• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Қараша, 10:04:39
Алматы
+12°

Алматыда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «100 өлең» республикалық көркемсөз оқу сайысы өтіп жатыр.

Сайысқа республикамыздың әр өңірінен іріктеліп шыққан 15 адам қатысуда.  

Сайыстың финалдық кезеңіне өткен қатысушылар ASSYLTAS қоғамдық қоры топтастырған 100 өлеңді жатқа айтып жарысады. 100 өлең жинағына Майлықожа, Сүйінбай, Абай, Жамбыл, Мұқағали бастаған ақындардан бастап, бүгінгінің үздіктері Ұлықбек Есдәулет, Жүрсін Ерман, Жарас Сәрсек, Жанарбек Әшімжан, Ақберен Елгезек, Бақыт Беделхан сынды поэзия майталмандарының өлеңдері кірген. 

Бастапқыда 50-ден астам қатысушы өтініш білдіріп, онлайн режимде өткен байқауда өнер көрсеткен. Солардың ішінен іріктеліп шыққан 15 адам байқаудың финалына жолдама алған.

Бүгінгі байқаудың бірінші кезең шарты бойынша әр қатысушы қоржынға салынған өлеңдерді алып, оны толық оқуы тиіс. Бұл кезеңде бірден бес өлеңді оқиды, соның ішінді екеуін толық жатқа оқымаса келесі кезеңге өте алмайды.
Екінші кезеңде әділқазылар сайысқа араласады. Олар жинаққа енгізілген 100 өлеңнің кемі онының кез келген жерінен сұрайды. Қатысушы екі өлеңнен шатасса келесі кезеңге өтпейді.

Ал,«Шаппа-шап» кезеңіне төрт қатысушы өтеді. Олар екі жұпқа бөлініп, 100 өлеңнің кез келген жерінен сұрап, бір-бірін тексереді. Мұнда жеңімпаз екі ұпай айырмашылығымен жеңуі тиіс. Финалға өткен екі қатысушы да осы әдіспен жеңіске таласады.

Жамбыл облысынан келген он төрт жасар Қуаныш Кенешбай байқауға қатысқалы Абай өлеңдерін терең түсіне түскенін айтады.

"Сайысқа жақсы дайындалып келген едім, дегенмен сахнаға шыққанда қобалжу болды. Жалпы сайысқа қатысқалы сөз қорым көбейіп, Абай өлеңдерін терең түсіне бастадым",-дейді жас қатысушы.

Жарыс қорытындысы бойынша үш  жеңімпаз анықталады. Бірінші орынға ASSYLTAS қоғамдық қоры тағайындаған автокөлік сиға беріледі.

Ұйымдастырушылар аталған шара Абай өлеңдерін жастар арасында кеңінен насихаттауға арналғанын айтады. 

"Алғашында бұл сайысты Шығыс Қазақстанда жылда өтіп тұратын «Тұғыры биік Тарбағатай» атты фестиваль аясында өткізгіміз келген. Алайда пандемияға байланысты ол өтпеді. Дегенмен Абай атамыздың 175 жылдығына арнап өткізу сәті туды. Сайысқа қатысушыларды қызықтыру үшін бас жүлдеге көлік тіктік, мұндай сыйлық бұрын болмаған екен", - дейді ASSYLTAS қоғамдық қорының басшысы Дулат Тастекеев.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір