• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Қараша, 09:49:31
Алматы
+12°

05 Сәуір, 2019 NEWS

Қазақстандағы БАҚ терроризм мен экстремизм тақырыбында жазуға қорқады – заңгер

Журналистерге, белсенділерге қарсы сот процестері мен сот үкімдерінің басым көпшілігі экстремизммен және терроризмге қатысты баппен байланысты

«Былтыр Қазақстанда заңнамаға көптеген өзгерісер енгізілді. Оның ішінде БАҚ туралы заңға кейбір айтылған пікірлерді насихат деп бағалауға мүмкіндік беретін норма қабылданды. Яғни журналистер материал дайындау кезінде онысы насихат деп саналмай ма деп алаңдайтын болды», — дейді «Құқықтық медиаорталық» ҚҚ заңгері Гүлмира Біржанова CABAR.asia сараптамалық порталына берген сұхбатында, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

 

– Қазіргі сәтте қазақстандық журналистер қандай да бір сезімтал тақырыпта материал дайындау барысында нені естерінде ұстағаны дұрыс?

Журналистерге, белсенділерге қарсы сот процестері мен сот үкімдерінің басым көпшілігі экстремизммен және терроризмге қатысты баппен байланысты. Өкініштісі сол, олардың дені айыптау үкімдері.

Сол себепті, журналистердің сауатын жетілдіретін ұйым болғандықтан, біз тыңдаушыларымызға үнемі айғақтар қорын жинауға баса көңіл аудару қажеттігін айтамыз. Яғни, егер сіз терроризм, дін және экстремизм мәселесі бойынша материал дайындап жатқан болсаңыз, әр сөзіңізді айғақтайтын дәлел болуы шарт:

  • жазатын тақырыбыңыз бойынша өтетін барлық сот процестеріне қатысу керек
  • сот айыпты деп таныған адамдарды материалдың кейіпкері қылмау керек
  • осы саладағы эксперттермен міндетті түрде кеңесу қажет, өйткені журналистердің көбі терминологияда шатасады, Қазақстанда қызметіне тиым салынған қандай да бір діни ағымдардың атауларын жазғанда қате жібереді.

Тағы бір ескеретін нәрсе бар. Біздің үнемі айтатынымыз: осы сияқты тақырыптарда жазған кезде бейтарап позиция ұстану керек, өйтпеген жағдайда сізге қандай да бір діни ағымды насихаттады деп айып тағылуы мүмкін.

Өкінішке қарай, өткен жылы Қазақстанда заңнамаға көптеген өзгерісер енгізілді. Оның ішінде БАҚ туралы заңға кейбір айтылған пікірлерді насихат деп бағалауға мүмкіндік беретін норма қабылданды. Яғни журналистер материал дайындау кезінде онысы насихат деп саналмай ма деп алаңдайтын болды

Мәселен, Қазақстанда ҚДТ (Қазақстанның демократиялық таңдауы) деген қозғалыс әрекет ететін, қазір оған сот тиым салған. Ал заңға енгізілген насихатпен байланысты норма күшіне енген соң журналистер бұл тақырыпты қалай жазу керектігін білмеді.

Мен ресейлік тәжірибені айтуды ұната бермеймін, бірақ ол жақта бәрі түсінікті: ДАИШ – Ресейде тиым салынған ұйым деп жазсаң, ол үшін жауапқа тартылмайтының анық. Ал бізде қалай – заңдағы анықтамасы өте бұлыңғыр, сондықтан журналистер қалай жазсам болады деп дал болады. Егер олар жақша ішінде бұл ұйымға Қазақстанда тиым салынған деп көрсетсе, олар жауапкершіліктен босатыла ма?

Өкінішке қарай, Қазақстанда осындай бап бар, ҚР ҚК 174–бап – әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік–топтық немесе діни алауыздықты қоздыру. Бұл қазір Қазақстанда дәурені жүріп тұрған бап.

Біз өз тарапымыздан бұл баптың мүлдем заңға қатысы жоқ екендігін айтамыз, өйткені оның құқықтық салдары жоқ, жай ғана пікір айту бар. Ол міндетті түрде жағымсыз салдары туғызып, әлдебір жанжал туындатпауы мүмкін.

Мысалға, мен менің дінім сенікінен мың артық деп айтайыншы. Осындай сөздер үшін адамдарды осы 174–баппен жауапқа тартып, 5 жыдға дейін бас бостандығынан айыру сияқты айтарлықтай қатаң жазаға кесіп жатыр. Сондықтан біздің міндетті түрде қайталайтынымыз: өте сақ болыңдар.

– Осындай жағдайда журналистер өз міндеттерін қалай орындауы керек және қазіргі уақытта олар қандай проблемаларға тап болуда?

Менің ойымша, мұнда екі проблема, екі шиеленіс бар. Бірінші проблема – 2009 жылы Қазақстанның тұтас интернетті БАҚ деп танығанында. Салдарынан, интернет пен БАҚ арасындағы шекара өшрілді. Енді интернетте жарияланған кез келген нәрсе – БАҚ.

Сәйкесінше, біз енді жауапқа журналистер ғана тартылады деп айта алмаймыз. Өйткені блогерлер де, интернетті қолданушы кез келген адам заң бойынша БАҚ болып саналады.

Сол себепті бұл жерде заң жүзіндегі шиеленіс бар. Журналистерді жауапқа тартты дегенде біз блогердерді де, құқық қорғаушыларды да айтамыз.

Екінші проблема деп БАҚ–тың терроризм және экстремизм тақырыбында жазуға қорқатынын айту ға болатын шығар. Айталық, егер олар ҚР ҚК 174–бабымен байланысты сот процесі туралы жазатын болса, мардымсыз тақырып қойылған жұтаң мәтін көресіз – әлдебір аймақта пастор немесе бір имам жауапқа тартылды деген жалғыз абзац. Ал істің мәні неде екенін түсіне қоюыңыз екіталай, өйткені журналистер материалының салдары жаман болады, сол үшін жауапқа тартыламын деп қорқады.

Мен оларды түсінемін де. Бірақ оқырман бұл материалдан дым ұқпайды: не үшін жауапқа тартылды, басқа қандай сот процестері өтті және дін адамдары не үшін жауапқа тартылуы мүмкін?

Қазақстан заңнамасы өте бұлыңғыр, оны былай да, басқаша да тұспалдап алуға болады, оның үстіне заңдар халықаралық стандарттарға мүлдем сай емес. Негізі, жауапқа тартылу үшін, жариялаған мәтінде әлдебір әрекетке шақыру болуы керек. Бізде қалай: жай ғана пікір білдіргеніңіз үшін сотқа береді.

– Білуімше, Қазақстан заңнамасына өткен жылы жаңа нормалар енгізілді. Оның ішінде ақпаратты жариялауға рұқсат алу және ақпараттың БАҚ үшін қауіп деңгейі. Елдегі БАҚ жағдайы үшін олардың ықпалы қандай болып шықты?

Жариялауға рұқсат алу туралы норма дегенге келсек, біз БАҚ туралы заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын жасауға қатысқанбыз, және осы нормаға қарсы болдық. Алайда, ол «Журналистердің міндеттері» деген бапта пайда болды.

Енді журналистер қандай да бір материал дайындағанда, онда жеке деректерді, жеке құпияларды, және заңмен бекітілген кез келген құпияларды жариялауға алдын ала рұқсат алуы тиіс.

Мысалға айтсақ, сіз коррупция жайлы материал дайындап жатсыз делік, сонда «Сіздің деректеріңізді, фамилияңызды, т.с.с. жариялауымызға бола ма?» деп сұрап алуыңыз керек. Бұл дегеніміз журналистік зерттеулерді түбімен жоятын норма, Қазақстанда оның жайы онсыз да мәз емес. Журналистік зерттеулер жасаған ең танымал сайт ratel.kz болатын. Оның бас редакторына қазір қылмыстық іс қозғалған.

Біз бұл норманы халықаралық стандарттарға сай емес деп санаймыз, ол Конституцияға қайшы, өйткені бұл цензура. Яғни, материал жазу үшін, алдымен барлығынан рұқсат сұрап алуың керек.

Бірден айтайын, мен практик заңгермін, әзірге бұл норма тұрғысынан проблема туындаған жоқ. Бірақ бізде Қазақстанда профилактикалық нормаларды алдын ала дайындап қояды. Ал журналистер оны көреді де, үрейленеді.

Әзірге бұл нормалар жұмыс істемейді, олар бойынша ешқандай іс болмады. Бірақ олар заңнамамызда бар, БАҚ туралы заңда бар.

Екінші нормативтік акт – ақпарат және экономика министрлерінің БАҚ–ты тәуекел топтарына бөлу қажеттігі туралы бұйрығы. Біз бұл құжат барып тұрған абсурд бұйрық деп санаймыз.

Басында ол ізгі ниетпен жасалған – бұл норма бизнеске қатысты болуы керек еді. Мысалға, егер сіздің БАҚ жоғары тәуекел тобына жататын болса, сізге несие берілмейді, сіз салық органдарының ерекше есебіне кіресіз.

Бірақ Қазақстанда мемлекет БАҚ–қа бизнес ретінде емес, пропаганда құралы сияқты қарайды – сонда топқа бөлудің қажеті не? Онда барлық БАҚ–ты бизнес ретінде теңестірейік, дені түзу елдердің бәрінде солай ғой.

Сонымен қатар, бұл бұйрық әрқайсына бөлектеп қарайды. Ол баспасөз басылымдары мен интернетті қамтиды да, телевизияны қоспайды. Мендегі сұрақ: телевизия неге тыс қалды? Ол сонда құқыққа қайшы ақпарат таратпай ма?

Өкінішке қарай, бұл бұйрыққа қол қойылды. Бірақ тәжірибе жүзінде одан қауіп тумайды деп үміттенемін. Өйткені Қазақстанда қабылданып жатқан жаңа нормалардың дені әрекетсіз қалып жатыр.

– Қазақстанда алдын ала қамданып, нормалар қабылданады деп айтып кеттіңіз, ал журналистикада, мысалға, өшпенділік тілі немесе жала жабу сияқты басқа проблемалар жоқ деген сөз бе?

Дәстүрлі БАҚ туралы айтар болса, мұндай өшпенділік тілі деген жоқ десе болады, өйткені Қазақстандағы баспасөз басылымдарының 99%–і мемлекеттік ақпараттық тапсырыс – мемлекеттен қомақты қаражат алады. Әлбетте, онда сіз мұндай ақпарат кездестірмейсіз.

Мұндай проблема интернетке, Facebook–ке қатысты. Егер интернеттегі жарияланымдарды, посттарды, комментарийлерді қарастырсақ, мұнда өшпенділік тілі өркендеп тұр, тіпті кейде нақты әрекетке, зорлыққа шақыратын сәттер де бар. Алайда тәжірибені алып қарасақ, зорлық әрекетке шақырмайтындар. жауапқа тартылып жатады.

Атышулы процестердің барлығы жиі жағдайда саяси сипатта, оның ішінде жер реформасына қатысты пікірін айтқан азаматтық белсенділер, діни қайраткерлер. Олардың айыбы – пікірін ашық білдіргені.

Дегенмен, интернетті ақтарсақ, менің заңгерлік көзқарасым бойынша, шынымен зиян әрекеттерге шақыратындарды жауапқа тартуға болар еді.

– Яғни, қандай шара қолданса да, ол міндетті түрде саясатқа негізделеді ғой?

Солай, ия. Терроризммен, экстремизммен, өшпенділік тілімен күресу – ізгі мақсат. Бірақ, өкінішке қарай, осы мақсаттарды желеу етіп, сайттарды бұғаттау, берсенділерді жауапқа тарту дұрыс емес деп санаймын.

Күресу керек. Бәріміз түсініп отырмыз – қазір интернет дәуірі орнаған, ақпарат лезде тарап кетеді, әсіресе терроризмге қатыстысы. Мұнымен мүлдем күреспеу керек демеймін. Бірақ шын мәніндегі зиян элементтермен – терроризмді, экстремизмді, өшпенділік тілін қолданатындармен күресу керек. Алайда, тәжірибе жүзінде, әсіресе 174–бапқа байланысты, барлығы керісінше болып кеткен.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір