Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Жамбыл Ахметбеков Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қ.Қасымовқа депутаттық сауал жолдады.
«Қазақ халқының үштен бірі Қазақстаннан тыс жерлерде, яғни өздерінің тарихи Отанынан жырақта тұрады. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін шет елдерде тұратын ұлты қазақ азаматтардың өз Отанына, ата мекеніне оралуына мемлекеттік дәрежеде қамқорлық жасады, бағдарламалар қабылданды, барлық жағдай жасалды. Соның нәтижесінде қазірге дейін Қазақстанға бір миллионға жақын қазақтар оралып, олардың еліміздің саяси және экономикалық дамуына зор пайдасы тиді. Алайда, 2012 жылдан бастап шет елдерден келетін оралмандарға берілетін квота Үкіметтің ерекше шешіміне дейін тоқтатылды», — деді Жамбыл Ахметбеков.
Оның мәліметінше, 2008 жылдан бері квота тоқтатылғанға дейін оралмандарға 40 млрд. теңгеге жақын қаржы берілді. Бұл олардың орнығып кетуі үшін үлкен қолдау болды. Алайда, квота тоқтатылғанымен ұлты қазақ азаматтар бәрібір өздерінің Отанына бұрған көшін әлі тоқтатқан жоқ. Енді олардың елге сіңісіп, орнығып кетуі үшін жаңа кедергілер пайда болды деп отыр Мәжіліс депутаты.
«Ол көшіп келуші оралмандардың өз сөздерімен айтатын болсақ, көші-қон органдарындағы қағазбастылық пен бюрократизм. Қытай Халық Республикасынан келген оралман Ауыт Мұқибектің арызына қарағанда біздің Көші-қон органдарымыз олардан негізсіз екі анықтама талап етеді: ол анықтамалар: «Келген елінің рұқсат қағазы (келу қағазы) немесе ҚР-на тұрғылықты келуі жайлы рұқсат қағаз» (5) және «Талап қағаз сотталғаны жайлы және әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығы жайлы (16)» анықтамалар. Бұл анықтамаларды Қытайдың құзырлы органдары бермейді, өйткені азаматтарға Төлқұжат берер алдында осы анықтамалар жинақталып, ескеріледі және Төлқұжат тек шетелге шығатын азаматтарға ғана, белгіленген тәртіппен беріледі. Ол Тәртіпті 2007 жылғы 29 сәуірде ҚХР-дің Бүкіл мемлекеттік Халық Құрылтайы бекіткен. «Қазақстанға көшпекші едім, маған және менің отбасы мүшелеріме осы екі анықтаманы бер десеңіз, Қытайдың құзырлы органдары өз заңдарының тармақтарын көрсетіп, көзіңізге шұқиды, қазақ билігінің сауатсыздығын бетіңе басып, мазақ қылады» — деп жазады оралман ағайындар. Яғни, осы Тәртіпке сәйкес ҚХР-ның Төлқұжатын алған азаматтардан бұл анықтамаларды талап ету артық деп есептейді», — деп атап өтті Жамбыл Ахметбеков.
Депутат тағы бір мәселеге тоқтады: «Екінші мәселе, бұрын Қазақстанға жоғары оқу орындарына келіп түскен қазақ жастары, сол оқу орнының жатақханасында тұрақты тіркеуде тұрып, Қазақстанның азаматтығын алатын еді. Сол жеңілдік те біраздан бері алып тасталған. Оқуын бітірген соң жастар Қазақстанның азаматы болмағандықтан келген еліне кері қайтуына мәжбүр болады», — дейді.
Ж.Ахметбеков Ішкі істер министрінен осы мәселелерді зерделеуді, атап айтқанда көші-қон органдары тарапынан аталған екі анықтаманы талап етуді тоқтатуды және Қазақстанға оқуға келген қазақ жастарының жатақханаларда тұрақты тіркеуге тұрып, жеңілдікпен азаматтық алуы мәселелерін қарастыруды сұрады.
Мирас ЫРЫСАЛДИН
qaznews.kz
Оставить комментарий