Еліміздегі ең өзекті мәселе тұрғын үй алу, халықтың өзін өзі баспанамен қамтамасыз етуі. Бұл бағытта 2005 жылдан бері біршама істер атқарылып келеді. Әсіресе мемлекеттік тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспары бойынша 55 мыңнан астам пәтер салынған. Болжаммен бір қабатты, үш бөлмелі жер үй салуға жарты жылдай уақыты кетеді. Ал құрылысқа қажет қаражат көлемі 4-5 миллион теңге маңайында. Бұның өзі үнем. Себебі көпқабатты үйден пәтер алу үшін кемінде 15 миллион теңге қажет. Ал оны қалта көтермейді - дейді BAQ.kz тілшісі "Хабар" арнасына сілтеме жасап. Бұл туралы Qamshy.kz хабарлайды.
Қызылордалық Жүзбай Таңрықбаев 10 сотық жерді кезекте бес жыл күткен. Діттегеніне жеткен азамат енді жеке тұрғын үй құрылысымен айналыспақ.
"Үй соғуға арналған жерге қолымыз жетті. Бұл жер үйдің соғу құны өзіміз есептеп көрсек, 4-5 миллион теңге қаражат кетеді екен. Ал ипотекаға алатын үйлер 15-16 миллиондай болады. Сондықтан мына жер үй соғу бізге тиімді болып тұр" - дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Жүзбай Таңрықбаев.
Шынымен, жеке баспана салудан қарағанда, сатып алу нағыз әбігерлік іс. Мәселен, Крыша сараптамалық сайтының мамандары отандық статистика комитеті келтірген деректер негізінде қазақстандықтардың баспанаға қол жеткізулері үшін жалақыларын қанша жыл бойы жинап-теру керек екенін санап шыққан.
Мысалы, орташа есеппен бір пәтер құны 14 миллион теңге делік. Әр өңірдің еңбекақы көлемі әрқалай екенін ескерсек, орта жалақы көлемі 265 мың теңгені құрайтын Атырау облысы тұрғындары баспанаға төрт жарым жыл ішінде қол жеткізеді.
140 мың алатын батысқазақстандықтар пәтерлерін 8 жылдан астам күтеді. Ал бар жоғы 98 мың жалақы көретін Жамбыл облысы халқы тұрғын үйге 12 жыл бойы қаржы жинайды. Бұның өзі халық тамақ пен киімнен, әлеуметтік қажеттіліктен бас тартып, жалақысын тек баспанаға жұмсаса ғана іске асады.
Тұрғын үй тауқыметін шешу үшін мамандар түрлі ұсыныстар айтуда. Соның бірі – құрылыс компанияларының ортақ қоғамдық қорын құру бастамасы. «Қарапайым тілмен жеткізсек, әр қазақстандық азамат осы қорға ай сайын бес жүз теңге салып отырса, жиналған қаржы мердігерлерге бөлініп, баспана қарқыны өсіп, тұрғын үй кезегі тез жылжитын еді», – дейді олар. Әзірге бұл тек ұсыныс қана.
Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша берілетін үйлер Астананың сол жақ жағалауында 2007 жылдан бастап салынған. Одан бері 16 мыңнан астам адам баспанамен қамтамасыз етілді. Олар – мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлер және жас отау бағдарламасының қатысушылары. Мысалы, өткен жылдың өзінде Астанада 4000 пәтер берілген. Алайда ішкі миграцияға байланысты берілетін өтініштердің саны одан да көп. Қазір 42 мыңға жуық адам тұрғын үйден әлі дәмелі.
"Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болғандықтан, қазір тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі де жеңілдетілген. Енді бұрынғыдай құжат қабылдау кезінде ұзын-сонар кезекке тұрмай, өтініштерді электрондық түрде е-astana.kz сайтына тіркеліп, тізімге ене алады" - дейді Астана қаласы тұрғын үй басқармасының бастығы Руслан Ахметов.
Еліміздегі пәтер алудың тиімді жолдарының бірі – "Тұрғын Үй Құрылыс Жинақ" банкінен ипотека алу. Соңғы 8 жылда осы бағытта елімізде жалпы көлемі 4 миллион шаршы метр болатын 55 мың 694 пәтер салынған. 2005 жылдан пәтерлер көптеп салына бастады. 25 мың. Ал биыл 7 мың пәтер тапсыру жоспарланып отыр.