайын ескеріп, біз бірден әріптестерімізге көмекке аттандық"

Қарағанды медициналық университетін ойдағыдай тәмамдап, өткен күзде туған жерім – Қостанайға оралдым. Жалпы практика дәрігері ретінде қабылдау жүргізе бастадым. Алайда мамыр айында емханадағы жұмысымнан уақытша бас тартуға тура келді. Адамдар ауырып, қалада карантин басталды, емхана жанындағы провизор бөліміне мамандар қажет болды. Басшылық ұсыныс жасап, мен ынтаммен осы жұмысқа келістім. Бұл – дәрігерге қажетті тәжірибе. Әрине, жақындарым үшін алаңдап, қорықтым, сол себепті де бірден олардан оқшауландым. Отбасыма рахмет, менің шешіміммен келісіп, қолдау жасады. Бір-бірімізге бейнеқоңырау шалып, сөйлесіп тұрамыз, оған да етіміз үйреніп қалды.

Кейіннен мобильді бригада құрамында шақыруларға шығып жүрдім. Шілде айының басында жағдай аса ауыр болды, бір күнде шалынатын қоңыраулар саны мыңнан асып жығылатын. Жұмыс таңертеңнен кешке дейін дамылдамайтын. Сондай күндердің бірінде, жұмыстың соңына қарай телефоннан Тобыл қаласының жұқпалы аурулар ауруханасында пневмонияға шалдыққан науқастар көбейгені, жағдай ушығып, дәрігерлердің үлгермей жатқаны хабарланды. Уақыт кешкі жеті-сегіздер шамасы, емханада мен және әріптесім екеуміз ғана қалған болатынбыз. Хабарды ала сала форс-мажор жағдайын ескеріп, біз бірден әріптестерімізге көмекке аттандық.

"Біз қазір соғыста жүргендейміз"

Алғашқы күндер аса қиын болды. Бөлім жақында ғана ашылған, ал облыста науқастар саны күн санап күрт өсіп жатты. Күн ыстық, "Жедел жәрдем" машиналары бірнеше сағат қатарынан кезекте тұрады. Ішінде – пневмонияға шалдыққан, жағдайлары өте ауыр науқастар.

Олардың барлығына жедел көмек қажет. Сондықтан бізге демалыссыз, таңғы сегізден кешкі сегізге дейін толассыз жұмыс істеуге тура келді. Күшіміз де азая бастаған сияқты. Күніне 70-ке дейін науқасты тексерістен өткізіп жүрдік. Лас аймақтан қорғаныс киімімен малмандай су болып шығатынбыз.

Өз-өзімді мығым ұстауға не себеп болғанын білмеймін, мүмкін, жастық пен ынта, көмек көрсетуге деген құлшыныс шығар. Бір тәулік бойы аяғымнан тік тұрып, кезекшілігімді атқарып, артынан бірнеше сағат қана демалып, қайтадан тәуліктік кезекшілікке шығатынмын. Осындай кезде тек моральдық тұрғыдан қатты шаршайтынмын. Аға буын әріптестеріме ауыр қорғаныс костюмдерін киіп жүру оңайға соққан жоқ. Біз қазір соғыста жүргендейміз. Тек көрінбейтін жау – вируспен күресудеміз. Соңғы науқас дертінен айығып шықпайынша, мен де осы стационарда боламын. Осылай бұл жағдайдан да халықпен бірге өтерміз. Мәңгі бұлай бола бермейді ғой. Дәрігер ретінде бұл жағдай мен үшін үлкен тәжірибе болды. Үйренгенім көп.

"Пациенттердің науқасынан айығып, ауруханадан шығуы дәрігер үшін бір ғанибет қой"

Мен пациенттердің, бізді, медицина қызметкерлерін, түсінгенін қалар едім. Біз олардан азбыз, сондықтан олардың барлығына бірден назар аудару қиын. Көптеген ауыр науқастар болды – жасы ұлғайған, созылмалы ауруы барлар, өкпенің зақымдануы 90-95 пайыз болған науқастар. Бәрін құтқару мүмкін емес еді. Біз әрқайсысы үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық және әлі де жасап жатырмыз. Бірақ вирус ешкімді де аяп жатқан жоқ...

Медициналық университеттің бірінші курсында оқып жүрген шағымда проректор, керемет дәрігер және оқытушы Вилен Борисович Молотов-Лучанскийдің "Дәрігер – бұл салқынқандылық, мейірімге толы жүрек, жылы қолдар" деген сөздері менің жүрегімде мәңге сақталып қалыпты. Аса бір ауыр кезеңдерде (пациенттер әртүрлі болады ғой), мен үнемі ішімнен осы сөздерді қайталаймын. Кез келген жағдайда адам болып қалу маңызды деп санаймын. Біреуге жылы қабақ, мейірімді сөздер, ал біреуге қаталдық қажет.

Әрине, пациенттердің науқасынан айығып, ауруханадан шығуы дәрігер үшін бір ғанибет қой. Олардың бақыттан бал-бұл жанған жүздерін, күліп, алғыс білдіргенін көрудің өзі бір керемет сезім. Олардың сөздері, шынайы айтқан тілектері боймызға күш-қуат беріп, өзіміздің қажеттілігімізді сезіндіреді. Пациенттер бізді естеріне сақтап қала алмайды, әдетте танымайды да, өйткені оларға біз қорғаныс киімін киіп, бастан аяқ тұмшаланып келеміз. Тек ауруханадан шығарар уақытта, оларға ұсыныстар жазылған аурухана парағын беру үшін кәдімгі маскамен барған кезде, олардың "Дәрігер, сіз осындай екенсіз ғой!" деп таңқала айтқан сөздерін естимін.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір