Мұрат Алмасбекұлы. Он екі жылдан кейін жеткен хат

/uploads/thumbnail/20170708151752616_small.jpg

Кеше мен үшін ерекше әсерлі де қуанышты күн болды. Себебі, Қытайда Алтай аймақтық 1 орта мектебінде бірге оқыған досым әрі сабақтасымның маған арнап осыдан он екі жыл бұрын жазған хаты қолыма тиді.

Он екі жыл!

Он екі жыл бойы иесін күткен сағынышты сәлем, көңілі алай-түлей арпалыста, ішкі ойы, рухы өзін сан мәрте сұраққа алып, алаң күй кешкен досымның мұң тұнған сырлары қағаз парақтарын ашқан бетте-ақ маған ауыр салмағын аңғартып сала берді... Мүмкін, өзгелер үшін бұл сөздердің аса бір үлкен мәні жоқ шығар, өзгелер емес хатты он екі жыл бұрын көрсем мен де онша тебіреніп кетпес пе едім...

Рас, он екі жыл бойы аманат арқалаған хат мен үшін осынша ұзақ уақыттан кейін қолыма тигенімен құнды. Алайда мен оны уақыттың заңдылығына әсте бағындырғым келген жоқ. Мен үшін үш парақтан тұратын осы хат ғарышқа сіңіп кетіп, он екі жылды он екі сағаттай ғана өткізіп маған жетті және жай ғана жетпей он екі жылдың алдында әлденеге елеңдеп, іштей жүдеген көңілін үміттің әлсіз отына жылытып отырған досымның қыстыққан жүрек лүпілін, ширыққан жан тынысын ала келді... Сол арқылы мен көк байрақты отаны мен ұлтын шексіз сүйген, мақтан тұтқан, бірақ көңілінде қуаныш пен күдіктің, шарасыздық пен сенімнің алаулы оты, ызғарлы суығы алма-кезек айқасқан алыстағы қазақ жастарын көрдім...

Сондықтан мен бұл хатты жеке өзіме жазылған әдеттегі сәлем хаттан гөрі досымның қазақ еліне, ата жұрты, ана отанына әппақ көңілімен арнаған жан сыры ретінде жариялағанды жөн көрдім. Олай болса хатты бірге оқиық:

Сәлем хат (Мұрат Алмасбекұлына) 1149010_580476478714945_1681441174_nҚадірменді ағайын қандай? Күндерің көңілді, өмірің мәнді, қауымдастар қоғамының, бауырмал ағалардың әсем қаласы Алматыдағы арайлы күндеріңді ары жалғастыруда боларсың. Үй-ішің, әке-шешең, аға-бауырың барлығы да ордалы отан құшағында бірінші байлық денсаулығының арқасында нұр шұғылаға бөленуде болар.

Қытай елінде, жат қолында туған жеріңмен бірлікте қалған ағайын-достарың барлығы сау-сәлемет елдің қолына телмірген күндерін жалғастыруда. Бірінші маусымдағы жазған хатыңды тапсырып алып, айрықша қуандым. Себебі, тарихи азабы басынан арыла қоймаған біздерде ұлтына, отанына деген аңсау, шөл бар емес пе!

Хатыңда отан туралы, ұлт туралы ойланатын кез жетпеді ме? Қытайды қимайсыңдар ма? деген түсінік, сұраулар қойыпсың. Біздің қытайды қимай немесе сендерді сағындырып қинайық деген ойымыз жоқ.

Хабарласа алмағанымызға ұзақ уақыттар болды. Өкініштісі, сен қарашаңыраққа аттанардан бұрынғы бірер жылда кезіге алмағанымыз еді. Әңгімені арыдан бастасақ, жоғарыдағы сұрақтарыңа орай әзір біздің жетерсіз жігер, мұқалған қайрат астында амалсыздан арманы көп, дәрмені аз тұрмыс құлы болып қалған қысқаша жайымыз бар. Өзің кеткен соң орта мектептегі ұласпалы тарихымыз да ұзамай аяқтап, көптен аңсаған университет табалдырығын аттағамыз. Қысқа жіп күрмеуге келмейтін тар дүниеде дәрменсіз тіршілігімізді жалғастырғанымызға мәзбіз. Негізгі жағдай осылай, өзіңе айтар бір іс, Алматыға биыл барған көктоғайлық Ұларбек Дәлейұлымен танысып ал, менің жақсы досым, сен туралы біледі.

Одан кейін хат берген балалар екеуі де менің жақын бауырым, Бейсен Сұлтанұлы және Қопан Әпесұлы бұл екеуіне шамаңның келісінше көмектесіп қой. Басқалай көп айтар жоқ. Біз жақта баспа көрмеген жақсы кітаптар болса жіберіп бер, бұл жақтан қажет қылатын нәрселерің болса келген-кеткендерден хат жазып тапсыр. Үлкен кісілерге менен сәлем айт. Әлгі Серікке арнаулы хат жазғанға қысқа уақыт жар бермеді, жақсылап сәлем айтқайсың, басқа сабақтастарға да солай. Хош, сау бол! Алланың арайлы күндерінің бірінде әсем қала Алматыда жолығар болайық қимас ағайын!

Қасенбек Нүсіпбекұлы 20,03.2002 Түн.

Хат осылай аяқталған. Негізі хатқа түсінік берудің қажеті шамалы еді. Алайда мен өзім сезініп жеткен әсерімді іркіп қала алмадым. Қасенбекті көрмегелі міне 13 жыл болды. Өкінішке қарай оның Қазақ еліне әлі жолы түскен жоқ. Өзі айтпақшы, тұрмыстың сан тарау соқпағымен туған жерінде тірлік кешуде. Бірақ, інісі Нүсіпбек Ризабек атажұртқа келген. Астанада білім алды, қазір Елордада журналистика саласында қызмет етеді. Ал, талантты ақын, ұлтшыл азамат Ұларбек Дәлейұлы мен мені өмір өзі таныстырды, қазір арман-мұратымыз бір достармыз.

Бір қызығы, мен Қазақпаратта қарымды журналист Бейсен Сұлтан мен таныспағанда бұл хат бәлкім уақыт қойнауында күндер мен түндердің көрпесін жамылып әлі жата берер ме еді. Алайда мен хатты сол кезде бере алмағанымен аманатқа қиянат етпей, оны он екі жыл бойы бүлдірмей сақтап, менімен танысқан соң оны сонау Талдықорғаннан қиыс жатқан туыстарының ауылынан алдырып, аман-есен қолыма тигізген Бейсенге мың алғыс айтамын. Тек Қопан екеуіне көмектесерсің деген досымның өтінішін уақытында орындай алмай қалдым) алайда игіліктің ерте-кеші жоқ, Бейсен қазір менімен бірге. Қажет деп тапса қолдан келген көмекті көрсетуге әр кез дайынмын. Ал, Серік сабақтасымызбен Алматыд дайындық курсын бірге оқып, бір бөлмеде тұрдық. Ол ҚазҰУ-дің математика факультетін үздік бітірді, қазір Алматыда мектепте ұстаздық етеді.

Қасенбектің кітап туралы өтініші менің мойынымдағы бір міндетім болары анық. Оның әлі де сол он екі жылдың алдындағы кітапқұмар қара торы бозбала қалпында екеніне сенімім зор. Өзі әрі балуан әрі ақын жігіт еді, баспадан кітаптары жаңа шығып жатқан жас ақын-жазушыларымыздың кітаптарын жолым түссе өзім апарып беремін, болмаса солай баратын адамдардан алып жүре алғанынша беріп жіберемін.

Мені терең ойға жетелеген бір жағдай досымның өтініштері еді. Басқа емес, кітап жіберуімді, бауырларына қарайласуымды, жақын досымен танысуымды өтінеді. Рухани қалау, бауырлаына деген қамқор көңіл, досыммен танысса деген көпшіл, бірлікшіл ақ ниет.

Иә, қазірше осымен тоқталайын, бірақ маған осы хат көңіл түкпірімдегі сыр сандықтың қақпағын саңылаулап аша бастағандай, бұйыртса одан төгілген «қазыналарды» оқырманмен бөлісіп қалармын...

P.S. Суретте, сол жақ шетте қолды қалтаға салып шіреп тұрған сабаз сол Қасенбек досым. Жанымдағылар 9 «с» кластың нояндары. Сынып жетекшіміз ақын Әділ Қожанбай болды.

Оставить комментарий

Связанные Статьи