• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 06:21:44
Алматы
+35°

Илон Маск әлемдегі ең бай адам ғана емес, ол бұрын-соңды ресми тіркелмеген ең көп байлық иесі. Жұма күнгі жағдай бойынша оның байлығы 208 миллиард долларға жетті. Жаһандағы ең дәулетті адам атанғаннан кейінгі Илон Масктың ең алғашқы реакцияларының бірі – байлығын қайырымдылыққа қалай беру туралы болды.

Илон Маск Twitter парақшасында "сыни пікірлер әрдайым өте жоғары бағаланатынын" айтып, "шын мәнінде өзгеріс әкелетін қайырымдылыққа беру тәсілдері" туралы сұрады. Маск өнімді қайырымдылық жолын табу оңай сияқты көрінгенімен, іс жүзінде қиын екенін жазды.

Батыс елдерінде филантропияның дамыған түрлері көптеп қалыптасқан. Миллиардерлердің өз дәулетін түгелімен қайырымдылыққа беруі немесе басым бөлігін арнау үрдісінің бірнеше ғасырлық тарихы бар және ол дамып келеді. 

Ұзақ уақыт бойы әлемдегі №1 дәулетті адам болған Билл Гейтс пен оның досы Уоррен Баффет халықтың өмірін жақсартуға көмектесу үшін 2010 жылы супербайларды байлығының кем дегенде жартысын қайырымдылыққа аударуға шақырып, "Giving Pledge" (қазақша "беру кепілі") бастамасын ойлап тапты 

"The Giving Pledge (беру кепілі) – миллиардерлерге өз байлықтарының жартысынан көп бөлігін қайырымдылыққа беруге шақыратын қозғалыс. Ол кедейлікті жоюға, білім беру, денсаулық сақтау салаларына, босқындарға көмек, апаттан құтылу, әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту, медициналық зерттеулер, өнер және мәдениет, қылмыстық сот төрелігі реформасы және экологиялық тұрақтылыққа жұмсалады. 2020 жылғы тамыздағы жағдай бойынша байлықтарының кем дегенде жартысын қайырымдылыққа беру туралы кепілге 211 миллиардер қол қойған. 

Бастаманың тең құрылтайшыларының әрқайсысы ондаған миллиард доллар қолма-қол ақшаны және акцияларды қайырымдылыққа арнайды. Тіпті өзін меценат ретінде көрсете алмағаны үшін сынға ұшыраған Джефф Безос та соңғы кездері филантропияға жақсы көңіл аударды. Ол өткен жылы климаттың өзгеруіне байланысты мәселелерге 10 миллиард доллар беруге уәде берді және қараша айында 16 экологиялық ұйымға 791 миллион доллар бөлді.

Илон Маск та "Giving Pledge" бастамасына қол қойған. Одан бөлек оның "Musk Foundation" деп аталатын қайырымдылық қоры бар. Маск қорға 257 миллион доллардан астам қаржы аударды. Сонымен қатар, "Илон Маск 2016 және 2018 жылдар аралығында 65 миллион долларды шамамен 200 коммерциялық емес ұйымға бөлді" дейді Quartz сараптамасы.

Бір қызығы, "егер Билл Гейтс қайырымдылыққа байлығының жартысын аударып отырмаған болса, Джефф Безос ажыраспаса, онда олардың дәулеті Масктың байлығынан әлдеқайда көп болар еді" деп жазады Bloomberg. 

Ал Илон Маск байлықты қайырымдылыққа беру немесе тым болмағанда адамзатты құтқаратын жобаларына, яғни ғарышты игеруге бағыттау үшін жинап жатқанын дәлелдеп келеді. "Марста қала салу үшін көп ресурстар қажет. Мен оған барлық мүмкіндігімді қолданғым келеді" деді ол өткен айда неміс тілшісі Аксел Спрингерге берген сұхбатында. 

Қазір қайырымдылық саласындағы мамандардың сұрағы: Маск филантропияны қалай істейді?

Әлемнің ең бай адамдары қайырымдылықтың әртүрлі тәсілдерін қолданды. Мысалы, Билл Гейтс барлық уақытын филантропияға арнайтын меценатқа, қоғамдық денсаулық сақтау сияқты салалардағы қоғам қайраткеріне айналды. Twitter компаниясының негізін қалаушы Джек Дорси әр қайырымдылықты жалпыға қол жетімді электрондық кестеге орналастыру арқылы өзінің қайырымдылыққа бөлген дәулетіннің есебін ашық етті.

Ал әлемдегі ең бай адам болғаннан кейін Илон Маск Twitter парақшасына жазба жариялап, тағы да қайырымдылыққа ақша аударатынын айтып, қайда беру туралы жазылушыларынан кеңес сұрады.

Бір қызығы, 2017 жылы Джефф Безос та твит жариялап, басқалардан кеңес сұраған. Сол кезде, Безостың бұрынғы әйелі Маккензи Скотт филанторпияның бір үлгісін ұсынды: Ол жүздеген коммерциялық емес ұйымдар мен оқу орындарына үлкен ақша чектерін беруді дұрыс деп тапты. Оның қайырымдылыққа бергендері 2020 жылы шамамен 6 миллиард доллар болды.

Коммерциялық емес ұйымдарды зерттейтін Огайо штаты университетінің профессоры Брайан Миттендорф Маскқа Скоттың жолымен жүруді ұсынды.

Ол тағы "көптеген меценаттардың қателігі – олар қайырымдылық жолдарын өздері ойлап табуға ұмтылады" деді. Оның пікірінше, қайырымдылықтың дұрыс жолы – бұрын тәжірибеден өткен және мамандар жасаған дайын тәсілдер. Ондай тәсілдер арқылы қайырымдылыққа бөлінген қаражаттың мұқтаж адамдарға әсерін тіпті де жоғарылатуға болады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір