• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 13:36:52
Алматы
+12°

09 Сәуір, 2024 Барлық аймақтар

Су тасқынының басты себебі – жаһандық жылыну – Алтай Айнабек

"Үкімет бұл нәрсеге осы бастан дұрыс дайындалу керек" дейді маман.

Алтай Айнабек

 Биылғы су тасқыны халықты әбден әбігерге салғаны анық, бірақ су тасқынына қатысты халық әлі су тасқынының не себепті алапат тасқынға айналғанын түсінбей әлек. Ал мұның себебін мамандардан білу үшін International Center of Climate change Technologies компаниясының бас директоры Алтай Айнабекпен сұхбаттастық.

- Айнабек мырза, қазір елімізде болып жатқан су тасқынына қатысты не айтасыз?

- Ең бірінші, өзіміздің компанияны таныстыра кетсем, Біздің International Center of Climate change Technologies Абу-Даби БАӘ-де тіркелген. Қазіргі таңда әлем бойынша біздің мекеме елдегі региондардың климаттық қауіпсіздік қызметін қамтамасыз етумен айналысады. Климаттық қауіпсіздік дегеніміз, селдерге қарсы жұмыс істеу, климаттық жаһандық жылынуға және құрғақшылық қалалардың ауасының сапасын жақсартумен айналысады. Қазіргі таңда компания 4 мемлекет пен 2 континентте жұмыс жүргізеді. Қазір біз Қазақстанда соңғы бірнеше жылда құрғақшылық, дала мен өрттің куәсі болып жүрміз. Оның үстіне су тасқыны да халықты әбігерге салды.

Су тасқынының басты себебі – жаһандық жылыну. Әлемдік метереология ұйымының мәлімдемесі бойынша температура 1,7 градусқа жоғарылаған. 2030 жылы 4 градусқа дейін жоғарылайды деген болжам бар.  Температураның жылынып, оның әсерлерін әзірден-ақ көріп жатырмыз. Мәселен, 2021 жылы 100 жылдық қуаңшылық болады деген, сол нәрсе қазір жиілеп бара жатыр. 2022 жылы да қуаңшылық болды. Өткен жылы Қостанай облысы және басқа облыстар қуаңшылықтан бидайдың өнім беруі тіптен төмендеп кетті. Абай облысындағы өртке куә болдық. Одан қалса, көптеген орман өртке оранды. Соның ішінде Жамбыл облысы да судың тапшылығына байланысты құрғақшылыққа төтенше жағдай жариялады. Үкіметтен талап етті. Бұл Қазақстанның басқа елдерге қарағанда жаһандық жылынудан бөлек, адам қолынан жасалған табиғи апаттың салдарынан да болды. Мәселен, Арал теңізі 99 пайызға дейін суынан айырылды. Қазір келіп жатқан су тіптен мардымсыз. Және қуаңшылықтан болып жатқан судың айналуы бұрынғыдан да жылдам айналып жатыр.

Өз басым Арал теңізіне барып қайттым, сонда Арал теңізінің түбіндегі тұздың ұшуға қолайлы жағдайда тұрғанын байқадым. Одан бөлек, құм мен тұздың көшуі де бұрынғыдан жиілей бастаған. Оған дәлел ретінде Түркістан мен Қызылорданың шығыс жақтарын сор баса бастағанынан байқауға болады. Бұл процесс аралдың құрғауына байланысты одан да үлкен масштабтарда пайда бола бастады. Себебі, алдында Алматыда аспанды қара бұлттың торлауынан тұздың көшкеніне куә болдым. Циклон батыстан шығысқа қарай жүреді. Сағат тіліне қарсы айналып, аралдың тұзы жеңіл болғандықтан, желмен көтеріп алып кетеді. Циклонның жүру бағыты батыстан шығысқа қарай бүкіл аралдан бастап, Ақтөбе, шығыс жақ Өскемен, Алматыға жетіп, тауларға тақалады. Сөйтіп, таулардағы қарды ерітеді. Бұл дегенің, Қазақстанның 3/2 мұздықтардың тез еріп кетуіне әкеледі.

- Өткен жылдан бері су тапшылығы болады деген де болжамдар көп айтылып жүр. Бұл туралы не білесіз?

- Су тапшылығы мәселесі де қазір көп айтылып жатыр. Осыған орай, жаңа министрлік құрылды. БҰҰ есебі бойынша, 2 жарым миллиард адам қазіргі таңда су тапшылығының зардабын тартып отыр. 2040 жылы 45 мемлекет жоғары қысымға ұшырайды. Өкінішке қарай, Қазақстан сол мемлекеттердің ішінде бар. Ғалымдардың есебі бойынша әлем бойынша 1 жылда 3800 шаршы км су материктерден келіп жатыр. Бұл тек Қазақстандағы ғана жағдай емес, Балхаш көлі мен Каспий теңізінің тартылып жатқаны туралы видеолар таратылып жатыр. Бұл тасқын суға байланысты көп проблемалар орын алуда. Тасқын суға байланысты көптеген су қорларынан айырылып жатыр. Ертең мұның салдары жазда ауыл шаруашылығының сусыз қалуына, сексеуілдердің қурап кетуіне алып келеді. 

- Үкімет мұндай жағдайлар орын алмас үшін не істеу керек?

- Осындай жағдайлар бола тұра, Қазақстан үкіметі нақты ешқандай жұмыс атқарып жатқан жоқ. Тек қана салдарымен күресіп келеді. Тіпті бағдарламалары да жоқ. Сумен қамтамасыз ету бойынша дайын Израильдің тамшылап суару жобасын енгізумен шұғылданып жатыр. Бұған маман ретінде айтар болсам, бізде ол мүмкін емес. Біріншіден, Израиль мен Қазақстанның көлемін салыстыруға келмейді.  Себебі, Израильдің көлемі кішкентай әрі климаттары да шөл мен шөлейтке ыңғайластырылған. Ал бізде шөл мен шөлейттердің көлемі үлкейіп келе жатыр. Біз адамдарды сумен қамтамасыз еткеннің өзінде дамбыларды сумен суғару арқылы жазықтарымызды, аралымызды өрттен сақтандыратын ешқандай мүмкіндігіміз жоқ. Тез арада біз ұсынып отырған климаттық технологияларды ендіру арқылы климаттық қауіпсіздікті қамтамасыз етпесе, жазда  жауын-шашын керек кезде су деңгейін көтеру секілді жұмыстарға Қазақстан еш дайын емес. Сол үшін Үкімет бұл нәрсеге дұрыс дайындалу керек. Аралға төтенше жағдай жарияласа да артық болмайды. Қазақстанда менің байқағаным, мемлекет заң шығару үшін жұмыс істейді, ал заң адам үшін жағдай жасау керек қой. Бізде керісінше, адам заң үшін жұмыс істейді. Өзбекстанның өзі мұндай емес. Қазақстанға аралды құтқару үшін қаржыландыру мәселесі бойынша жағдай жасау керек.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: су тасқыны шөлейт

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір