«Бұл апта екі жаңалықпен басталды. Бірі – суық хабар. Алматы ауруханасында ІІД жергілікті полиция қызметінің аға сержанты Серік Әбілдаев пен Алмалы ауданы ІІБ-нің учаскелік инспекторы Мейрамбек Рахматуллаев қайтыс болды. Алматылық атқыш Руслан Күлікбаевтің қолынан қаза тапқандар тізімі тоғыз адамға дейін артты. Екінші жаңалық, шынын айтқанда, ақылға қонбайды: барлық ел бойынша жарияланған лаңкестік қатердің «сары» деңгейіне қарамастан Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов аяқ астынан демалысқа кетті», - деп жазады «Время» газеті.
Басылымның жазуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің алты бабы бойынша қозғалған Р. Күлікбаев ісін тергеуге ҚР Бас прокуратурасының арнайы прокурорлар департаментінің қызметкерлері кірісіпті. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары Р. Күлікбаевтің тағы төрт тонау, екі ұрлық оқиғасына қатысы бар-жоғын тексеріп жатса керек.
Бас полицейдің демалысқа кетуіне таңданыс білдірген басылым Алматыдағы терактіге қатысты тергеу барысында белгілі болған бірқатар жәйттарға да тоқталыпты.
«Осы оқиғаға байланысты түрлі материалдарда Алмалы АІІБ кезекшісінің радиохабарлары бар: ол (кезекші – ред.) полиция басқармасына шабуыл жасалғанын хабарлайды, бір минут өтісімен ғимаратқа жақын маңда жүрген патрульдерді шақырады. Оларға сауытты кеудеше киюді, АІІБ-де атыс болып жатқанын айтады. Бірақ, ғимарат ішінде ондаған полиция, қарулы кезекші ауысым жүргенде қаладағы патрульдерді шақырудың қажеті қанша? Одан бөлек, АІІБ жанында орналасқан ІІД ғимаратын әдеттегі сақшылардан бөлек арнайы жасақтың 10 жауынгері (мерген, сапер, мина іздеуші және 7 шабуылдаушы) күзетеді. Оның жауынгерлері лаңкестікке қарсы арнайы операцияларға қатысқан, жауынгерлік тәжірибелері бар, қару қолдануды жақсы меңгерген. ІІМ басшылығы осы кәсіпқой жауынгерлерді неге көтермеген?», - деген сауал тастайды «Время».
Басылым «Аталған жауынгерлер аудандық ІІБ ғимаратына санаулы секундтарда жетіп, жалғыз атқышты залалсыздандырар еді ғой» дегенді қоса айтады. Егер жауынгерлерге шынымен сондай пәрмен түскенде, оқиғаның салдары да мұнша ауыр болмас па еді.
Бұдан әрі мақалада оқиға куәгері, дәл полиция ғимаратына шабуыл жасалғанда ІІБ-нің бесінші қабатында жүрген Валерий Шинкарненконың сөздері келтіріледі. Ол сол күні полицияға телефонын ұрлатқаны жөнінде арыз жазуға барыпты (Куәгердің сөзі ТВ-ге берген сұхбатынан сөзбе-сөз көшірілген – ред.).
«Мен ІІБ-ге келгенде бекетте жас лейтенант тұрды. Мен және таң қалдым: офицердің автоматпен, сауытты кеудешемен тұрғаны несі деп. Қолымда пакет болған, ол ішін
көрсетуді сұрады. Барлығын мұқият тексеріп болған соң, маған кезекші бөлімге қалай бару керектігін түсіндірді. Ол жерде мені бесінші қабатқа – тегеушілерге жіберді. Мен көтеріліп, онда қырық минуттай болдым.
Төмен түсіп, кезекші бөлімнің табалдырығын аттай бергенімде дауыс зорайтқыштан «Захват РУВД» деген айқай естідім. Жанымда азаматтық киімде екі кісі болған. Түсінуімше, олар да офицерлер. Үшеуіміз жоғары қарай жүгірдік. Мен қатты қорқып кеттім. Бесінші қабатта оңға бұрылдым. Артымда АІІБ қызметкерлері жүгіріп келе жатты. Бір кабинеттің есігі жартылай ашық тұр екен, онда үш полицей болды, біреуі қолына қару ұстаған. Терезеден қарап едік, бекетте тұрған офицер жерде жатты, бетін қан жуып кеткен. Оның басына оқ тиген сияқты көрінді. Біраз уақыт өткен соң офицерлер шығып кетті, мен де солардың артынан ердім. Сауытты кеудеше киген, автомат ұстаған қызметкерлер жоғары көтеріліп келе жатты. Олар ғимаратты тазартуға кірісті. Мен ақырындап төмен түсіп, бірінші қабатқа дейін жеттім. Төмен түскенім сол еді, қайтадан айқай шықты. Біз тездетіп жоғары қарай жүгірдік. Тағы оқ атылды. Біз үшінші қабатқа дейін жүгірдік. Бірнеше әйел жүр екен, олар бізді кеңсе бөлмесіне кіргізді. Онда темір есік болды. Сол жерде екі сағаттай болддық. Оқ атылғанын, айқайды естіп отырдық. Ол (Р. Күлікбаев – ред.) АІІБ аумағында жүрді. Шынын айтқанда, қатты қорықтық...», - дейді оқиға куәгері.
Басылым куәгердің айтқандарына сүйене отырып «АІІБ-де болған полицейлер мылтық даусын ести сала кабинеттеріне тығылып, патрульдердің келуін күтіп жатқан ба? Жігіттер шошып кеткен шығар, түсінікті. Ондай қарулы шабуылды күтпеген болар. Бірақ, олар жай адамдар емес, полиция офицерлері емес пе?», - деген сауал тастайды.
«Қылмыскер автомат ұстап көшелерді шарлап, оны полиция қуып жүргенде құрбан болғандар саны арта берді. Р. Күлекбаев бірінші ҰҚК департаментінде полиция экипажына оқ жаудырды, артынан шекара қызметінің офицерін өлтірді. Тек Алматы қаласы мемлекеттік кіріс департаменті ғимаратын күзетіп отырған «Күзет» қызметкері Аян Ғалиев өзінің өмірімен қош айтыса отырып, қарулы қылмыскерді залалсыздандырды. Егер старшина А. Ғалиев оның алдынан шықпағанда оқиғаның арты не боларын ойлаудың өзі қорқынышты» деп жазады басылым.
«Время» министр Қ. Қасымовтың қайтыс болған полицейлерді ақтық сапарға шығарып салу рәсімдеріне қатыспағандығына, жарақат алып, ауруханаға түскен полицейлердің көңілін сұрап бармағанына да назар аудартады.

«Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорғаннан Қарақыстақ ауылына келіп, сержант Мақсат Сәлімбаевтің жерлеу рәсіміне қатысты. Ол жерден аймақ басшысы Еңбекшіқазақ ауданының Бөлек аулына (екі ауылдың арасы 200 шақырымға жуық) барды. Онда жол-патрульдік полиция арнайы батальонының аға инспекторы лейтенант Тимур Бегасыловтың жаназасы оқылды. Қаза болғандардың отбасына А. Баталов «Асыл арман» тұрғын-үй кешенінен пәтер кілтін табыс етті. «Бұл, әрине, қазаның орнын толтырмайды. Бірақ, өмір бір орында тұрмайды, балаларына, туыстары мен жақындарына ұзақ өмір тілейік» деген көңілін білдірді.

Осы күні Алматы әкімі Бауыржан Байбек те қаза болғандарды ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қатысып, жақындарынан айрылған отбасыларға көңіл айтты. Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Ғалиев отбасына екі бөлмелі пәтер кілтін табыс етті. Қала басшысы кейін ауруханаға да барып, ауыр жарақат алған полицейлердің жағдайын білді.
Ал, ІІМ басшысы ауруханада да, полиция қызметіндегі өзінің жауынгерлік жолдастарын жерлеу рәсімінде де төбе көрсетпеді. Алайда, оны Қауіпсіздік кеңесінің жедел жиынында Назарбаевтың ӨЗІ Алматыға іс-сапарға жіберген болатын. Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы шынымен де ауруханаға барып, өліммен бетпе-бет келген бағыныштыларының қолын қысуға, жерлеу рәсімінде көңіл айтуға уақыт таппағаны ма? (...) Алматыда өткен қоштасу шарасында Бауыржан Байбектің жанында Қ. Қасымов та тұруы керек еді ғой», - деп жазады басылым.

Ал, ҰҚК басшысы Владимир Жұмақанов Р. Күлікбаевтің қолынан қаза тапқан шекара қызметінің офицері Азамат Әзімжановті (қайтыс болған соң) «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалімен наградтау туралы бұйрыққа қол қою үшін уақыт тапқан көрінеді. ҰҚК Шекара қызметінің басшысы генерал-майор Дархан Ділманов болса, бас полицей сияқты жедел хатпен шектелмей Алматы облысы Пиджим ауылына арнайы барып, бағыныштысының жерлеу рәсіміне қатысқан.

Жалпы, ҰҚК басшылығының бұл мәселеде өзгелерге үлгі болатын істері баршылық. Ақтөбедегі жағдайдан соң да комитет төрағасы ҰҚК-нің облыстық департаменті басшысын орнынан алды. Ал, Ақтөбе облыстық ІІД-нің басшысы емес, оның орынбасары орындығымен қоштасты. Алматыдағы жағдайдан соң, Алмалы аудандық ІІБ бастығы Асқар Болатов өз еркімен лауазымынан босату туралы баянат жазған екен. Жақында ол ІІД басқармаларының біріне бөлім бастығы болып тағайындалыпты. Одан бөлек Алматы ІІД-нің жергілікті полиция қызметі, әкімшілік полиция қызметі бастығы мен оның орынбасары қатаң сөгіспен құтылыпты. Ал, министр Қалмұханбет Қасымовтың өзі демалысқа кеткен.