Бүгін мемлекеттік грантқа ілінген түлектердің қуанышында шек жоқ шығар, иә?! Олардың әке-шешесі мен туыстары да тойлатып жатқан болар? Дұрыс-ақ. Құтты болсын! Жақсы оқысын! Ата-анасы мен ұстаздарының үмітін ақтасын!
Бірақ, біз осы «оқуға түссе болды» деп жүріп мамандық таңдау мәселесіне жеткілікті көңіл бөлдік пе? Баламыздың қызығушылығы мен неге қабілеті барын ескердік пе? Бесінші пән мен оқу орнын таңдаудан бұрын неге ебі барын анықтай алдық па? Олай болмаған жағдайда оқуға түскені бекер боп шығады.
Сенбесеңіздер, айналаңыздағы жастардың өміріне зерттеу жасап көріңізші: еліміздегі әрбір екінші жас (ауылдық жерде үштен екісі) оқуына түк қатысы жоқ салада нәпақаларын тауып жүр. Жұмыс таба алмай жүргендері қаншама?! Сол мамандық таңдау кезінде жіберілген қателіктің кесірі...
Бір маманды даярлауға мемлекет қазынасынан кемінде 2-3 миллион теңге бөлінеді. Оған ата-анасының мойнындағы тамағы, киімі, жүріс-тұрысына кететін қаржысын қосыңыз. Ақшаны қойшы деген күннің өзінде нағыз үйренетін, білім нәріне сусындайтын жастық жалынға толы төрт жыл уақытты айтсаңызшы!..
ПыСы. Қожанасыр баласын көршісінің үйіне ыдысқа жұмсап тұрып: «сындырып алма», –деп желкесінен түйіп қалыпты. –Өй, мұның не? Ол ыдысты сындырған жоқ ғой, деген әйеліне Қожекең: сындырған соң кеш болады деген екен))). Ертерек жазылуы тиіс пост еді. «Ештен кеш жақсы». Мамандыққа қатысты әлі талай дүниемен бастарыңызды қатырамын. Біз әрқайсымыз мықты маман болғанда ғана еліміз өседі, өркендейді, дамиды. Әйтпесе...
Бейсен Құранбектің Фейсбуктегі парақшасынан алынды