«Алға, Қазақстан!» деп артқа кетіп барамыз

/uploads/thumbnail/20170709052602697_small.jpg

Риодағы қазақстандық спортшылардың жетістіктеріне қуанып жатырмыз ғой. Ал, Қазақстанның өзіндегі жағдай қандай? Дүние жүзілік банк сарапшыларының пікірінше Қазақстан экономикасы құлдыраған үстіне құлдырауда. Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2011 жылы – 7,5% болса, 2012 жылы –5%, 2014 жылы – 4,4%, 2015 жылы – 0,9% болды. Енді ең бір тағдыр талайлы кезең 2016 жыл болғалы тұр.

Кәрім Мәсімов Үкіметі қолға алып жатқан шаралар әлі де экономиканы дөңгелентіп жатқан жоқ. Қазақстан жағдайы сол бұрынғыдай мұнай бағасына өте тәуелді күйде. Жағдай 2017 жылдан бастап қана, онда да Қашаған мұнай кеніші іске қосылғаннан кейін түзеле бастауы ықтимал.

Бұл қиын ахуалдан шығу үшін білім-ғылымға негізделген жекеменшік секторын дамыту, институттарды нығайтып, адам капиталы мен материалдық капиталға барынша мол инвестиция құйылуы керек. Бірақ ондай мол инвестицияны қайдан аламыз? Кім береді? Бұған қосымша АҚШ-та мұнай барреліне 50 доллардан төмендемейтін баға орнығуы, Ресей мен Қытай экономикасының кері кетуі тежелетіндей маңызды тағы екі шарт қажет.

Дүниежүзілік банк сарапшылары жергілікті биліктің «Экономиканы күрт серпілтеміз» деп жар салған мәлімдемелеріне керісінше Қазақстанда соған лайықты ішкі тетіктер бар деп есептемейді. Айталық, «Нұрлы Жол» бағдарламасы қанша тыраштанғанмен ел үшін локомотивке айнала алмаған. Тіпті бағдарламаның өзі сандаған проблемалар туғызуы ықтимал көрінеді. Өйткені, бағдарлама бюджеттен емес, Ұлттық қордан қаржыландырылып жатыр. Экономиканы әртараптандыру шаралары қызық болғанда жеке сектордың емес мемлекеттің үлесін ұлғайтып барады. Бірнеше жыл бұрын экономикадағы мемлекет үлесі 40% болса, былтырғы жылы ол 43% жетті.

Жылдан жылға Ұлттық қордан алынған қаражат көлемі де орасан ұлғайып барады. Кепілдендірілген трансферт мөлшері жылына 8 млрд доллардан аспау керек. Ал Дүниежүзілік банк деректеріне қарағанда 2013 жылы Ұлттық қордан $11 млрд доллар, 2015 жылы 16 млрд доллар алынған. Осылай шектеусіз жұмсай берсек енді бірнеше жылдан кейін «қазанның түбі» көрінері анық.

Қазақстан экономикасы кері кеткені соншалық, Орталық Азия елдерінің арасында аутсайдер болып тұр. Орталық Азияда Өзбекстан (биыл 6,5%) экономикалық көшбастаушы елге айналмақ. Дамушы елдердің жылдық жалпы өсімі 4,4 % болса, Қазақстандыкі 2016 жылы ең мықтағанда 1,1 пайызға әзер жетпек. «Алға, Қазақстан!» деп жүріп алға емес, артқа кетіп бара жатқанымызды қашан түсінеміз?!

Марат Тоқашбаевтың Фейсбуктегі парақшасынан алынды

Связанные Статьи