Шоқайға мемлекеттік деңгейде құрмет қажет

/uploads/thumbnail/20170708151912210_small.jpg

    Мұстафа Шоқайдың туғанына 125 жыл толуына байланысты соңғы кезде ол кісінің туған жылы туралы әртүрлі пікірлер айтылып қалып жүр. Олай болатын себебі: ол кісінің туған кездегі толтырылған документтері бойынша 7 қаңтар, 1890 жыл болып жазылған. Ал кейбіреулер ескі жыл санау тәртібімен Мұстафаның туған жылын 27 желтоқсан 1889 жыл деп қалып та жүр.

    Шындығында, ауылдағы қа­риялардың, құрдастарының, көз­көргендерінің айтуы бойынша, Мұстекеңнің туған жылы 1886 жыл деп айтылады. Оның туған жылының 1890 жыл болу себебі: Мұстафаны Ташкент гимназия­сына Әліш ағасы алып барғанында жасы өсіңкіреп кетуіне байла­нысты гимназияның тәртібіне сәйкес Әліш ағасы Мұстафаның туған жылын 1890 жыл етіп, жа­сын кішірейтуге мәжбүр болыпты. Яғни Мұстафаның жасын «5 жас­қа кішірейткен» деп әжелеріміз, үлкен әкелеріміз айтып отыратын.

Бұл деректердің жөні дұрыс, өйткені Мұстафаның өзінен кейінгі інісі Нұртаза Мұстафадан 5 жас кіші екен және оның доку­менттері бойынша 1890 жылы ту­ған деп Нұртазаның «Жеке ісінде» де туған жылы дәл осылай жазылған.

Мұстафаның Санкт-Петер­бург университетіндегі доку­мент­терінде де туған жылы 7 қаңтар, 1890 жыл деп жазылған. Сон­дықтан Мұстафаның мерейлік даталарын атап өтерде әртүрлі тәлкектерге салмай-ақ, доку­менттеріне сүйене отырып, туған жылын «7 қаңтар, 1890 жыл» деп есептеймін.

Осынау әлем таныған, елінің тәуелсіздігі үшін күресумен өткен тұлғаға 2015 жылы туғанына 125 жыл толмақшы. Осыған байла­ныс­ты ол кісінің 125 жылдық ме­рейтойын атап өту жөнінде еліміздің әрбір түкпірінен баспа беттерінде бірен-саран мақалалар шығып, аяқсыз қалып жатыр. Дегенмен осындай әлем та­ныған тұлғаға өз елінде мемлекет тұрғысынан не себепті көрнекті етіп Астанамызда немесе Ал­матыда тұғырлы ескерткіш орнат­пасқа? Мұстафа бір ауылдың, немесе Қызылорда облысының ғана азаматы емес, бүкіл түркі әлемінің бетке ұстар, елі үшін жанын пида еткен күрескер, елінің тілеуқоры емес пе?

Қызылорда қаласындағы, туған ауылындағы, Шиелі ау­данындағы, т.б. жерлердегі Мұс­тафаға қойылған ескерткіштер мен көше, мектеп атаулары және айта берсек, Франциядағы Мұс­тафа Шоқайдың тұрған үйінің жанына орнатылған ескерткіш те, жергілікті жердің ұлтжанды, бетке ұстар азаматтары мен мұстафа­танушылардың ынта-екпіні мен қаржысына орындалған жұ­мыстар. Мұстафа ел тәуелсіздігі үшін күресіп өткен ұлтымыздың мақ­танышы емес пе? Сол сияқты ол кісінің мерейлі даталарын ЮНЕСКО деңгейіне де іс-жоспар, бағдарламасына ен­гі­зуге болады ғой деп ойлай­мын. Мұстекеңнің мерейтойын ғылыми-практикалық конферен­циялар өткізіп, тойлап келе жа­тырмыз. Бұл жолы да солай жа­сармыз. Бірақ дегенмен мемле­кеттік тұрғыдағы күрескерге мем­лекеттік деңгейде құрмет көр­сетілсе екен. Алматыдағы Р.Сүлейменов атындағы университеттің про­фессоры Көшім Есмағамбетов Мұстафа Шоқай туралы «Әлем та­ныған тұлға» атты кітап шы­ғарса, қазір ол кезінде Иманғали Тасмағамбетов елге жеткізген Мұстафа Шоқайдың еңбектерінің жүйесі бойынша 12 томдық кітап­тарын аяқтап қалды.

Польшаның ар­хив­терінде де «Прометей» ұйы­мының жұмыс­тары да шағусыз жатыр. Мұстафа Шоқай сол «Прометей» ұйымы­мен тікелей араласып, «Яш Түр­кістан» журна­лын шығарғанын көпшілігіміз білеміз. Мұстекеңнің көп ең­бектері сол архивте жат­қанын мұс­тафатанушы Бақыт Садықова да айтады. Бірақ сол мұрағатқа кірейін десе, қаржы тапшылы­ғынан қиналатынын айтады. Осы жұмыстарды мем­ле­кетіміз болып қолға алуға болмас па екен?

Меніңше, Мұстафа Шоқай­дың 125 жылдығы жетім баланың тойындай емес, мемлекет, ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтіп жатса, ол — ұлтымыздың да, мемлекетіміздің де абыройы.

Базарбай АТАБАЕВ,  медицина саласының құрметтi ардагерi,

«Мұстафа Шоқай» атындағы қордың төрағасы 

"Айқын" газеті

Оставить комментарий

Связанные Статьи