Алпысыншы жылдары қазақ әдебиетіне ат байлаған бір шоғырдың қалам тартысы алдыңғы толқынды жағада қалдырғандай еді. Олардың шығармашылыққа келуі қазақ әдебиетіне жаңа бір серпін беріп, бөлекше сарын қалыптастырды. Оның бір себебі сол кездегі жазушылардың соғыс жылдарындағы бақытсыз балалықтары шығар десек қателеспейміз. Сол сияқты егемендіктің бастапқы жылдарында балғын балалықтары өткен бір топ ақын әдебиетке өздеріне тән жаңалығымен келгені белгілі. Олардың да балалықтары тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан қамшы жеді, бір қалыпсыз қоғамдық орта олардың санасын шайқады. Сол үйірге шетелден туған топырақ аңсап, сағынышын құшақтап, жаңа энергиямен жеткен бір топ қосылды. Адамның кейінгі өмірі балалығымен тығыз байланысты десек, дәуірлік жағдай оларды социалистік реализімге үрке қарауға үйретті. Сонымен, олар социалистік реализмнің басынан аттап өтіп, жолсыздан жол салмаққа, әдебиеттің басқа бір аспанын іздеп шарық ұра бастады. Осы азаматтардың түрлі басылымдардан шыққан жыр жинақтарына қарап отырсаңыз, алғашында қазақы қара өлеңге ат шалдырып, жыраулар үлгісінде де қалам тартып, Жұмыкеннің су төгілмес жорға жырымен біраз «ауырып» барып өз сүрлеулерін салмаққа ниеттеніп, соның жолында тынымсыз ізденіп, жаңа формалар, жаңа көркемдік жаратуға ұмтылыстары байқалды. Мысалы:
Бөкен жон, бөрте қыраттар астында
Шөптермен жабылған,
Ақсөңке сүйектер сөйлейді,
Не түйдік аруақтар зарынан?!
Ықылас Ожай .«Тарих»
Үн-түнсіз. Жым-жылас.
Есік пен терезе –
Мәңгілік ашылмас кейіпте. Жабылған.
«Иек сүйеу». Тоқтарәлі Таңжарық
Ағатай,ояншы! Сен түрен салмаған бостыққа Мен қалай егем дән. Шегіртке шоршиды Мен басқан көгалдан. «Ағатай» Төлеген Меллат
Оқып отырсаңыз, қазақы қара өлеңнің ырғағына келмейтін, қара сөзге жақын бір үйлесім байқалады. Тіпті тыныс белгілері де өз алдына айрықша «қызмет» атқарып тұр. Олардың бірі ақ өлеңнің желісіне салса, бірі екпінді, ырғақты болып келетін соны соқпаққа бастайды.
Көбіміз өлеңді көңіл -күйге, ащы айғайға салып тыржалаңаш жеткізіп, бір нәрсеге өлеңмен ақыл айтып, күйініш білдіріп, аттандап жүреміз. Құдды соның ақылына әлем зәру боп отырғандай. Бояуынан көркемдік қашып, өлеңі публицистиканың қанжығасында кетіп жүрген ақындар аз емес. Бодлерше айтсақ: «өлең деген сұлулық, өмір деген сұрқиялық гүлдері ғана». «Әлемде Отыз Үш сюжет бар». Барлық шығармашылық адамы сол сюжеттерді жазып келеді. Бірақ қалай жазып келеді? Тек шамасы келгендері ғана жаңаша көркемдік жаратып, біз ат-тонымызды ала қашып үркетін «измдер» жаратып жазып жатыр. Дәл осындай көркемдікке ұмтылу, біз сөз етіп отырған ақындардан да байқалады, сол жолдың бірі - символизм. Символизм біздің әдебиетімізге жат емес. Бұл жол сопылық әдебиетте кеңінен қолданылған. Кейіндеп Мағжан Жұмабаевтар да бұл жолды пайдаланған. Ақберен Елкезектің «Тұман», Тоқтарәлі Таңжарықтың «Жылқылар», Төлеген Меллаттың «Тамшы үні» сияқты өлеңдер таза символдық мәнде жазылған өлеңдер. Сөзімізге орай ақындардан мысал келтірсек:
Ақ жаңбыр айыққан сәтте,
Жапыраққа тұндым.
Жаралы жатырға түсіп,
Жәдігөй тудым.- дейді Төлеген Меллат. Құран аяттарында:«Сендерді бір тамшы судан жараттық» делінеді. Қарап отырсаңыз, тамшының мәні «нүктеге» барабар. Әлемнің жаратылысында әрқандай нәрсе нүетеден, түйірден басталады. Бір сабақ бидайдың да, бір шоқ гүлдің де, жанды адамның да басталған жері - нүкте. Исламда жүректегі қара дақтың (дақтың өзі нүктеге тең) істеген күнә арқылы жүрекке жайылып, азғындауға апартыны бар. Өлеңде ақын күнәнің де, жамандықтың да, сұлулықтың да барлық нәрсенің тамшыдан басталып ұлғайып, адам баласының шамасы келмейтін дәрежеге жететінін аңғартқандай. Өлеңдегі тамшының мәні- тазалық, күнә, жамандық болып өзгеріп отырады. Сол арқылы ақын осының бәрі болмыстың басталған сәтінен бері бізге серік болып келе жатқанын бейнелейді.
Осы топта жылқы ішіндегі аладай болып көрініп келе жатқан ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың бөгенайы бөлек. Өлеңде символдық деталдарды пайдалануы дара. Ақынның «жылқылар» деген өлеңінде:
Олар шұрқырап сұп-сұры тұманнан шығатын,
Қайтадан кіретін сұп-сұры тұманға.-дейді.
Жалпы жылқы мен қазақ егіз ұғым. Өлеңдегі жылқының мәні- сонау сақтардан басталып сахара төсінде еркін жортқан көшпенділердің баламасы. Ал тұман аумалы-төкпелі тарихтың шайқауы. Немесе еркіндік үшін арпалыс. Ақын өлеңнің басқы шумағын да осыны айтады, келесі шумақтарында бүгінге қайтып оралады да:«құла ма, қоңыр ма, қылаң ба...... білмейміз, біз үшін беймәлім түр-түс»,- дейді. Әрине, бұл күнде аттан түскен қазақтың халы дәл осындай. Немесе көшпелі мәдениеттің тіршілік қайнарын жоғалтқан біздің ілкіге деген түсінігіміз ашылып жатыр. Ақын осыны айту арқылы өткен мен бүгіннің арасындағы алтын жіптің үзілгеніне күрсінеді. Жалпы Тоқтарәлі өлеңдерінде сөзбен сурет салу, көңіл-күй айтудан бас тарту, өлеңде сөздің мәнін қалдырып, ақын өзін«өлтіруі», сұлулықтың ішіндегі қасіреттілік байқалады.
Келесі бір ақын Ақберен Елгезек «Тұман» деген өлеңіндегі нышандық мән. «Тұман» белгілі қоғамдық ортаның әлеуметтік жағдайы, саясилықтың тұрғындарды қасаң саналық түсінікте өмір сүруге итермелеуі және адамның ішіндегі өзін-өзі тани алмай қараңғылықта өмір сүруі есебінде көрінеді. Мысалы:
Менің нала-мұңымнан жаратылған
дала – тұман…
түкпірінде тұманның періште жүр,
(Тұманның ішінде жүрген мүмкін періште, мүмкін шәйтан. Себебі меннің(кейіпкер) өзініңде ішінде бір тұман бар).
Соқыр тұман және Мен…
«Мен» деппін ғой…
өзімнің де тұманнан жоқ айырмам…
пейіш нұры тамшылап қанатынан...
«Меннің» ішіндегі осы күңгірттікке, тұманданған санамен ойлауға сүйенсек көргені періште емес деуге болады. Бұл уланған, арнайы шеңбер ішінде тәрбиеленген сананың темірді алтын деп шатастыруы. Ақын осыны айту арқылы, қоғамдық биліктің өз «тұманын» жасыру үшін тобырлық «тұманды» мейлінше қоюландыра түсетінін бейнелейді.
Көптеген аға ақын-жазушыларымыз «қазақ әдебиеті тоқырады, күні сөнді» деп жар салады. Жаңашыл әдебиетке үрке қарап (әрине Кеңес одағы билігі үшін модернизм өте қауіпті жау болып есептелген), дәурені біткен кеңестік жүйемен бірге құрдымға кеткен социалистік реализмнің етегіне тас кенеше жабысқан жазармандар үшін әдебиет тоқыраса тоқыраған шығар, ал жаңашыл жастар үшін кеңес кезінде бұғауға ұшыраған қазақ мәдениетінің, қазақ сөзінің құпияға толы, сырлы да жұмбақ қойнауы әлі ашылып болған жоқ. Сол жыныс қойнаудың сырын ашып, әлемге пәш ету үшін жас әдебиетшілер ешкімнен қаламақы тілеп зар жыламай-ақ (себебі олар Кеңес одағындағы біреулер сияқты жағдайын жасаса ғана жазатындардан емес), «жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қыр кешіп» қазақ әдебиетін көркейтсек дейді. Сіз қалай ойлайсыз, замандас?
Ықылас Шалғынбай
"Қамшы" сілтейді
.
Оставить комментарий