Ақтөбе қаласында 5 маусым күні болған терактіні әркім әртүрлі қабылдады. Алғашында оны діни ұстанымдағылардың ісі деген ресми мәлімдемеге сенбегендер, діндарлардан гөрі қылмыс әлемі өкілдерінің қолтаңбасы деушілер аз болған жоқ. Тіпті, кез-келген оқиғадан саяси астар іздеуді әдетке айналдырған біраз жұрт «Бұл жер дауынан елдің назарын басқа жаққа бұру үшін істелген шаруа», «Қанды қырғынды әлдебір топтар қолдан жасады» деуге дейін барды. Тек, күдіктілер мен ұсталғандар, арнайы операция барысында полиция қолынан қаза тапқандар туралы толығырақ мағлұматтар, олардың туыстарының мәлімдемелері жарияланғаннан соң барып кей адамдардың көңіліндегі күдік сейілгендей болды.
ҰҚК мен ІІМ-нің Ақтөбедегі оқиғаға берген «теракт» деген бағасын Елбасы да қуаттады. Арнайы органдардың мәліметтері негізінде, өңірдегі криминогендік, діни, қоғамдық-саяси ахуалды салмақтай келе Ақтөбедегі теракті адасқан ағымдардың, оның ішінде сәләфизм идеясымен уланғандардың ісі екенін айтты. Бұған дейін елімізде «Таблиғ жамағат», «ДАИШ», «Хизб-ут-тахрир» бастаған бірнеше діни ұйымдардың қызметіне заңмен тыйым салынған. Ал, президент айтқан салафизм ресми рұқсат етілген ағым болмаса да, оған тосқауыл қоятын ешбір құқықтық тыйым болмады. Осы ағымды ұстанушылар емін-еркін уағызын айтып, мешітін салып келді. Тек діни ортада емес, қоғамның басқа салаларына да тамыр жайған бұл ағым өкілдерінің бизнесте, ақпараттық салада, ауыл шаруашылығында, тіпті, мемлекеттік қызметте де көптеп кездесетіні айтылуда.
Аталған ағымды терактіге қатысы бар деп айыптаған адамның сөзі аяқсыз қалмасы белгілі. Президент мәлімдемесінен соң бірқатар ақпарат құралдарында Ақтөбедегі теракті жайлы арнайы хабарлар ұйымдастырылып, есімдері елге танымал дінтанушылар, саясаттанушылар мен діни басқарма имамдары салафизм ағымы, олардың исламның негізгі құндылықтарынан ауытқуы туралы ашық айта бастады. Бұл дауға дін мамандары, заңгерлерден бөлек аталған салаға тікелей қатысы жоқ қарапайым азаматтарға дейін араласып, соңғы уақытта әлеуметтік желі беті қызу айтысқа ұласты. Ел ішінде бұған дейін салафизмге қатысы бар делініп келген бірнеше азамат ә дегенде Ақтөбедегі терактіні айыптап, оның дінге қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Осыдан кейін айыптаушылар мен ақталушылар арасындағы ақпараттық соғыс күшейіп сала берді.
«Соңғы террорист ұсталып», Ақтөбедегі қызыл деңгейлі қауіп сейілгенімен полиция мен арнайы органдар тергеудің одан ары қарайғы бағыты туралы ресми ақпарат таратпады. Тек, ІІМ Қ. Қасымов лаңкестік әрекетке барғандар Сириядан жіберілген әлдебір аудиоүндеуді басшылыққа алғанын хабарлады. Ал, ол үндеуді нақты кім жасады, қай тілде жазылған үндеу, араб тілінде болса, оны лаңкестікке оқталғандардың өздері түсіне алатындай білімдері болды ма, жоқ біреу аударып берді ме, ол жағы әзірге жұмбақ. Тергеу құпиясын арнайы органдар оңайлықпен аша қоймасы да түсінікті.
Осы ретте елдегі бұған дейінгі терактілер мен діни ағымдарға қатысты істерді бір шолып өткен дұрыс сияқты. Әрісі Ақтау түрмесінен қашқан бір топ сақалды қылмыскер, Ақтөбенің Шұбыршысын қызыл қанға бояған лаңкестерден бастап соңғы 5-6 жыл көлемінде болған біраз оқиға еске түседі. 2012 жылы жазда Алматыда қорықшыларды қырып кеткен лаңкестердің іздестірілгенін ұмыта қойған жоқпыз. Сол кезде тағы екі полиция қызметкерлерін өлтіріп кеткендерді де діни радикалдық ұйымдармен байланыстырдық. Оның алдындағы «Тараздық терминатор» мен кейінгі Атырауда полиция ғимаратына оқ жаудырғандарды да ұмыта қойған жоқпыз. Бірақ, бұл оқиғалардың барлығына жуығы күдіктілердің көзін жоюмен, лаңкес делінгендердің ажал құшуымен аяқталды. Істің сотқа жетіп, пәленбай деген күдіктіге терроризм бабы бойынша мынадай жаза кесілді дегенін естімедік. Яғни, қылмыскерлерге діни экстремистер деген айып тағылғанмен, олардың нақты қандай ұйымның мүшесі, қандай діни ағымға ерушілер екенін былайғы жұрт толық ұқпай қалды. Ел ішінде ағарту, алдын алу жұмыстары үшін де ол қылмыскерлердің нақты қандай ұйымдармен байланысты болғанын білу қанша маңыздылығына қарамастан мүмкін болмай қалды.
Бірақ, діни сипаттағы, экстремизмге байланысты қозғалған, бірнеше адамға нақты айып тағылып, қамауға алынған тағы бір іс бар. Ол – ел арасында және ақпарат құралдарында «Сопылар ісі» деп аталып кеткен қылмыстық іс.
2011 жылы қазан айында Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, дінаралық араздық туғызды,
адамның бас бостандығын заңсыз шектеу сынды бірнеше баптар бойынша айып тағылған бір топ күдіктіге қатысты сот үкімі шықты. Сот үкіміне сәйкес, «сопылық ағымның жетекшісі» - Қылмыстық кодекстің 12 бабы бойынша айып тағылған Исматулла Әбдіғаппар – 14 жылға, ҚазҰТУ-дың профессоры, Қылмыстық кодекстің 6 бабы бойынша айыпталған Саят Ыбыраев – 12 жылға, одан басқа Ербол Исабеков - 9 жылға, Ербол Рахымбаев – 8 жылға, Сайпулла Моллақанағатұлы – 8 жылға, Думан Берікбосынов – 8 жылға, Жадыра Сүлейменова – 6 жылға, Арнур Куникин – 5 жылға, ал Әлия Әшірқұлова – екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылды.
Бұл «сопылар ісін» не үшін еске алып отырмыз? Осы іспен сотталғандарға көпшіліктің ішінде бомба жарып, кісі өлтіретін лаңкестік әрекеттермен «аты шықпаса» да лаңкестерден кем айып тағылмады. Қылмыстық қудалау басталардан бірнеше жыл бұрын аталған топты айыптаған ақпараттық шабуылдар болды. 2005 жылы 31-арна, КТК сынды телеарналардан«зікіршілердің» (ислам дінінде дербес діни ағым ретінде мойындалған мұндай топ болмағандықтан тырнақшаға алынды – ред.)діни көзқарастарына, құлшылық ғибадаттарына қатысты бейнематериалдар берілді. Мүфтият өкілдері Президентпен өткен кездесуде Елбасыға «зікіршілердің» теріс насихат жүргізіп отырғанын, тіпті, сол мақсатта «Қазақстан» телеарнасын «басып» алғанын жеткізді. Президент тиісті мекемелерге мәселенің анық-қанығын зерттеуді тапсырды. Көп ұзамай сопыларға қатысы бар делінген бірнеше журналист аталған телеарнадан кетіп тынды. Бірақ, президент айтты екен деп бірден қылмыстық іс ашылып, ешкім түрмеге қамалған жоқ. Араға бес жыл салып барып, сопыларды қудалау қайта жанданды. Мұны бірақ көпшілік Президенттің ұмытыла бастаған пәрменінен гөрі сол кезде ел ішінде кең тарап, биліктің биік баспалдақтарына жете бастаған тағы бір діни ағымның күшеюімен байланыстырады...
Енді осы «сопылар ісіндегі» сценарий мына сәләфизм идеясына ергендерге қарсы қолданылуы мүмкін бе? Баласы Сирия асқан сан қазаққа сан соқытрған теріс ағым насихатшылары темір топдың ар жағына қамалған сопылардың соңынан кете ме? Екі ағымның жұмыс стилі қаншалықты ұқсас? Жетекшілерінің ықпалы қандай? Бұл сұрақтардың жауабын әлгі телеарналарда «сарапшы» болып пікір білдіруге әуес дінтанушылар мен заңгерлер, саясаттанушылар мен басқа да зенттеушілер нақты деректермен, көңілге қонымды қисындармен айтып берулері тиіс еді. Алайда, ол тараптан тек сипай қамшылаған, жалпылама айыптаулар ғана естілді.
Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерге сүйенсек екі ағымның ұқсас жерлері көп. Айырмашылықтары да аз емес. Алдымен ұқсастықтардан бастасақ, зікіршілер де сәләфилер де ресм билікке ашық қарсылық білдірмеді. Екі ағымға ергендер де Мемлекет басшысы мен оның саясатын қызу қолдайтындарын айтып, түрлі шаралар да ұйымдастырды. Сопылар секілді сәләфилер де ақпарат құралдарында қызмет ететін журналистерді қатарларына көптеп тартты. Өз идеяларын солар арқылы да таратуға күш салды. Журналистер Президент саясаты мен мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау арқылы өз «пірлерінің» саяси қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Екі топ та биліктегі, бизнестегі тұлғаларды да бауырларына басты. Исматуллаға көлік мінгізгенін ашық айтқан саясаткерлер болды кезінде. Сәләфилер де қаржыдан қиындық көрдік демейді.
Енді көзге ұрып тұрған айырмашылықтарына келсек. Біріншіден, бұл ағымдардың ұйымдық сипатына назар аудару қажет. «Зікіршілер» республикалық «Сенім. Білім. Өмір» деген ұйым құрып, сол ұйым аясында ресми әрекет етті. Ашық уағыз жүргізбесе де мәдени, танымдық шараларды аямақтарға шығып, емін-еркін жүргізді. Оған бір жағынан ол шаралардың діни емес, мәдени, әдеби сипат иеленуі себеп болса керек. Ал, мыналар сәләфи дейтіндей қазір ешбір қоғамдық ұйымды, қозғалысты атай алмайсыз. Сақал қойып, балақ кескендер қара базарда ұялы телефон жөндейтін, кондиционер, тоңазытқышқа фреон құятын кіші-гірім шеберханалар ашқаны болмаса, негізінен саяқ жүргенді жөн көретін секілді.
Одан кейін, мүфтият айыптап, журналистер әшкерелеген «зікіршілердің» нақты көсемдері болды. «Зікірші» дегенде ел Исматулла Әбдіғаппарды, оның «оң қолы, сол қолы» болған Нарымбай Сыздықбаев пен Саят Ыбырайды еске алады. Қудалау басталғанда сол лидерлердің екеуі қамауға алынып, ең ауыр жаза арқалады. Сот, тергеу барысында ешқайсысы кінәсін мойындау былай тұрсын, өздерінің істеріне кір жуытпады. Бір қызығы оларды ақтаушылар, тіпті, түрмеден шығаруды талап етушілер әлі де бар. Ал, мына сәләфилерге кім көсем болады? Қудалағысы келсе кімді көсем етеді?
Яғни, салқын ақылмен салмақтап көрсек, сәләфизмге құқықтық тұрғыда тосқауыл қоюдың мүмкіндіктері де кеми түседі. Қазіргі уақытта сәләфизмге қарсы айтылған пікірлердің ішіндегі ең салмақтысы ешбір имамның, яки дінтанушының пікірі, Дін істері комитеті мамандарының сараптамасы емес, Елбасының мәлімдемесі ғана болып отыр. «Сәләфизмге не үшін тыйым салу керек?» деген сұраққа «Өйткені, Елбасы айтты» деп қана жауап бере аласыз. Басқалардың айтқаны айтылған жерде қалуда. Сол себепті де, сәләфилер сопылардың соңынан кете ме, жоқ әлде ниетінің ақ екенін дәлелдеп, сенім иелене ме, дөп басып айту қиын. Осы уақытқа дейін ақпараттық салада, ғылыми, діни ортада ол ағымға қатысты аз әңгіме айтылған жоқ. Ендігі жерде тек арнайы органдардың жұмысының нәтижесін күту ғана қалған сияқты.
Жомарт Абдоллаұлы