«БТА Банкі» Акционерлік Қоғамының басқарма төрағасы болып, Мағжан Әуезов тағайындалғанда, ұлтым деген қазақтың талайы елең ете қалды. Әдетте еліміздегі банк саласына кім келіп, кім кетіп жатқанына аса мән бере бермейтініміз рас қой. Олардың Сембаев, Сұбханбердин, Жандосов сияқты сырт көзге жабық, әлдебір құпиясы бардай, әрі орысшалау көрінетіні жасырын емес. Солардың қатарына қосылып жүрген Мағжан да асфальттің баласы, бірақ басқасы басқа, барша қазақтың ұғымында Әуезов – біреу. Мұрат ағаның бойынан да, Мағжанның бойынан да қазақтың бір артықшылық көргісі келетіні содан. Мағжан Мұрат Әуезовтің баласы, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің немересі, қазақша айтқанда, асылдың сынығы. Кейбір асылдарымыздың балалары өз-өзімен жоқ болып кетіп жатқанда, Мағжанның қоғамдағы белсенділігін көріп, сүйсініп-ақ қалдық өзіміз. Мағжан атасы мен әкесі құсап, әдебиет пен мәдениеттің соңына түспесе де, өзіндік қабілетті қажет ететін банк саласында қызмет етуді құп көріпті. Мағжан жаңа қызметке барған күні әкесі Мұрат Мұхтарұлына хабарласып: «Мағжан қандай бала болып еді, кім болуды қалап еді?» –
деп сұрадық. «Дәл қазір ыңғайсыз болар, біраз уақыт өтсін, кейін хабарласайық», – деп Мұрат ағамыз артық дабыраны қаламайтын әдетіне басты. Алайда «Ақ желкеннің» балалар мен жасөспірімдердің басылымы екенін ескеріп, үлгі тұтар ұландар көп болсын деген ниетпен баласын кеңірек таныстыруға келісті.
Мағжан Алматыдағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын №15 мектепті алтын медальмен бітіріпті. Мағжан Жұмабаевтың аты саяси жағдайларға байланысты ұмытылып бара жатқан, ұмытылып та кеткен кез. Сондықтан балаларына Мағжан деп біреу біліп, біреу білмей бірен-саран адамдар ғана ат қоятын. Мағжан кішкентайынан есімінің мағынасы қаншалықты маңызды екенін жақсы түсініпті. Мұрат ағамыз әкесінен көрген, көріп қалған тәрбиені Мағжанның да ой-санасына сіңіруге күш салыпты.
«Бала кезімде әкем інім Ернар екеуімізді ылғи табиғат аясына апаратын. Кейде сапарға шыққанда қасына ертіп жүрді. Ыстықкөлге барып, қырғыздың манасшыларымен таныстырған. Мен де Мағжанды талай рет табиғатқа бірге алып шықтым, сол жерде түнеп, өзен жағасына қонып та шыққан кездері бар. Табиғаттың сырына бір кісідей қанық боп қалды. Жалпы, табиғат тылсымын сезіну адамға өте қажет қасиет деп білемін. Мағжан кітапты көп оқиды. Бұл асырып айтқаным емес. Бірде қаладағы жасөспірімдер кітапханасына кездесуге барсам, кітапханашылар: «Сіздің балаңыз біздің тұрақты оқырманымыз», – деп қуантып тастады. Кітапты көп оқығанының арқасында дүниежүзілік әдебиетті жақсы біліп өсті. Ал өзінің таңдаған саласы – тарих. Халықаралық қатынас, дипломатия салаларына да көп көңіл бөлді. Саналы түрде деп те айтайыншы, өзі ұмтылып жүріп қазақша үйренді. Шешем Фатима Ғабитова қазақтың ауыз әдебиетін жақсы білген. Өзі таңдап қазақтың 100 мақал-мәтелін машинкасымен теріп, Мәскеуге жіберген. Ол ілтипат мен үшін және менің «жастұлпарлық» достарым үшін үлкен рухани азық болды. Сол 100 мақал-мәтелді Мағжан да біліп, жаттап өсті. Мағжанды Абай жеріне, Шыңғыстауға кішкентай кезінде бірнеше рет ертіп бардым. Сөз сөйлеген кезде қазақша дұрыстап сөйлей алмаған еді. Бір барғанымызда Бекен Исабаев, Төкен Ибрагимов секілді сол жердегі беделді кісілерге «келесі келгенде қазақша сөйлейтін боламын» деп уәде берген болатын. Келесі барғанда қазақша әдемілеп тұрып сөйледі. Сол кезде жаңағы ақсақалдар риза болып қалды. Мағжанды сүйрелеп, әркімдерге өтініш айтқан кезім болған емес. Мағжан өзінің ішкі дайындығының арқасында, білімімен осы дәрежеге жетті. Тағы айта кететіні, спортты ешуақытта тастаған емес. Америкадағы Джорджтаун университетіне өз күшімен түсіп, бакалавр дәрежесінде бітіріп шықты. Сол жерде оқып жүріп, өзіміздің ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетін қызыл дипломмен тәмамдады. Одан кейін Колумбия университетінде магистрлікті бітірді».
Осы арада Мұрат ағаның сөзін бөліп, Мағжанның бойында қандай жақсы қасиеттер барын сұрадық. «Ақ желкеннің» жас оқырмандары: «Досқа адал болуды қалай түсінеміз?» – деген сияқты сұрақтарды көп қоятын. Ондай сұрақтарға өмір көрген адамдардың жауап бергені де жөн ғой. Оның үстіне, кейбір жасөспірімдер кімге, неге, қалай еліктеуді білмей жатады. Жақсы ұл тәрбиелеп өсірген екен, ендеше неге бір ауыз кеңес алмасқа деп ойладық. Ағамыз бұған жадырап, шешіліп сала берді:
«Мағжан достыққа қатты берілген, уәдеге берік. Оның осы қасиеті өзіме қатты ұнайды. Өйткені, «Жас тұлпарда» достарым көп болды. Талай сынақтан өттік қой. Өзіміз де, өзгелер де дегендей. Адал достық деген нәрсе қандай жағдайда да керек. Сосын Мағжан өте бауырмал болып өсті. Қолынан келгенше біраз адамға жақсылық жасады. «Қазкоммерцбанкте» істеп жүргенде көмекке мұқтаж адамдарға қаржылай көмектесіп, жалпы қолұшын созатын «Құс жолы» деген ұйым болды. Мағжан сол ұйымға жетекшілік етті. Қоғамдық белсенділігі төмен емес. Мұхтар Әуезов қоры құрылғанда негізгі демеуші болды, «Абай жолының» орыс тіліне аударылуына да, көптеген зерттеулердің жасалуына да демеуші Мағжан болды. Отаншыл азамат десем, артық айтқандық болмас. Мағжанның әпкесі Зифа-Алуа да өте ірі маман, шығыстанушы. Шетелдік жоғары оқу орындарының шақыртуымен лекция оқып қайтады. Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» деген еңбегін ең бірінші болып араб тіліне, содан соң орыс тіліне сапалы аударған. Зифа-Алуа бірінші әйелімнен, Мағжан екінші әйелімнен туылған перзенттерім. Голландияда тұрады, үш жиенім бар. Мағжанның кішкентайының, немеремнің жасы үште. Мағжан кішкентай кезінен жақсы тәрбиенің бір парасын анасы Зәуре Сағиқызынан алды. Қазір келін-баласының жанында, Мағжанның отбасына көмектесіп жатыр. Құдайға шүкір, қарым-қатынасымыз өте жақсы».
Мұрат ағаның әңгімесін тыңдап отырғанда, мына нәрсе ойымыздан шықпай тұрды. Ол кісінің айтып отырғаны ненің әңгімесі, ол – әулеттің әңгімесі. Әулеттің әңгімесі түптеп келгенде ұлттың әңгімесі болуы керек. Сөз соңында: «Бүгінгінің баласы біліммен қарулану керек. Қазіргі жастар көп сынға ұшырап жатыр. Мағжан ғана осындай деуден аулақпын. Өйткені, терең білім алған, өздерін жан-жақты дайындаған жастар көбейіп келеді. Осындай қазақ жастары көп болсын деген мағынада айтып отырмын бұл әңгімені. Себебі, санымыз аз болғанымен, әр қазақ сапалы болу керек», – деді Мұрат Әуезов.
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ
Мағжан Мұратұлы Әуезов
1975 жылы 28 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. 1992 жылы Алматы қаласындағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын №15 мектепті, 1996 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Халықаралық қатынастар факультетін тәмамдаған. Одан кейін АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Джорджтаун университетінде «Халықаралық экономикалық даму» мамандығы бойынша білім алып, бакалаврды аяқтайды. Сосын Нью-Йорктегі Колумбия университетінде «Халықаралық қаржы және банк ісі» мамандығы бойынша магистрлікті оқып бітіреді. Амстердамдағы АБН АМРО Банк Академиясының басқарушы кадрларды дамыту бағдарламасы бойынша Уортон бизнес мектебінің (Пенсильвания университеті, Филадельфия, АҚШ) түлегі. 1998-2002 жылдары «АБН АМРО Банк Казахстан» АҚ-ында қызмет атқарған, онда кредиттік блокты басқарған. 2002 жылдан бастап «Казкоммерцбанк» АҚ Басқарма мүшесі – Басқарушы директоры болды, «Құс жолы» Қайырымдылық қоры» Қоғамдық қорының Президенті. Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» Халықаралық стипендиясының Стипендиаттар қауымдастығының Кеңес Төрағасының орынбасары. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі. 2014 жылғы 26 ақпаннан бастап «БТА Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен «БТА Банкі» АҚ Басқарма Төрағасы қызметіне тағайындалды. ҚР Қаржыгерлер қауымдастығының «Еңбегі сіңген қаржыгер» қоғамдық орденімен, 3-дәрежелі «Кузбастың дамуына зор үлес қосқаны үшін» медалімен марапатталған.
Оставить комментарий