Игі бастама қашан да өміршең

/uploads/thumbnail/20170709051425015_small.jpg

Негізі, кез-келген дүние салыстырудан тұрады. Осы ретте қалалық әкімдіктің әр жылдардағы жұмыстарын көзбен көріп, көңілмен бақылап отырған алматылықтар бұл тұрғыдағы жұмыстарды өздерінше таразылап отыратыны жасырын емес. Сондықтан да атқарылып жатқан жұмыстар назардан тыс қалып жатады деп айтуға бола қоймас.

Бұл ретте биылғы жылы да халықтың жадында қалған оқиғалар көп болды деп айта аламыз. Атап айтқанда, соның бірі 2016 жылдың 31 мамыры күні Алматы қаласының әкімі «1932-1933 жылдардағы ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына және соның зардабын тартқан азаматтарға» арналған   ескерткіштің ашылатынын, бұл мәселе Елбасының ерекше назарында тұрғанын  мәлім еткен болатын. Шыны керек, сонау 1991 жылдары іргесі қара тас болып қаланып, содан бері назардан тыс қалып, үнсіз-түнсіз тұрған сол орынға еңселі ескерткіш орнатылатыны өте бір орынды да оңтайлы шешім ретінде қала жұртшылығының ерекше қолдауын туғызып еді. Сөйтіп, аталған оң жаңалық ұлттық рухты ұлықтап, талай жылдан бері елдің айта алмай жүрген ойын сыртқа шығарғызып, мойындалмай жүрген қасіретіне ортақтасу болып табылатын. Әрине, мұны моральдық шеңберлер бұзылып, тарих саясаттың ойыншығына айналған уақытта жасалған батыл шешім екендігінде дау болмаса керек.

Тағы бір атап өтетіні, осы жылдың 11 сәуірінде қала әкімі шаһардың Қоғамдық кеңесі алдында есеп берді. Сол арқылы қағаз бетінде тек 2015 жылы ғана пайда болып, іс жүзінде әлі күнге жұмыс істемей келген құрылымға қала басшылығы тарапынан жұмысын жүйелеуге «рұқсат» беріп, «өмірлік билет» ұсынды. Сөйтіп аймақтарда әлі пісіп жетілмеген, тіпті, кей жерлерде жұмыс істемей жатып тарай бастаған бұл игі бастаманың жандануына серпін берді. Сол арқылы олар Қоғамдық кеңестің Алматы шеңберінде өміршең болатынын ашық іспен дәлелдей түсті. Нәтижесінде, саясаттанушы Берік Әбдіғали атап өткендей, «Қала әкімінің сол есебінен соң  Қоғамдық кеңес қала құрылымындағы 25 басқарманың бәрін тексеріске алып, олардың халықпен ашық жұмыс істеуіне жағдай жасады. Әрине, бұл ретте олардың бәрі «жоғарыдан» кедергіге ұшырамай, өз жұмыстарын ашық жүргізіп жатты. Соның арқасында халық пен билік арасы жақындап, қаладағы басқармалар көпшіліктің алдында ашық пікір білдіруге көше бастады. Сөйтіп, неше жылдан бері айтылып жүрген «ашықтық» бағдарламасы Қоғамдық кеңес жұмысы аясында өз көрінісін тапты». Әрине, бұл ретте Қоғамдық кеңес жұмысы тек есеп беру немесе есеп тыңдау секілді тар көлемде ғана шектеліп қойған жоқ, сонымен қатар ол нөпірі қатты заман талабына сай билік пен халық арасындағы «алтын көпір» қызметін атқара бастады. Бұл тұрғыда Алматы қалалық Қоғамдық кеңесі әкімшіліктен қағажу көрмей, оның тек қана қолдауына сүйеніп отырғанын айту керек.

Үшінші мәселе, соңғы кездері көлік қыспағынан құтыла алмай, барған сайын экологиялық жағдайы қиындай бастаған Алматы қаласында көлік мәселесі де батыл қолға алына бастады. Расы керек, жылдар бойы қордаланған проблемаларды бір күнде шешу мүмкін емес, десе де бұл саланы ретке келтірудегі басты жұмыстың бірі - жол шетінде қоғамдық көліктерге арналған арнайы жолақтардың бөлінуі. Сонымен қатар 2016 жылдың 11-қаңтарында «Оңай» төлем жүйесінің іске қосылуы. Автоматтандырылған жүйенің терминалдары барлық қоғамдық транспорт түріне орнатылды, оның ішінде бұл қызметті метрополитенде де қолдануға болады. 10 айдың көрсеткіші бойынша 1 222 657 «Оңай» төлем картасы берілген, оның ішінде 470 012 карта жеңілдікпен алынды. Күн сайын орташа есеппен алғанда 20 млнға жуық қаражат транзакциясы болады. Яғни, бұрын айналымнан тыс қаражатты бақылауға мүмкіндік пайда болды, бұл өз кезегінде салық түсімдерінің артуына себеп болмақ. Сонымен қатар, көлік тұрақтары мәселесін реттеу механизмі ойластырылып жатыр. Жоспар бойынша қаланың 36 аумағында ақылы тұрақтарды іске қосу қарастырылды, әр сағаты үшін шамамен 100 теңге алынады, кейін уақыт өте арттыру көзделіп отыр. Мұндағы мақсат - қала тұрғындарының жеке көлік пайдалануын тиімсіз ету әрі қоғамдық транспорт қызметін пайдалануды арттыру. Әлемнің үздік қалаларының тәжірибесі бұл шешімдердің тиімдігін көрсетті, енді Алматыда сәтті іске асыру бойынша жұмыстар басталады. Бастысы, бұл қаладағы экологиялық жағдайын жақсаруына ықпал етпек.

Әрине, бұл жұмыстар, ерте ме, кеш пе, түбі Алматы қаласында қолға алынатын еді. Сол себептен де аталған «шектеулер саясатын» қала дамуының өте қажет стратегиялық қадамдарының бірі деп білеміз. «Әкімдіктің көңілге жақын, көкейге қонымды ісі, ол – Елбасы тапсырмасын ұдайы назарда ұстап, олардың орындалуын қадағалауы, сол бағыттағы шапшаңдығы мен жеделдігі, яғни, оперативтілігі. Шыны керек бүгінде мұндай қасиет биліктегілерге жетісе бермейді. Ал мұндай әбжілдік, мұндай қасиет қаланың бүгінгі басшылығының ең басты жетістігі болып  отыр. Соның арқасында қаланы су басса да, үйлер қисайса да, талдар құлап, лаңкестер елдің тынышын кетірсе де қала  басшылығы тарапынан жылдам шешімін тауып отырды» -дейді, саясаттанушы Дәурен Бабамұрат.

Міне, көпшілікке елене бермейтін, көп айтыла бермейтін, алатын алғысы аз жаңа басшылықтың осындай көзге көріне бермес игі істерін, соған жауап беретін батыл қасиеттерін өз басым бәрінен жоғары қоямын. Осы ретте мен қала басшылығының жұмыстарын – ұлттық рух, ашық қоғам, өмір сүруге қолайлы және жылдамдық секілді топтарға бөлемін. Ал бұның барлығы шаһар жұртшылығының кең қолдауына ие болып отыр және әлі де ие бола бермек!

Связанные Статьи