18 Наурыз, 2021 Сұхбат
Фото: Ұлбосын Найзақұлдың инстаграм парақшасынан
Ұлбосын Найзақұл "Болашақ" бағдарламасының стипендиаты. Шотландиядағы "Стратклайд" университетінің үздік магистранты. Қазір ол Қазақстанға оралғанымен, шетелге кеткісі келетінін жасырмайды. Оған не себеп, өзге елде білім алудың артықшылығы мен айырмашылығы қандай? Бұл жайында Қамшы порталына берген сұхбатында айтты.
– Мен Ұлбосын Найзақұл 1997 Тараз қаласында тудым. 2014 жылы мектепті үздік аяқтап, 2018 жылы Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін "журналистика" және "әскери аудармашы" мамандығын қызыл дипломмен тәмәмдадым. Бала кезімнен шетелде білім алғым келетін. Сол арманым жүзеге асты. Оқуды бітірген жылы маған "Сіз Болашақ халықаралық бағдарламасының стипендиаты атандыңыз" деген хат келді. Қуанышымда шек болмады. Бірақ мен осы жолда талай тер төктім. Ағылшын тілінен тапсыратын емтихандарға, жыл бойы дайындалдым. Университетте үздік болуға барымды салдым, – деді ол.
Ұлбосын – Гарри Поттердің жанкүйері. Шотландияны таңдауының бір себебі осы. Жұмбақ әлемге жетелейтін "Гарри Поттер" фильмі осы Глазго қаласының, Глазго университетінде түсірілген.
– Ұлыбританияның Рим империясынан бастап 2000 жылдық жазбаша тарихы бар. Соның ішінде, Шотландия өзінің сан жылдық тарихы мен ерекше табиғаты арқылы мені әрқашан тамсандыратын. Білімімді академиялық тұрғыдан шыңдау үшін, әрі көркем табиғат пен тарихты терең түсіну үшін дәл осы елді таңдадым. Және бұған еш өкінбедім. Өйткені мен сапалы білім алдым. Бірақ біздің елмен салыстырғанда шетелде оқу әлдекайда киын. Мысалы Қазақстан, Америка секілді көптеген мемлекетте магистратура 2 жыл. Ал Ұлыбританияда тек 1 жыл оқисың. Сондықтан бүкіл оқу жүйесі қарқынды түрде жүргізіледі. Әр сабақтың мұғалімдері берген тапсырмаларына әртүрлі дэдлайн (белгілі мерзім) қояды. Уақытылы өткізбесең, 3 күніңді кемітеді. Ал 3 күннен кейін алған бағаңды санамайды. Сонымен қоса, Ұлыбританияда плагиатқа өте қатты назар аударады. Материалдағы сілтеме 10-15% пайыздан аспауы керек. Жұмысы плагиат деп саналған студент, автоматты түрде оқудан шығарылады. Сол үшін "Болашақ" стипендиаттарды алдын-ала дайындық курсына шетелге бір немесе екі айға жібереді. Мен 2019 жылдың 24 маусым мен 16 тамыз аралығанда Ұлыбритания, Англиядағы Глостершир университетінде екі айлық премастерс курсынан өттім. Курс академиялық тұрғыдан маған көп көмектесті, – деп атап өтті Ұлбосын.
Жас маманның сөзінше, бастапқы екі айда оқудағы ұстаздарды түсінуі қиын болған. Өйткені шотландықтар шотландия-британиялық ағылшыннан бөлек, шотландия-ирландиялық гаелик тілінде өте тез сөйлейді. "Десе де сол екі айдың ішінде шотландиялық акцентке де, шетелдік өмірге де бірте-бірте бейімделдім. Ұлыбританияда тілді білу міндетті. Ағылшын тілін жетік білетінмін. Сабақтар толықтай ағылшын тілінде өтті. Ағылшын тілін күнделікті практика жүзінде қолдану да тілімнің дамуына да көп пайдасын тигізді" дейді ол.
Ұлбосынның айтуынша, Қазақстан мен Ұлыбританияның мәдениет, стереотип тұрғысынан өзіндік айырмашылығы мен ұқсастығы бар. Ұқсастығы екі елде шайды өте жаксы көреді. Ал айырмашылығы – ағылшындар жылкы етін мүлдем жемейді. Тіпті оған шошына қарайды. Ағылшындар балықты сүйіп жейді. Олар әр жұма сайын үйлерінде балық дайындайды.
Кейіпкеріміз Ұлыбританиядағы өмір сүру деңгейі мен азаматтар алатын жалақы Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екенін байқаған. Бірақ күнкөріс деңгейі соған сай.
Бір жылдан кейін, туған жеріне оралған Ұлбосын болашақта шет елде өмір сүргісі келеді. Айтуынша, ағылшындар өте қарапайым, жылы шырайлы халық.
– Олар "Өтінемін, рахмет және кешіріңіз" деген сөздерді жиі қолданады. Тіпті бейтаныс жанға көмектесуге дайын тұрады. Мұғалімдері өз студенттеріне дос ретінде қарайды. Соның арқасында мен ағылшын, шотландиялық және өзге елден көптеген дос таптым. Маған ағылшындардың менталитеті, өмірге деген көзқарасы қатты ұнады. Олар біз сияқты ұлан-ғасыр той жасап, "ел үшін" өмір сүрмейді. Өмірлік ұстанымдары мүлде өзгеше. Олар өздерінің жан рахаты үшін өмір сүреді. Сондықтан болашақта реті келсе, мен Шотландияда тұрғым келеді, – дейді Ұлбосын.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір