• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 14:07:49
Алматы
+12°

Биыл 14 ақпанда энергитка министрлігі 2 млрд 542 млн теңгеге мазут (мұнай қалдығынан алынатын сұйық отынның бір түрі) сатып алды. Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке қарағанда, 15 мың тонна мазут Тәжікстанға гуманитарлық көмек ретінде жіберілмек. Министрлік мазуттың әр тоннасын 170 мың теңгеден төлеген.

АШЫҚ КОНКУРССЫЗ ӨТКЕН ТЕНДЕР

Энергетика министрлігі мазут сатып алу үшін ашық конкурс өткізбеген, Petrosun деген компаниямен тікелей келісімшарт жасаған. Ведомство тендерді тікелей бір көзден сатып алу тәсілі арқылы өткізуге Үкіметтің 5 ақпандағы нөмірі 62-қаулысы негіз болды деп түсіндірген. Алайда Үкіметтің ресми сайтында да, басқа ресми ашық дереккөздерде де аталған қаулы жоқ.

Сатып алу есебінде Petrosun компаниясын таңдауға Мемлекеттік сатып алу туралы заңның 39-бабы, 3-тармағының 5-тармақшасы себеп болғаны жазылған. Ал ол нормада «саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылыққа, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ахуал туындаған жағдайларда тендерді бір көзден өткізуге болатыны» жазылған.

Сатып алу есебінен энергетика министрлігі Petrosun компаниясына ғана тендерге қатысуға ұсыныс тастағанын аңғаруға болады. Аталған фирма 15 мың тонна мазут жеткізіп беруге 2 млрд 542 млн теңге сұраған. Бұл тендерге бюджеттен бөлінген қаржы көлемі де 2 млрд 542 млн теңге болған. Нәтижесінде бөлінген қаржы үнемделместен толығымен жұмсалып отыр.

Негізі тендерді тікелей бір көзден сатып алу тәсілі арқылы өткізетін кезде тапсырыс беруші 2-3 мердігерге ұсыныс тастап, ең төмен баға бергенімен келісімшарт жасайтын. Энергетика министрлігінің неге тек бір компаниядан баға сұратқаны түсініксіз.

АТЫ ШУЛЫ PETROSUN

Миллиардтаған теңгенің тендерін конкурссыз алған Petrosun ЖШС –Қазақстанда жанар-жағармайды көтерме бағада саудалайтын ірі әрі монополистік компанияның бірі. Компания 2012 жылы құрылған. Қазір акциясының 49 пайызы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясына, 51 пайызы Қытайдың CNPC компаниясына тиесілі. Қытайлық компания өз акциясын «КННК Интернационал в Казахстане» деген ЖШС арқылы бақылайды.

Былтыр қарашада Алматы соты Petrosun компаниясына 542,9 млн теңге айыппұл салған. Серіктестік «бензин мен дизель отынын сатуды негізсіз шектеді» деп айыпталған.

Ал 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы прокуратурасы Petrosun компаниясын «автогаз бағасын негізсіз көтерді» деп айыптап,  «Монополистік қызметті теріс пайдалану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Сотқа дейінгі тергеу кезінде компания мемлекетке 2,2 млрд теңгені өз еркімен өтеген.

Осы оқиғаға дейін компанияның 49 пайыз акциясы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаев пен оның бизнес серіктеріне тиесілі еді. 2022 жылдың шілдесінде Құлыбаев пен оның командасы Petrosun компаниясындағы үлесін мемлекетке бар болғаны 1 теңгеге сатты.

Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі саналатын Тимур Құлыбаевтың жыл сайын миллиардтап пайда әкеліп отырған бизнесін мемлекетке не себепті су тегін бере салғаны әлі күнге дейін жұмбақ. Экс-президенттің күйеу баласы бұл жөнінде жария мәлімдеме жасаған емес.

«БЫЛТЫРҒЫ МЕН БИЫЛҒЫ-АЙ»

Энергетика министрлігі тура бір жыл бұрын, яғни, 2023 жылдың ақпанында да Petrosun компаниясынан мазут сатып алған. Ол кезде де тендер тікелей бір көзден сатып алу тәсілі арқылы өткен. Бір жыл бұрын да мазутты Тәжікстанға жіберу үшін сатып алған.

Былтырғы мен биылғы тендердің айырмашылығы мазут мөлшері мен бағасында. Биыл 15 мың тонна, былтыр 5 мың тонна сатып алған. Былтыр министрлік мазуттың әр тоннасына 120 мың теңгеден төлеген. Ал биыл баға 41 пайыз өсіп, әр тоннасын 170 мың теңгеден алған. 

Тәжікстан – Қазақстан жиі гуманитарлык көмек беретін ел. Ресми мәліметке қарағанда, 2006-2023 жылдар аралығында Қазақстан Тәжікстанға жалпы сомасы 46 млн доллар көмек көрсеткен.

Гуманитарлық көмек ретінде мазут отынын жіберу дәстүрге айналған деуге де болады. БАҚ-тағы ақпаратқа қарағанда, Қазақстан Тәжікстанға 2017 жылы 1000 тонна, 2018 жылы 10 мың тонна, 2019 жылы 5 мың тонна, 2022 жылы 10 мың тонна мазут жіберген.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір