• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Қазан, 18:35:01
Алматы
+8°

16 Ақпан, 2024 Әлеумет

Мұстафа Өзтүрік

Назарбаев биліктен кеткелі біраз шындықтың беті ашыла бастады. Соның бірі – Мұстафа Өзтүрікке қатысты...

Ашық дереккөздерден алынды

Ол қазақтың жылт етіп, үкіліген үміті еді. Қараңғылыққа батқан ұлтына жарық берер сәулесі еді. Тіпті, қазақтың көптен көксеген көсемі – ел тұтқасы да бола алар еді...

Өйткені ол батыр (таэквондодан қара белбеу иегері) еді, халқына жақын еді. Тілге де шешен (мамандығы – журналист) еді. Білімді еді, білікті еді, өте сауатты (алты тілді жетік меңгерген) еді. Ең бастысы, советтік идеологиядан ада, ұлттық болмысын сақтаған ерек тұлға (Түркияда туып өскен) еді. Бәрінен, Құдайын білетін, Алладан қорқатын, қазақсыздандыруға ұрынбаған дамыған ортаның реформатор адамы (Түркияда ол кісінің басшылығындағы таэквондо спорты қатты қарыштап, дамыған) еді. Міне, зар қақсатқан, бірақ сол күйі мемлекеттік тілді жетік меңгере білмеген (қазақты түсінбейтін), былық-шылыққа қанша малшынса да еш саспайтын, ешкімнен қорықпайтын біздегі көп әңгүдік шенді-шекпенділер жанында ол, әрине Алтын адам еді.

Осындай биік тұлға 1990 жылы көктемде Атажұртқа оралады ғой...

Қайда барса да құшағын жайып, қарсы алып топырлаған нөпір адам. Бәрі бір көрсем, ал көрсем қолынан бір ұстасам деп ұмтылды оған қарай. Жұрт болып, алақанына салып, ардақтап аялы ұлын басына көтерді. Халықтың оған деген ықыласы осындай ерек еді. Ал өзінің айтқан сөздері қарашаның құлағына майдай жағушы еді:

"Кейде ойлайсың: "Барлығының елі бар, менің елім қайда?" деп. Мен әлемді көрдім. Енді өз елімді көрдім. Несін айтасыз, үлкен айырмашылық бар. Сондықтан еліме өз біліміммен, күшіммен көмектесу үшін елде қалуды шештім", деді ол сұқбаттарының бірінде.

Жаңа леп, тың өзгерісті аңсаған артындағы елі одан шынымен де көмек күтті. Айтқандай-ақ, ол Қазақстанға келе салып спорт мектептерін ашуға кірісті. Республикалық федерация құрды. Оған басшылық етті. Осылайша қазақ спортының тарихында алғаш рет таеквондошылар халықаралық жарыстарға қатысып, жеңіспен орала бастады. Бірақ бұл еткен еңбек, төккен тер қазаққа аздық етті. Оны одан да биіктен көргісі келді. Көп тілеуі солай болған соң, 1994 жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан Парламентінің депутаттығына өз кандидатурасын ұсынады. Бірақ ол сайлауда жеткілікті дауысқа ие бола алмай қалады. Сол кездегі газеттер тура осылай қысқа қайырды. Нонсенс деңізші!

Қалай дауыс жинай алмайды, ол қайда барса, артынан ілескен қарақұрым халық. Ондай беделге саясаткерлер арасында ол кезде ешкім жетпеген. Ал Мұстафаның жөні бөлек, әрине. Бұл күдікті растаушы факті де бар. Назарбаев биліктен кеткелі біраз шындықтардың беті ашыла бастады. Соның бірі – осы кісіге қатысты.

Жақында алты рет Мәжіліс депутаты болған, сарадал саясаткер Серік Әбдірахманов өз сұқбатында мынаны айтты: «Мюнхендегі жарыста Мұстафаны көріп, онымен сөйлесіп, елге шақырған адамдардың бірі мен едім. Атажұртына оралғаннан кейін де аға-бауырдай жақсы араластық. Бірақ көп ұзамай қалталы бір жігіттер оны менен шеттетіп әкетті. Дегенмен байланыс үзілген жоқ. Хабарласып тұрдық. Ол 1994 жылғы сайлауда Алматы қаласынан өз кандидатурасын ұсынды. Бірақ билік оған қысым жасап, жолдан тайдырды. Оны мәжбүр етті. Сөйтіп Мұстафаның орнына номенклатура адамы - бір әйел сайланды».

Батыр тұлға емес пе, Мұстафа ағамыз бұл жайтқа бола бүгежектеп, шала бүлінбеді. Өзінің қолынан келетін істі ары қарай жалғастыруға кірісе кетті. Бірақ көпке бармады, саясаттағы ұмтылысынан кейін бір жыл өтер-өтпес уақытта халық ұлы жұмбақ жағдайда көз жұмды. (1995 жылы 11 наурызда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатқан кикбоксинг жарысында ағамыз өзін жайсыз сезінеді. Дәрігерлер бірден оны Алматы қаласындағы Қазақстан президенті іс басқармасы медициналық орталығының клиникалық ауруханасына жатқызады. Ол 4 күннен соң ауруханада дүние салады). Қапыда үкілеген баласынан айырылған қазақ халқының зор өкініштен кеудесі қақ айырылды. Жағдайдың қалай болғанын қарапайым адамдар көпке дейін біле алмай, зар болды. Ел арасында Мұстафа қастандықпен өлтірілген деген сыбыс та тарай бастайды. Сол кезде дәурені жүріп тұрған рэкетирлерге кінә тағылды. Не керек, көп ұзамай жұрт көз бола алмай, айырылып қалған сүйікті ұлдары - Мұстафа Өзтүріктің Түркияда жерленетінін біледі. Айран-асыр жұрттың аптығын: «Бұл батырдың анасының қалауы» деген бір ауыз сөз су сепкендей басады. «Әрине, бізге қапалы ғой, маңдайымызға сыйдыра алмадық қой, қорғап-қорғаштай алмағанымыз-ай» деп барша өз-өзін кінәлап, бастарын төменге салды. Осылайша қазақтың бойында жылт етіп, алмас қылыштай жаныла бастаған сәуле ұшқынға айналып жоқ болды...

Серік Әбдірахманов өз сұқбатында мынандай тағы бір шындықтың шетін шығарады:

«Мен оның ауруханада жатқанын да білмей қалдым. Ешкім айтпады. Ол кезде «Халық жауына» үміткер болып, (жала жабу, күсәлау, жалаң айып) билікпен алысып жүр едім. Содан мені мазаламауды жөн көрген секілді жанындағылар. Тастақтың төменгі жағындағы панельді үйде тұратын. Суыт хабарды ести сала, солай қарай жол тарттым. Барсам, жалғыз Халифа Алтай ағамыз отыр екен. Көрісіп болған соң, не жағдай деп сұрадым. «Жоғарыдағылар айтты, билет алынып қойды, таңертең ұшақпен Түркияға жібереді» дейді ағам. «Қалай, осында неге жерленбейді» дедім мен, әрине. Анасы солай депті деген соң сол арада үніміз өшті. Бірақ ертеңінде білеміз ғой, сөйтсе Мұстафаның анасы бала-шағасымен Қазақстанға шығуға ұшаққа билет алып қойыпты, алайда біздегілер олардың билетін өткіздіртіп, денені өздері алып баратынын айтқан екен. Бұл жерде Мұстафаны жерлеуге қорыққан, халық жиналып кетеді деп қауіптенген».

Көрдіңіздер ме, міне, осылай «Атажұртым» деп келіп, елінің дамуы үшін барымды-нарымды саламын деген ұлы бала, ақыры туған жеріне сыймады, яғни жүйе оны сыйдыртпады. Тіпті, өлі денесінен де тезірек құтылуға тырысты.  

«Халыққа хабар берілмеді. Барлығы тым-тырыс. Ол кезде «Қазақстан» телеарнасының басшылығында Әшірбек Көпішев деген ағамыз болды. Сол кісіге қоңырау шалдым. «Тұлға дүние салды. Неге үнсізбіз» деп. Содан едел-жедел материал әзірленді, соңында жаназасы қайда шығарылатыны айтылды. Алтай Халифа қонақ емес пе, осы шараны өз басшылығыма алайын дедім. Бәрі келісті. Орталық мешіттен жаназасы шығарылатын болды. Сөйтіп денені әкетіп бара жатқанда бір адамдары жолымызды бөгеп, алдымыздан кес-кестеді. Кімдер екені белгілі ғой. Қатты-қатты сөйлеуге тура келді. Осылай ақтық рәсімді дұрыстап атқара алдық»,  дейді Серік Әбдірахманов.  

Сондай-ақ саясаткер екі жылдан кейін Мұстафа Өзтүріктің анасымен жүздескенін де айтады.

«Суыт хабарды естіп, жолға шыққалы жатқанда Қазақстан тарапы оларды тоқтатыпты. «Енді не істеймін, күтіп қала бердік» деді Рәзия апай. Содан ішіме зор өкініш түсті. Сол кезде жеке шешім қабылдап, Мұстафаның денесін алып қалып, елімізде жерлету керек еді. Амал нешік», дейді опынып.

1995 жылы 17 наурызда Алматы қаласындағы Орталық мешітте Мұстафа Өзтүріктің жаназасы өтті. Орталық мешіттен Алматы әуежайына дейін қаралы қауым спортшының денесін көтерген күйі 13 шақырым жаяу жүрді. Кезінде қуаныш, мақтаныш, үміт сезімімен әуежайдан қарсы алған батыр ұлын ақырында жұрты зор өкініш, ұят аралас сезімімен осылай қимай-қимай кері шығарып салды...

Айта кетсек, Мұстафа Өзтүрік 1930 жылдары аталары Қытайдың Алтай жағына барып, ол арадан Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға өткен қазақ диаспорасының өкілі. Ол Ыстамбұлдағы қазақтар көп тұратын Гүнешлі ауданындағы зиратқа әкесінің жанына жерленді.

Кәмшат Тілеуханқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір